Мәдениет ошақтары бос тұрмауы керек

Дүйсенбі, 03 Ақпан 2020 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 311 рет

                    

83147974 626665478081739 2924335007260475392 n

 

           Аудан әкімі Т.Телғараевтың және барлық ауыл округі әкімдерінің жыл сайынғы халық алдындағы есеп беру кездесулері басталып кетті. Биылғы аудан, ауыл округі әкімдерінің есеп беру жиыны жаңа форматта өтті. Ең әуелі өңір басшысы Ө.Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасы аясында аз қамтамасыз етілген Ақбастау елдімекенінің тұрғыны Құралай Мырзабекова мен Тұрбат ауыл округіндегі Өндіріс елдімекенінің тұрғыны Гүлжамал Жүнісованың отбасына азық-түлік себеттерін тапсырды.

82767752 2522564291352952 4753553010167119872 o

Алдымен Шарбұлақ ауыл округінің мәдениет үйінде ауыл әкімі Ж.Үсенбеков пен аудан әкімі Т.Телғараев ауыл тұрғындарына есеп берді. Шарбұлақ ауыл округінің әкімі Ж.Үсенбеков атқарылған жұмыстар жайлы егжей-тегжейлі тоқталып өтті. «Жасыратыны жоқ ауыл халқы ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысып, күнелтіп отыр. Ауыл округінде жеке кәсіпкерлік саласы да дамып келеді. «Сапа» шаруа қожалығы 4 асыл тұқымды бұқа алып, «Сыбаға» бағдарламасы аясында 200 сиыр бағуда. Ауыл округінде «Сапа – 2002» ЖШС-і қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын /1755 бас/ және «Сапа» шаруа қожалығы қазақы жылқысын /1355 бас/ асылдандырған. Ауыл округінің бір азаматы 4,426 000 теңге несие алып, ауыл тұрғындарынан сүт өнімін жинап, «Фудмастер» ЖШС-іне 71,2 тонна өткізді. «Құлан» бағдарламасы бойынша Қазақбаев Ергеш 25 жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша Сайлауов Сабыр 100 қой, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Балтабай – ата» шаруа қожалығының төрағасы Сыздықов Серікбай 40 ірі қара мал алды. «Бекберді» шаруа қожалығы ашық топырақта көкөніс дақылын егіп 10 гектар жерді тамшылатып суғару әдісін қолданса, жеке кәсіпкер Арапбаев Мүсірәлі 10 гектар жерге көкөніс дақылын тамшылатып суғару әдісімен суғарды және 10 гектар жер телімі ауыл округіне қарасты ҮКМК бойында орналасқан шартты суғармалы жерге егілген көкөніс дақылдарының есебінен 10 гектар жер телімі тамшылатып суғару әдісі қолданылды», – дейді ауыл әкімі Ж.Үсенбеков.

            Мұнан кейін аудан әкімі Т.Телғараев аудан тұрғындарын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелерімен таныстырып, ауыз су, ауыл шаруашылығы, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері, жұмыспен қамту мәселелері жайлы айтып өтті. Мұнан кейін жарыссөзге Шарбұлақ ауыл округінің төбе биі Құтымбет Амантай шықты. Қос әкімнің есебін тыңдаған ауыл халқы қанағаттанарлық деген баға берді. Тұрғындардың басты сауалдары жарық, асфальт, көгілдір отын төңірегінде болды. Ақбастау ауылының ауыл биі Оралбек Орынбайдың білім ошағы жайлы көтерген мәселесі назарда екендігі айтылды.

           Ал, мұнан кейінгі кездесу Тұрбаттағы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Аудан әкімі Т.Телғараев көп балалы отбасыларды қолдау мәселесі назарда екендігін, жаңадан жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары, өндіріс пен ауыл шаруашылығы осы және өзге де салаларға қатысты өзекті мәселелер жайлы жан-жақты айтып өтті. «Ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтатын жаңалықтар жетерлік. Өткен жыл ауыл шаруашылық қызметкерлері үшін қолайлы болды. Еңбек өнімділігі артты. Енді, ауданымыздан олимпиада чемпионы шықса деген үмітіміз бар. Сондай-ақ, ауыл, аудан орталықтарындағы мәдениет үйлері бос тұрмастан, халқымыз үшін қалтқысыз қызмет етуі керек», – деген аудан әкімі Т.Телғараев алда атқарылатын жұмыстар жайлы бөлісті. Ал, Тұрбат ауыл округінің әкімі С.Атымтаев: «Ауыл шаруашылығы саласы бойынша барлық егістік жер көлемі 5737 га, одан егістік егу тапсырмасы 4950 га болса, 4982 га болып артығымен орындалды.

   Барлығы дәнді егістен 2464 га егіліп, орташа 23,5 центнер, яғни, 5741 тн, 1991 га бидайдан 4618 тонна, гектар түсімі – 23,1 центнер, 472,7 га арпадан 1123 тонна, гектарына 23,7 центнер өнім алынды. 271 гектарға мақсары егіліп, 163 тонна өнім алынды.

   Жылыжай шаруашылықтарын дамыту 9,37 гектарға, 188 пайызға ұлғайтылып, тамшылатып суғару әдісін ендіру 30 га (100 пайыз) болып, жүзім, жаңғақ, таңқурай шаруашылығын дамыту 100 пайызға орындалды. Мал шаруашылығы өнімдерін арттыру бойынша сүт (мың тонна) 2366 кг, 100 пайызға, ет өнімдері (мың тонна) 2,4 тонна 100 пайызға, жұмыртқа өндіру 0,6 млн болып 100 пайызға орындалды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 бас ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 280 бас ұсақ мал, «Құлан» бағдарламасы бойынша 25 бас жылқы алынып, мал тұқымы асылдандыруда. Сонымен қатар 4 шағын мал бордақылау алаңы және 2 шағын сүт фермасы ашылды», – деп атқарылған жұмыстарына тоқталып өтті.

Жарыссөзге шыққан Тұрбат ауыл округі ардагерлер Кеңесінің төрағасы, Социалистік Еңбек ері Төле Ағабеков, Тұрбат ауыл округінің өзбек мәдени орталығының белсенді мүшесі Бахрам Сабитов, Тұрбат ауылының биі Мырзарахим Жұмабеков, жеке кәсіпкер Н.Қадіров аудан әкімі мен ауыл әкімінің есебіне оң баға берді.

Ауыл тұрғындары аудан әкіміне көкейде жүрген сауалдарын ауызша және жазбаша жолдап, тұщымды жауаптар алды. Аудан басшысы кей сауалдар жөнінде жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, өзінің назарда ұстайтындығын жеткізді.

                                                                              Ғазиза ҚОЙЛЫБАЕВА.