«Астана» халықаралық қаржы орталығы елорда рейтингін көтерді»

Жұма, 23 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 46 рет

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев:

 

0111

 

Мемлекет басшысы іс-шарада сөйлеген сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсімінің ұлттық валютамыз – теңгенің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор екенін және төл теңгемізді енгізу өз қаржы жүйемізді қалыптастырып, мемлекетіміздің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Содан бері Қазақстан экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс деңгейі де артты. Ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске қосылуы – елімізді одан әрі орнықты дамытудың маңызды қадамы, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті рәсімге қатысушыларға әлемдік уран нарығының 20 пайызға жуығын қамтитын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы бүгін ІРО-ға алғаш рет шығып отырғанын айтты.

– Келешекте біз «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Қазмұнайгаз» және өзге де ұлттық компаниялардың активтерін сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. «Астана» халықаралық қаржы орталығы елімізге шет елдердің капиталын тартудың құралына айналып, қор нарығын дамудың жаңа деңгейіне шығаруға тиіс. Мұнда әлемнің үздік тәжірибелері жаппай қолданылып, тәжірибелі серіктестер мен сарапшылар тартылған, сондай-ақ оның жұмысына қатысушылар үшін теңдессіз жағдайлар жасалған, – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев келешекте «Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірдің басты қаржы хабына айналып, Азияның үздік қаржы орталықтарының қатарына қосылуға тиіс екенін атап өтті.

– Қаржы орталығы қазірдің өзінде елордамызға «қаржы астанасы» деген жаңа мәртебе берді. Жаһандық қаржы орталықтарының рейтингінде бас қаламыз тек соңғы жылдың өзінде 27 сатыға көтерілді. Астана тұрғындар мен елорда қонақтары үшін мейлінше қолайлы жағдай жасалатын «ақылды қала» ретінде одан әрі дами береді, – деді Елбасы.

Соңында Қазақстан Президенті мемлекетіміздің барлық бастамалары халқымыздың әл-ауқаты мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтты.