Президент кандидатурасын еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктер бірауыздан қолдады

Дүйсенбі, 10 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 150 рет

НҰР-СҰЛТАН.  ҚазАқпарат - Сайланған Президенттің кандидатурасын еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктер бірауыздан қолдады. Қазақстан халқы Ассамблеясы үндеуі осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «ҚазАқпарат» ХАА құжаттың толық мәтінін оқырмандар назарына ұсынады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуі  

Құрметті отандастар!

Біз - Қазақстан халқы - бәріміз бірге ел өміріндегі тағдыршешті оқиғаның қатысушысы және сол оқиғаны жасаушының өзі  болдық. 

Мерзімінен бұрын өткізілген президенттік сайлауда, бәсекелестік күрестің нәтижесінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының  Президенті болып сайланатын болды.

Оның кандидатурасын Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған болатын.    

Осылайша, Елбасының Қазақстанды тәуелсіздік жылдарында табысты, қалыптасқан және ұдайы дамып келе жатқан мемлекеттер қатарына қосқан стратегиялық бағытының нақты және баршаға түсінікті сабақтастық тетігі белгіленді. Соның арқасында бәріміз де еліміздің тұрақтылығына, қауіпсіздігі мен өрлеуіне сенімдіміз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу»  деп тұжырымдалып, сайлауалды тұғырнамасында көрініс тапқан болашаққа нақты және сындарлы  көзқарасының негізінде сенімді жеңіске қол жеткізді.  

Бұл тұғырнама Қазақстанның барша халқына арналған. Онда қарапайым адамдардың жүрек түбіндегі тілектері мен кәсіпкерлердің үміттері, зиялы қауымның ұмтылыстары мен азаматтық қоғамның   талап-сұраныстары сол қалыптарында көрініс тапқан.

Тұрақтылық, татулық пен келісім, мықты әлеуметтік саясат, ұлтына, діни нанымына, мүліктік жағдайына қарамастан, бар азаматтардың теңдігі - Қасым-Жомарт Тоқаев  тұғырнамасының бұл басымдықтарын әрбір азамат жүрегіне жақын қабылдап, бар ниетімен қолдады.   

Сондықтан Президент Тоқаев ел халқы сайлаған, халықтық Президент болды.  

Сайланған Президенттің кандидатурасын еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктер бірауыздан қолдады. Олардың бастамасы бойынша «Біздің таңдауымыз - бірлік пен келісім!» Қазақстан халқының форумы» деп аталатын ауқымды, жалпыұлттық  акция өткізілді.

Ол барлық қазақстандық этностар тарапынан жаңадан сайланған Мемлекет басшысын белсенді түрде қолдаудың көрнекі, айқын көрінісі болды. 

Сайлау нәтижелері халқымыздың аса жоғары саяси мәдениет, азаматтық кемелдік деңгейін танытып, өздерінің прагматикалық мүдделерінің пайдасына объективті таңдау жасағанын бұлтартпай дәлелдеді.  

Біз Қазақстанның сайланған Президенті Қ.К.Тоқаевтың бұдан арғы жұмысында  барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың  талап-тілектеріне мән беріліп, ескерілетіне сенімдіміз.  

Бүгін Қазақстан халқы өз жеңісін тойлауда!  

Қазақстан халқы Ассамблеясы барша азаматтарды құттықтап, мемлекеттік құрылыстың алда тұрған жаңа мақсаттары мен міндеттерінің айналасында топтасуға шақырады.   

Біз тәуелсіз Қазақстанды қарқынды экономикасы, әлеуметтік әділ қоғамы, баршаға арналған тең мүмкіндіктері мен игіліктері бар мемлекет ретінде дамыту жолындағы ортақ мақсаттарымызға қол жеткізу үшін күш-жігерімізді аямай жұмсауға шақырамыз.

Біздің ендігі басты міндетіміз - Президент Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын елдің әр азаматы сезінетіндей нақты нәтижесі бар салмақты және шынайы істер ретінде жүзеге асыру.

Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық саяси партияларға, қоғамдық ұйымдарға біздің үндеуімізді қолдап, Қазақстан одан әрі игілікті және өркендеп дами беруі үшін кең ауқымды жұмыс істеуге шақырады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы,

Нұр-Сұлтан қаласы,

2019 жылғы 10 маусым