Елбасы Қазақстанның талантты жастарымен кездесті

Бейбенбі, 28 Қараша 2019 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 705 рет

 

Елбасы Тұңғыш Президент Қорының лауреаттары және Қазақстанның талантты жастарымен кездесті, деп хабарлайды elbasy.kz.

Кездесу барысында жас көшбасшылар Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің жетістіктері мен түрлі салалардағы жаңалықтары туралы айтып берді.

Адами капиталды дамытудың маңыздылығын айта келе, Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаһандық дамудың заманауи қатерлері мен әлемдік трендтеріне тоқталды.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев жастарға одан әрі өсуге тең жағдай жасау үшін қолға алынып жатқан шаралар туралы айтты.

– Жастар жылы аясында талантты және қабілетті жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған «Ел Yмiтi» бастамасын ұсындым. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент қоры қолға алып, мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Қазір Қор ауқымды трансформация кезеңін өткеруде. Қор білім беру, әлеуметтік даму және жастар бастамаларын жан-жақты қолдау құрылымына айналады, - деді Елбасы.

Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Ел Yмiтi» бастамасы аясында алдағы атқарылатын жұмыстардың маңызды бағыттарына тоқталды.

– Біз студенттердің қабілеттері мен кәсіби бағдарын анықтайтын кешенді жүйе құрамыз. 2020 жылы барлық өңірлерде оқушылардың қабілеттері мен кәсіптік бағдарын ерте анықтайтын арнайы орталықтар ашылады. Онда дарынды балалардың қабілетін диагностикалаудың үздік әлемдік тәжірибеге негізделген заманауи әдістері қолданылатын болады, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы жақын арада елордада үздік білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін болашақ мамандықтардың орталығы мен арнайы ақпараттық алаң құрылатынын айтты.

Жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев ауыл мектептерін қолдау бойынша жоспарланған шараларға тоқталды. Мәселен, Тұңғыш Президент Қоры бағдарламасы аясында «Мың бала» олимпиадасы ұйымдастырылады. Нәтижесінде ауыл мектептеріндегі 1000 үздік оқушы талантты балаларға арналған «Дарын» мектептерінде білімін жалғастыруға мүмкіндік алады.