ЕЛБАСЫ – ЕЛ ТІРЕГІ

Жұма, 10 Желтоқсан 2021 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 94 рет

1      Президент

1-желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Бұл күн қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды.
Тарих беттерін парақтар болсақ 1991-жыл – еліміз үшін жаңалықтар мен өзгерістерге толы болды. Өйткені, қазақ халқы көп жылдар бойы тәуелсіз ел болуды армандады. Міне, осы арман жолында Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ­Семей ядролық полигоны жабылды, қауіпсіздік кеңесі және мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Ал, 1991-жылдың 1-желтоқсанында алғаш рет жалпыхалықтық сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел Президенті болып сайланғаны баршамызға мәлім. Ал, 16-желтоқсан күні еліміз өз тәуелсіздігіне ие болды. Елдің ауызбіршілігі мен бейбіт өмірдің арқасында мемлекет ретінде дамуға мүмкіндік алып, алға қарай нық қадам бастық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясаты мен еліміздің дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегінің арқасында еліміз аз уақытта әлемдегі беделді мемлекеттер қатарына қосылды. Бейбіт саясат пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз етті. Бұл жолда еліміздің әрбір азаматы аянбай еңбек етті. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, 30 жылдың ішінде еліміз әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын паш етіп отыр.
Айтулы мерекеге орай, аудандық мәдениет сарайында «Елбасы – ел тірегі» атты салтанатты іс-шара болып өтті. Мерекелік шараға қатысушылар алдымен аудандық Қ.Өмірәлиев атындағы аудандық орталық кітапхананың «Елін әлемге танытқан Елбасы» атты жылжымалы кітап көрмесін тамашалады. «Балауса» халықтық би ансамблі өз өнерлерін, мәдениет сарайының өнерпаздары мерекелік ән шашуларын арнады.
Іс-шара барысында сөз алған аудан әкімі Арман Айдарұлы: «Міне, биылғы жылы еліміздің бақытын тербеткен Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Еліміз Тұңғыш Президенттің бастамаларын қолдай отырып, үлкен белестерді бағындырды. Мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы абыройы уақыт санап артып келеді. Мұның барлығы да бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы Тұңғыш Президентіміз – Елбасының еселі еңбегінің, көреген саясаты мен жасампаздығының жемісі деп білемін. Осынау ел халқының бірлігі мен берекесін ұлықтап, мемлекеттің мерейін асыратын мереке күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін», – деп, Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан және қоғам өміріне белсене қатысқан азаматтарды аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев пен «Социалистік Еңбек Ері» Төле Ағабеков мерекеге жиналған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, аудандық мәслихаттың және «2021-жылғы ұлттық халық санағының» өтуіне ерекше үлес қосқаны үшін Түркістан облысы бойынша статистика департаменті басшысының «Алғыс хатын» бірқатар азаматтарға табыстады.


Олжас ЗАИРОВ.