Кеңесу мен келісу игілікке бастайды

Сейсенбі, 03 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 394 рет

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолда­уында қоғамдағы көптеген маңызды мәселені сөз етті. Соның бірі – партиялы құры­лым процесін жалғастыру. Бұл ретте Президент Nur Otan пар­тиясының өзге де саяси пар­тиялармен серіктесе отырып жұмыс істеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы осы тұста келісіп пішкен тонның келте болмайтынын нұсқап отыр. Яғни, Nur Otan партиясы нағыз қоғамшыл, нағыз халықшыл партияға айналуы тиіс. Ол үшін барлық мүмкін­діктерді тиімді пайдаланып, өзге де саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстармен біте қайнасып, бірлесе әрекет етсе, ұтымды болары анық. Халық­тың сенімін ақтаудан басқа ұлы мұрат жоқ. Бүгінгі нұро­тан­дықтар осы сөздің түп-төр­кінін терең ұғынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге барынша атсалысатын болады. Ел түрлі қиындықтар мен кедергілерге ұшырағанда Nur Otan-ға үміт артып, көмек сұ­рап келеді. Өткен 8 айдың өзін­де біздің облыстық Қоғам­дық қабылдауға 5 204 арыз-шағым түскен. Мұнда көтері­л­ген мә­селенің басым бөлігі ше­­шімін тауып, тиісті көмек көр­сетілді. Дегенмен қорда­лан­ған мәсе­лелер жеткілікті. Оны бә­ріміз келісім үстелінде кеңесе оты­рып шешкеніміз дұрыс. Ха­лық­пен байланыс жаңаша формат­та жандануы тиіс. Рас, соңғы жылдары түйінді түйткілдер мінбелерде емес, көшелерде талқыланатын бо­лып жүр. Яғни елімізде азамат­тық қоғаммен диалог әлі дұрыс орныға алған жоқ. Билік пен халықтың арасында қоғамдық диалог дұрыс орнықпаса, елі­міздегі татулық пен тұрақты­лық туралы сөз қозғау бекер болады. Сондықтан әрбір мем­лекеттік қызметкер осы байла­ныстың дұрыс орнығуына өзіндік үлес қосуы тиіс. Әрбір мемлекетшіл азамат халықтың мұң-мұқтажын тыңдаудан қашпау керек. Билікке түйінді түйткілді дер кезінде көре білетін, оның шешілу жолын таба білетін азаматтар қажет. Сонда ғана кез келген түйткілдің түйінін тарқатуға болады. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең басты қасиет» деген қанатты сөзі біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен па­расат халқымызды үнемі ал­ға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Бар­лығымыз бірге болсақ еліміз бұдан да зор табысқа жетеді деп сенемін» деді. Елдің дамуын әрбір отбасы сезінгенде ғана берекелі қоғам орнайды. Ал баспаналы болу – соның басты шарты. Бұл ба­ғыт­та соңғы жылдары нәтижелі жобалар жүзеге асуда. Түркіс­тан қаласының өзінде өткен аптада 700-дей әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған отбасы баспанаға қол жеткізді. Бұл жұмыстар еселенері анық. Мемлекет басшысы жеңіл­детілген салық жүйесі, биз­нес­ке қолайлы жағдай жасау, әлеу­меттік-мәдени саланы қолдау, бала құқығын қорғау бағытта­ры бойынша еліміздегі басты проблемаларды атап көрсетті. Енді осы түйткілдерді тарқату үшін жұмылуымыз қажет. 

Aikyn.kz