МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҚАЗЫҒҰРТТА БОЛДЫ

Сейсенбі, 14 Қаңтар 2020 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 69 рет

 

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Байділдә Жылқышиев Қазығұрт ауданына келіп, аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының төрағасы Т.Телғараевпен, аудандық мәслихаттың депутаттарымен кездесіп, еркін форматта ашық әңгіме өткізді. Ол Қазығұрт ауданындағы туындап, шешімін таппай жүрген, депутаттарды мазалаған, өзі арқылы жоғарғы билікке жеткізгісі келетін мәселелерді тыңдап, көптеген сауалдарға жауап берді. Кездесуде агроқұрылымдарды ірілендіру, шабындық және жайылымдық жерге байланысты дау-дамай, субсидия, жанар-жағар май алу және басқа да мәселелер туралы сөз қозғалды.

Сонан соң Мәжіліс депутаты Шарбұлақ ауылы округіндегі «Сапа – 2002» ЖШС-інде болып, элиталық тұқым өндіруші серіктестіктің жетістіктерімен, май өндіру цехымен танысты. Серіктестік директорының орынбасары Ерәлі Әшір әрі қарай он мың бас уақ мал (қой) бордақылау алаңына бастап, өткен жылы етпен еліміздің көптеген облыстарын қамтамасыз етіп қоймай, Ресей мен Өзбекстанға экспортталғанын баяндады. Б.Жылқышиев серіктестіктің жұмыстарына ризалық білдірді.

Мәжіліс депутаты Тұрбат ауылы округі орталығындағы Ысмайыл атаға зиярат етті. Құран бағышталды. Жергілікті өлкетанушы Бахрам Сәбитов ауыл округіндегі қасиетті орындарды таныстырды.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.