Қазақстан Президентіне құттықтау хаттары мен жеделхаттар келіп түсуде.

Жұма, 21 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 234 рет

 

Бельгия Королі Филипп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті болып сайлануымен құттықтап, жоғары лауазымды абыроймен атқаруына тілектестік білдірді.«Мен Сіздің отандастарыңызға бақ-береке тілеп, екі елді жарастыратын достық пен ынтымақтастықты қолдайтынымды жеткізгім келеді», – делінген жеделхатта.

Сингапур Республикасының Президенті Халима Якоб өзінің құттықтау хатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент сайлауындағы айқын жеңісін оның саяси тәжірибесі мен көшбасшылығына деген халықтың сенімі екенін атап өтті.

Сингапур мен Қазақстан түрлі салалар бойынша тығыз жұмыс істеп келеді. Сіздің ел тізгінін қолға алып, Қазақстанды әрі қарай өркендете түсетініңізге сенімдімін. Екі ел арасында қалыптасқан қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін тығыз ынтымақтаса жұмыс істейміз деген үміттемін, – деп жазды Сингапур Президенті.

Румыния Президенті Клаус Вернер Йоханнис Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы жеңісімен құттықтап, демократиялық жаңғыру үдерістерін жалғастыруда табыс тіледі.

2003-жылғы Румыния мен Қазақстан Республикасының әріптестік және ынтымақтастық туралы Мәлімдемесінің және Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы Келісім негізінде екі елдің қарым-қатынастарының нығая түсетініне кәміл сенемін, – деп жазды Клаус Вернер Йоханнис.

Австрияның Федералдық канцлері Бригитте Бирляйн да өз атынан құттықтау жолдап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа лебізін білдірген.«Екі ел арасындағы қарым-қатынастар мен сындарлы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыра алатындығымызға сенемін», – делінген жеделхатта.

Корея Халық Демократиялық Республикасы Жоғарғы Халық Жиналысының Президиум Төрағасы Чве Рён Хэ Қазақстан Президентіне құттықтау хатын жолдап, жылы лебізін білдірген. Ол өзінің жеделхатында екі елдің ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынастары одан әрі нығая беретініне сенімді екенін айтқан.

Польша Республикасының сенаторлары Гжегож Челей мен Кажимеж Клейна да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап, екі ел арасындағы барлық сала бойынша ынтымақтастықтың жалғаса беретініне мүдделі екендерін жеткізген.

Эстония Республикасының Президенті Керсти Кальюлайд Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті болып сайлауына орай құттықтап, екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірген.«Елдеріміз арасындағы сындарлы және достық қатынастарды алдағы уақытта одан әрі нығайтамыз деп үміттенемін», – делінген жеделхатта.

Бразилия Федеративтік Республикасының Президенті Жаир Болсонару Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған құттықтауында: «Бразилия мен Қазақстан халықтарын берік достық қатынастар мен ынтымақтастық байланыстырады. Біздің соңғы 25 жыл ішінде қалыптастырған серіктестігіміз ортақ құндылықтар мен мақсаттарға негізделген. Халқымыздың игілігіне арналған бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Өзіңізбен бірге жұмыс істеуге дайынмын», – деп атап өткен.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Томас Гремингер          Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтай отырып, өзара тиімді ықпалдастықтың одан әрі кеңейе түсетініне сенім білдірген.

Мен ЕҚЫҰ кеңістігіндегі кешенді қауіпсіздікті ілгерілету барысында Сіздің қолдауыңызға сенемін. Сондай-ақ, біздің әріптестігіміз Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың одан әрі нығая түсуіне септігін тигізетініне үміттенемін, – деп атап өткен Томас Гремингер.

Еуропалық Парламенттің мүшесі Андрей Мамыкин Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған құттықтау хатында Мемлекет басшысының Қазақстанды дамытып, алға қойған ауқымды мақсаттарын іске асыратынына сенімділік танытқан.

Еуропалық Парламенттің мүшесі ретінде мен Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени мәселелерімен айналысу мәртебесіне ие болдым. Сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы даму қарқыны мен белсенділігі жөнінде Еуропаның кең ауқымды аудиториясына үнемі айтып келемін, – деп жазған А.Мамыкин.

Сондай-ақ, құттықтау хаттарын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Роберто Азеведо, Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның Президенті Клаус Шваб, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Ольга Алгаерова, Қызыл крест халықаралық комитетінің Президенті Петер Маурер, Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысы Хоулинь Чжао, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры Михаэль Меллер, БҰҰ Бас хатшысының Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы гуманитарлық әріптестік жөніндегі көмекшісі Рашид Халиков, БҰҰ ЭСКАТО-ның атқарушы хатшысы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Армида Салсиах Алисджабана, БҰҰ Өнеркәсіптік даму ұйымының Бас директоры Ли Юн, БҰҰ сауда және даму жөніндегі конференциясының Бас хатшысы Мухиса Китуйи, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия жөніндегі өкілі, аймақтық орталықтың Басшысы Наталья Герман, БҰҰ-ның Венадағы бөлімінің Бас директоры Юрий Федотов, Бас директордың орынбасары, Еуропа мен Орталық Азиядағы аймақтық өкілі Владимир Рахманин, Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас хатшысы Зураб Пололикашвили,Ресейдің «Роснефть» ҰК Бас атқарушы директоры Игорь  Сечин, С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының ректоры, «Достық» орденінің кавалері Владимир Малышев, ENI компаниясының Бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци жолдады.