қасым-жомарт тоқаев: «Қазақстанның экономикасы үдемелі өсімді сақтап қалады»

Дүйсенбі, 30 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 82 рет

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен Тұрақты даму мәселелері жөніндегі жоғары деңгейлі Форумында Қазақстанның басты мемлекеттік саясаты туралы айтты.
«Біздің еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясатының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму міндеттемелеріне толықтай сәйкес келетінін айта аламын. Әлемдік нарықтың әралуандығына қарамастан Қазақстанның экономикасы үдемелі өсімді сақтап қалады», - деді
Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тұрақты экономикалық өсімге, инклюзивті қоғам құруға, таза экологияны сақтауға және тиімді әрі есеп беретін институттар құруға қол жеткізе алатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы осы міндеттерді жүзеге асыру аясында, «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қолға алынғаны туралы айтты. Оның басты міндеті - үкімет пен халық арасындағы диалогты қамтамасыз ету. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы білім жүйесін жаңғыртудың, жасыл және цифрлы экономиканы, қарқынды түрде инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына баса назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттар жалпы адамзаттың өркендеуі мен экономикалық жетістіктерге жетудің қуатты қозғаушы күші болмақ. Қазақстан Президенті біздің елдің тәжірибесінде Тұрақты даму мақсаттарының 80% Қазақстанның стратегиялық бағдарламаларында көрсетілгенін атап өтті.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының Жалпы дебаттарында сөз сөйледі. БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария Президенті Румен Радевпен, Польша Президенті Анджей Дудамен, Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен, Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат