Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды

Жұма, 26 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 384 рет

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, жаңғырта дамытуға үндейтін, іргелі бағдарламалық құжаттың біріне айналып отыр. Еліміздің Тұңғыш Президентінің қаламынан шыққан мақала ауқымынан әлдеқайда кең, көтерілген мәселенің ірі екендігі көпшіліктің назарын өзіне аудара білді.

           Мақаланың өн бойы тұнып тұрған елдің ертеңгі рухани, мәдени өсуінің бағдары, бағдаршамы дерсіз. Әр сөйлемде үлкен мән бар, ой бар, сұрыпталған сөз, іріктелген тіркес, көптен толғандырып жүрген ойдың әсерлі толқынысынан туған тұжырым бар.

            «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ең алдымен, еліміздің Біртұтас ұлт болуын мақсат етіп, соған барар жолдағы ұлттың рухани болмысының мәні қалай болуы керек, нені негізге алып, қандай базалық құндылықтарды сақтауымыз қажет, ертеңгі ұрпаққа табыстар мұрамыздың сипаты қандай болуы керек, бүгінгі жастар мұраты қандай, батысқа еліктеу Еліміздің болашақ межесіне үлгі бола ала ма деген бүгінде қазақ қоғамын іштей толғандырып жүрген басты мәселелердің шешімі мен оның бағдары осы бағдарламада кеңінен қозғалып, тиянақталған.

Аталмыш мақалада «Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деген болатын.

Ал, ұлттық код қайда? Ұлттық код дегеніміз не? Менің ше, ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен астастырыла білген. Тұңғыш Президентіміздің жарық көрген мақаласында ұлттық кодымыздың қатарынан көрінетін ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген, молынан қамтылған.

Ұлттық кодта парыз бен әділдік қатар сомдалып, Ж. Баласағұни, М. Қашқари, А.Яасауи, Абай мен Шәкәрім, Ахмет пен Әлихан, Мағжан мен Міржақып шығармашылығы арқылы халыққа дәріптелген, астары мен арқауы мықты оралымды сөз өрнегімен, ұғынықты тілмен өрілген. Қазақтың ұлттық кодында әділдік тұжырымдамасы ежелгі дәуірден бастап жинақталып, туыстығы жоқ үлкенге деген сыйластық болып танылған. Сыйластық пен ізгілік, ізеттілік пен имандылық қазір енді этикетке айналған тұста, осы ұлттық кодты дамыта отырып, рухани мәдениетімізді жаңғыртуымыз қажет.

Ұлттық кодымызда ұят категориясы бар. Бесіктен белі шықпаған баладан бастап, ұят боладыны айтып өсірген ата-ана баласын жақсылық пен жауыздықтың бөлінетінін айтып, мінезін қалыптастырады. Жауыздықпен күрес пен жақсылықты дәріптеу коды қазіргі мораль мен өнегелік категориясын дамыта түседі.

Н.Ә.Назарбаевтың «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деуінің мәнісін терең түсіну абзал.

                                                                   Бағлан ҚОЖАМЖАРОВА,

Қ.Өміралиев атындағы жалпы орта мектептің тәлімгері.