ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДА БІРГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕЙІК

Жұма, 25 Наурыз 2022 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 154 рет

54ab8105-2872-4972-b567-57f53e7a14cf

16-наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария етті. Президент Жолдауы Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жасалып, негізінен ел өміріндегі саяси және әлеуметтік-экономикалық даму реформалары жөніндегі тың өзгерістер таныстырылды.
Кешегі тәй-тәй басқан еліміз, қазіргі таңда аяғын нық басып, қадамы алшақ, өз бағытына сенімді, мығым мемлекетке айналып отыр. Еліміз – тыныш, халқымыз – бақытты. Басқа кейбір елдердегідей лаңкестік әрекеттер біздің жерімізде болмаса екен, аспанымызды қара бұлт торламаса екен, – деп тілейміз.
Жолдау кіріспесінде қасіретті қаңтар оқиғасына талдау жасаған Қасым-Жомарт Кемелұлы, болашақта бұндай зобалаңды болдырмау үшін мемлекет пен қоғамның тұтастай бірлігі қажеттігіне баса мән берді. Қаңтар қасіретіне жан-жақты сараптама жасаған Мемлекет басшысы, алдағы уақыттарда тергеу және тексеру жұмыстары толықтай аяқталатынын да еске салып өтті.
Сонымен қатар, ел Президенті Жолдауындағы аса ауқымды жаңалықтар, әкімшілік-аумақтық өзгерістерге қатысты Алматы облысының екіге бөлінуі, Ұлытау, Жетісу өңірлері дүниеге келуі және алты алаштың орталығы Семей қаласын Абай атындағы жаңа облысқа беру біздегі бұрын-соңды болмаған баяны мол өзгеріс дер едім. Президент Жолдауы мемлекетімізді мүлдем жаңа бағытқа, жарқын жетістіктерге жетелейтінін аңғардық.
Бірлігі берік, ырысы мен ынтымағы жарасқан жасампаз ел болуды жазсын құрметті ағайын. Жолдауды-қолдау арқылы мемлекет дамуына күш біріктіріп, ел игілігі жолында бірге қызмет етейік!

Айбар ТОЙЛЫБАЕВ,
Қазығұрт аудандық сотының
бас маманы, сот мәжілісі хатшысы.