АЛТЫН КҮЗ – ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ МЕРЕКЕСІ

Жұма, 10 Желтоқсан 2021 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 482 рет

5        Алтын күз

Қазақстанның халық шаруашылығының ең негізгі маңызды саласы ауылшаруашылығы болып табылады. Еліміз егемендігін алғаннан кейін мемлекет басшысы мен үкіметтің арқасында мемлекетіміздің ауылшаруашылығы саласы өркендеп, дамып келеді. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар жасалып, осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл орайды ауданымыздың шаруалары егін және мал басын көбейтіп, жеміс-жидек, бау-бақша, көкөніс дақылдарын егуде еселі еңбек етіп, бірқатар табыстарға қол жеткізді. Соның нәтижесінде ауданымызда өнім алу көрсеткіші ұлғайды.
Аудандық мәдениет сарайында ауылшаруашылығы қызметкерлері мен еңбек­керлеріне арналған «Алтын күз – 2021» мерекесі салтанатты түрде аталып өтілді. Ауылшаруашылығы саласының жетістіктері баяндалған  мерекеде азаматтарды аудан әкімі А.Абдуллаев, аудандық мәслихат хатшысы Ө.Көпеев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Г.Тәжібаева, «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Исақұлов мерекемен құттықтап, саланың үздіктерін марапаттады.
– Аудан көлемінде биылғы жылы 88 650 гектар жерді игеру жоспарланса, бүгінгі таңда 90 328,5 гектар жер егілді. Яғни ,101,9 пайызға орындалып отыр.
Осыған байланысты облыс орталығында өткен салтанатты жиында «Алтын күз» мерекесінің қорытындысы бойынша «Астық өндіруден», «Қой шаруашылығын асылдандырудан» және «Тамақ өндірісіне ивестиция тартудан», жалпы 3 номинация бойынша озат аудан атанып отырмыз.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Нұралы Әлімбаев, «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен Нұрбай Қалдыкөзов, Түркістан облысы әкімінің «Озат астық өндіруші» номинациясы және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасымен Ерәлі Әшір марапатталды.
Аталған жетістіктердің барлығы үлкен еңбек пен зор ізденістің нәтижесі. Бүгінгі мерейлі мерекеде аудан халқының атынан ауылшаруашылық саласында еңбек етіп жүрген азаматтар мен ардагерлерге ерекше алғысымды және ризашылығымды бiлдiремін. Аудан еңбеккерлерінің ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарына табыс тілеймін. Қамбамыз алтын дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың ырыс-несібесі арта берсін, – деді мерекемен құттықтаған аудан әкімі А.Абдуллаев.
Мереке барысында ауылшаруашылық саласында еңбектерімен жоғары көрсеткіштерге ие болған аудан еңбеккерлері мен ауданымыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Мәдениет сарайының әншілері мен «Жұлдыздар» халықтық би ансамблінің мың бұралған бишілері ән-билерімен шаруа шаттығын еселеп, көпшіліктің көңілін көтерді.

Олжас ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ.