Қ.Тоқаев: Шын мәнінде облыс бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде

Жұма, 19 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 143 рет

 

«Шын мәнінде облыс бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Құрылыс жұмысы да жүруде. Бұл жұмысты премьер-министр өзі жиі барып, мұқият қадағалап отыр. Амандық болса, Түркістан біздің тарихымыздың мәдениетіміздің алтын бесігі ретінде қайта қалпына келеді. Керемет сымбатты қала болып шығады деп ойлаймын» деген ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс жұмысына оң бағасын берді.

Аталмыш отырыс барысында облыс басшысы Ө.Шөкеев Мемлекет басшысына облыстың жай-күйі жайлы баяндады. Облыста инвестиция тартумен қатар, туристік жобаларды дамыту қолға алынған. 2025-жылға қарай аймаққа 4-5 млн туристі тарту жоспарланған.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған Ө.Шөкеевтің айтуынша, облыстың ауыл шаруашылығы 4 пайызға дамып, тамшылатып суғару бойынша  1370 гектар жер өңделіп, екі есе көбейту көзделуде.

«Ауыз сумен қамту бойынша өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес, Қасым-Жомарт Кемелұлы» — деген Өмірзақ Шөкеев бұл мәселенің қолға алынып, биыл 43 елді мекенді ауыз су құбырымен қамтамасыз етіп, 7 елдімекендегі тозығы жеткен су құрылғылары жаңартылатынын жеткізді.

Сондай-ақ, аталмыш мәселедегі қамту аймағы 80 пайызға жетеді деген Өмірзақ Естайұлы аймақтағы табиғи газ бен құрылыс мәселелерде де өсім бар екенін баса айтты.