ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУ – ПАРЫЗЫМЫЗ!

Жұма, 25 Наурыз 2022 00:00 Жарияланды Саясат Оқылды 162 рет

IMG 224465

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының маңызы өте зор. Оны тыңдаған әр азаматтың болашаққа деген үміттерін жандандырып, бір серпілткені анық. Президент сөзін қаңтар оқиғасы және оның нәтижелеріне тоқталумен бастады. Бұл оқиғаның жылдар бойы елімізде заңсыз қызмет жасаған топтардың жоғары билікке қол жеткізу мақсатында төңкеріс жасауға ұмтылған іс-әрекетінің нәтижесі екенін атап өтіп, ендігі кезекте мемлекет органдарымен қоса, тәуелсіз комиссия тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын және де осы оқиғаға қатысты кез келген адам лауазымына қарамай қатаң жазаға тартылатынын мәлімдеді. Жолдаудың ерекше жаңалығы елдің саяси жүйесін өзгерту туралы реформаның екі жолының ұсынылуы:
а) елдегі демократияны жүйелі дамыту және мемлекеттің саясаттағы, экономикадағы бәсекелестікті орнату;
ә) күшті президенттік басқару және ықпалды парламенттің рөлін күшейту.
Бұл мәселеде бұрынғы заң бойынша президенттік басқаруға берілген артықшылықтарға заң жүзінде шектеулер қойылатыны атап айтылды. Сенаттың, Мәжілістің және мәслихаттың құзыреттіліктерін күшейту және олардың жұмысының барлығы халықтың әл-ауқатын көтеру жолында реформалануы керек. Ол үшін сайлаудың нағыз халықтық болуы, халқымыздың сайлауға деген көзқарасының өзгеруі маңызды. Бұл жолда БАҚ-тың жұмысына да өзгеріс жасау қажет. «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек... Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек.
Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды...
Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек», – деді Қ.К.Тоқаев.
Еркіндік және бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігі, мемлекеттік емес ұйымдардың қызметіне қолдау көрсету, елдегі азаматтық белсенділікті қалыптастыру барысы Ұлттық құрылтай құрумен тікелей байланысты екенін қуана қолдаймыз. Себебі, бұл ұйымда еліміздің барлық аймақ өкілдері болады.
Болашақта даму тек орталық қалалар ғана емес, бүкіл Қазақстан өңірінің көркеюіне мүмкіндік туады. Жолдаудағы елдің әкімшілік-аймақтық құрылымын қайта құру идеясы халықтың тек экономикалық жағдайын ғана емес, жалпы ұлттық мүдде, рухани ошақтарды жандандыру, өткен тарихты дұрыс бағалау мәселелерін көтеріп отыр. Президент елімізде жаңа үш облыс ашылатынын мәлімдеді. Олар – Абай облысы, орталығы – Семей қаласы, Ұлытау облысы, орталығы – Жезқазған қаласы, Жетісу облысы, орталығы – Талдықорған қаласы. Ал, Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы егер ел Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімін беруге ұсыныс жасаса, қолдайтынын да атап өтті. Сондай-ақ, осы Жолдауында әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты санкциялардың әсері, ұлттық валютаны бір қалыпта ұстау, спекуляцияға жол бермеу туралы да тілге тиек етті. Президент геосаясатқа да тоқталып, бүгінде геосаяси жағдайдың нашарлауы экономикаға кері әсерін беріп жатқанын да ашып көрсетті. Сөз соңында Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқының бүгінгі бақытты, болашағы кемел болуына бар күшін жұмсайтынын айта келіп, халықты жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Әрине, Президенттің бұл ұсыныстарының іске асуы үшін, ең бас­тысы, әр адам өзін өзгертуі керек. Әрбір Қазақстан азаматының белсенділігі, ұлттық мүдде жолында ауызбіршілік танытуы, Президент айтып отырған жаңа саяси мәдениетті көрсетеді. Барлығымыз жаңа Қазақстанды құруға белсенділік көрсету болашақ алдындағы парызымыз деп білейік.

Сейдулла СЕҢГІРБАЕВ,
Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы», «Қазығұрт тынысы» газеті» ЖШС-інің директоры.