ЖАСТАРҒА ДЕГЕН СЕНІМ ТАҒЫ ДА КӨРІНДІ

Сейсенбі, 23 Қазан 2018 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 75 рет

Жолдауға қолдау

 

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты өзінің кезекті Жолдауын арнады. Елбасы Жолдауын түсіндіру және насихаттау мақсатында республикалық, облыстық, аудандық ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, жұртшылықпен кездесулер мен талқылаулар өткізуді бастады. Осындай мақсатпен Қазығұрт ауданына Түркістан облыстық ақпараттық-насихаттық топ келді. Кездесуді аудан әкімі Төлеген Телғараев жүргізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Төлеген Сәрсембаев, облыстық қаржы басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев, облыстық сатып алу басқармасының басшысы Ерғали Білісбеков, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Рахмет Бектаев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық ақпараттық топтың лекторы Мүсілім Алдабергенов, ауданның зиялы қауым өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл округі әкімдері, дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары мен мекеме басшылары қатысты.

Облыстық ақпараттық топтың лекторы Мүсілім Алдабергенов Жолдауда қамтылған мәселелерді жан-жақты баяндады. Содан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров, «Қазанның ХХХ жылдығы» атындағы жалпы орта мектебі директорының орынбасары, аудандық өзбек этно-мәдени орталығының мүшесі Бахрам Сабитов және «Жастар ресурстық орталығының» инспекторы Сағи Қыпшақбаев жарыссөзге шықты.

Елбасының әр жылдағы Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауы – еліміздің дамуының болашаққа арналған нақты бағдарламасы болып саналады. Онда –  мемлекеттің келешегі, халықтың әл-ауқаты мен қазақстандықтардың өмір сүруі деңгейін арттыруға қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, алға қойған мақсаттарды жүзеге асырудың негізгі кілті айқындалып көрінеді.Ауданымызға қарасты «Ащыбұлақ» жалпы орта мектебінің базасында Елбасының «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданымызда тұңғыш рет IT-сыныбы ашылды. Бұл да өз кезегінде Жолдауда айтылған тапсырмалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуының көрінісі.

Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да сипаттама берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажеттігін де атап өтті.

Жастар атынан сөз алған С.Қыпшақбаев: «Президентіміз «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептердегі әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтуді тапсырды. Бұл өз кезегінде жас өскіндерді патриоттық тәрбиеге, қылмыс жасамауға бейімдейді. Адам бойына жақсы, ізгілік қасиеттерді сіңіру – мектеп жасынан басталуы керек. Жасөспірімдердің арасында әскери бірлестіктерді құру олардың өмірге ерте бейімделуіне оң ықпалын тигізері сөзсіз. Елдік пен Тәуелсіздіктің киелі көк Туын ХХІ ғасырда асқақтата желбірететін – жастар, біздер боламыз. Бұл дәуір бізді таңдады. Бізге берілген тарихи мүмкіндікті лайықты пайдалана білуіміз керек. Елбасымыздың осы арқылы жастарға деген сенімділігін жаңа Жолдаудан тағы да байқадық. Артылған үміт пен елдің болашағына деген ниет жандана түсті. Осы ретте, барлық әріптестерім мен замандастарымды   «2019 жыл – Жастар жылы» атануымен құттықтай отырып, бірлікпен белсенді жұмыс жасауға, елге қызмет етуге шақырамын!», – деді.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаев кездесуді қорытындылап, Жолдауда айтылған мақсаттар мен міндеттердің орындалуына нақты көңіл бөліп, жұмыс атқару – баршамыздың борышымыз екенін айтты.

Облыстық ақпараттық-насихаттық топ Шарбұлақ ауылы округі тұрғындарымен де кездесті. Шарбұлақтағы мәдениет үйінде болған Жолдау туралы жиынды ауыл әкімі Есімхан Исақұлов жүргізді. Жолдау туралы баяндамадан соң ауыл округінің төбе биі Амантай Құтымбет мен «Шарбұлақ» жалпы орта мектебінің директоры Жанар Жансейітова жарыссөзге шықты.

Қ.ЕРГӨБЕКОВ.