«NUR OTAN» БАҒДАРЛАМАСЫНДА МӘДЕНИ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУҒА ЫҚПАЛ ЕТУ КӨЗДЕЛГЕН»

Жұма, 15 Қазан 2021 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 127 рет

495b4a420fcfb152ffb884470f5973f4 XL

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірде партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысымен танысып, бірқатар әлеуметтік, мәдени нысандарда болды. Сондай-ақ, Түркістан музыкалық драма театрына барып, белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің пьесасына қойылған «Бөрте» спектаклін тамашалады, – деп хабарлайды «ҚазАқпарат» аталмыш саяси ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше жыл бұрын Түркістанды жаңғырту туралы қабылдаған тарихи шешімі киелі қаланың өркендеуіне зор серпін берген ерекше маңызды оқиға болды. Түгел түркі тәу етер көне қала жаңа мәртебеге ие болғаннан кейін құрылыс қарқынды жүріп, қысқа уақытта шаһар келбеті қайта түледі. Зәулім ғимараттар мен заманауи әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтерді. Солардың бірі – қасиетті қалада Елбасының қолдауымен салынып, пайдалануға берілген Түркістан музыкалық драма театры. Бұл мәдени нысанның ашылу рәсіміне Тұңғыш Президенттің өзі арнайы қатысып, театр ұжымымен кездескен болатын.
– Оңтүстік өңірге жұмыс сапары барысында осынау өнер ордасына барып, театр шымылдығын тұңғыш ашып отырған белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің пьесасына қойылған «Бөрте» спектаклін тамашаладым. Көрермендер қатарында республикамыздың белгілі зиялылары, мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ өңірдің кәсіпкер меценаттары түгелдей дерлік болды. Қойылымға арқау болып отырған Бөрте – әлем тарихындағы бірегей тұлға, дүниені дүр сілкіндірген ұлы қолбасшы Шыңғысханның жан жары. Қазақ хандығын әйгілі Алтын Орданың ізін басқан мұрагері санасақ, оның негізін қалаған Жошы ханның анасы – осы Бөрте ханым. Осынау ғажайып тұлғаның өмірін өзек еткен бұл қойылым тарихи астары терең, тәрбиелік мәні зор туынды ретінде көрермендердің көңілінен шығып, өрісті болатынына сенімдімін. Кез келген қаланың мәні мен мазмұнын арттыратын, интеллектуалдық деңгейін өсіретін сала – мәдениет, білім ошақтары мен көрнекті орындар. Осыған орай «Nur Otan» партиясының Түркістан қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасында туристік нысандар мен киелі орындарды дамыту, Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру, көрнекті тұлғалары мен тарихи мұраларын танымал ету секілді көптеген жобаларды іске асыруға ықпал ету көзделген. Қазіргі таңда Түркістан музыкалық драма театры, «Ұлы дала» орталығы, «Farab» кітапханасы, Этноауыл, «Керуен-сарай» туристік кешені және т.б. іске қосылған. Қашанда «Nur Otan» игі істердің басынан табылып, елге қажетті бастамаларды тынымсыз атқара бермек, – деп жазды Бауыржан Байбек Instagram-дағы парақшасында.