Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысқан кеңес өтті.

Жиын барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайыловтың, Премьер-Министрдің орынбасарлары Ж.Қасымбек пен Г.Әбдіқалықованың, Алматы қаласының әкімі Б.Байбектің және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың есептері тыңдалды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты екенін және мемлекеттік бағдарламалардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, кейбір бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

– Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дана саясатының арқасында ең қиын кезеңдерге табысты төтеп беріп, экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз еттік және халықтың әл-ауқатын арттырдық. Қазіргі таңда осы қарқынды сақтауды, жұмыс тәсілдерін жетілдіруді және жүктелген міндеттерді сапалы орындауды қамтамасыз ету қажет. Басты мақсат – азаматтарымыздың әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін арттыру, – деді Қазақстан Президенті.

Басқосу соңында Мемлекет басшысы экономиканың өсімін, инвестиция тарту ісін қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, өңірлердегі инфрақұрылымдық және экологиялық өткір проблемаларды шешуге, су тасқынының алдын алуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге, сондай-ақ, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және оны жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Берілген тапсырмалардың бәрін қатаң бақылауда ұстау Президент Әкімшілігіне тапсырылды.

 

Нұр-Сұлтан атауы астанамызды одан әрі биіктете түсетіндігіне ешқандай күмән жоқ. «Осыдан 26 жыл бұрын, 1994-жылы сол кездегі Жоғары кеңестің сессиясында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі идеясын жария еткен кезде бұл идеяға сенгендерден сенбегендер көп болды. Үміттен гөрі күдік басым болатын. Экономикалық байланыстар үзіліп, кәсіпорындар жабылып, жұмысыздық көбейген уақытта, айлап айлық, жылдап жалақы төленбей тұрған кезде астананы көшіру ешқандай санаға симайтын нәрсе болып көрінетін. Бірақ, көп ұзамай мұның ұлы идея екендігне көзіміз жетті. Есілдің оң жағалауындағы ескі қала адам танымастай болып өзгерді. Сол жағалауда әлемдегі озық сәулеттік үлгідегі ғимараттар бой көрсете бастады», — деп атап өтті сенатор.

Оның айтуынша, Астананың құрылысы ел экономикасына үлкен серпін берді. Өндірісті дамытудың, құрылыс пен құрылыс индустриясын өркендетудің локомативіне айналды. Елордаға қарап облыс орталықтары бой түзеді. Аудан орталықтары көркейе түсті. Айналдырған 20 жылдың көлемінде Қазақстан астанасы әлемнің жауһарына айналды. Сарыарқаның сары даласына Астана дайын күйде түсе салған сый сияқты көрінді. «Соның артында қаншама еңбек пен ерлік тұрғанын, күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндер өткенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан болса керек, біз түк болмағандай бас қаланың жаңа атауына байланысты түрлі ой-пікір айтып жатамыз. Ол да дұрыс шығар. Демократиялық мемлекет құрып жатқаннан кейін ой плюрализмінің болғаныда оңды. Ол әлемде болып жатқан үрдіс. Бірақ, біздің өз дәстүріміз, салтымыз бар. Біздің ең үлкен құндылығымыз — бірлік пен ынтымақ. Біз азаматымызды ардақтап, ұрпағымызды құндақтай білген халықпыз. Осы тұрғыдан алғанда да Елбасының тәуелсіз мемлекет тұрғызудағы шексіз еңбегін, тарихи рөлін есептегенде күні-кешегі саяси өзгерістер мен қабылданған тарихи шешімдер біздің мемлекетіміздің, халқымыздың өркениеттілігін көрсетті», — деді ол.

Оның атап өтуінше, осы арқылы Қазақстан халқы қай кезеңде болса да пендешіліктен, алауыздықтан, арандатушылықтан шет тұратынын дәлелдеді. Ал бұл шындығында қай мемлекет болмасын жетуді мақсат тұтатын шынар биілігі. Соған Қазақстан жетіп отыр. Қазақстандықтардың басым көпшілігі астананың Нұр-Сұлтан деп аталуына қолдау көрсетуде.

«Нұр-Сұлтан атауы астанамызды одан әрі биіктете түсетіндігіне ешқандай күмән жоқ. Әлемде Нұрсұлтан мен Қазақстан егіз ұғым болып табылады. Н.Назарбаевты халықаралық деңгейдегі реформатор, бейбітшілік бастамалары мен идеялардың авторы, ядролық қарусыз әлем идеясының бастаушысы, тәуелсіз мемлекет құрудың архитекторы ретінде мойындаған алпауыт елдердің басшылары да, ірі инвесторлар да Қазақстанға үлкен сеніммен қарайтындығына ешқандай күмән жоқ. Осының барлығына «тәубе» дегіміз келеді», — деді Әли Бектаев.

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

- Ұлы даланың еркіндік алған ғасырының тұңғышы болып тізгінін ұстау Елбасының  маңдайына жазылған тағдыр екені даусыз. Сын сағаттардан сүрінбей өткен шыдамыңыз бен парасатыңызға куәміз, ризамыз. «Мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың сан түрлі мінезін де көтеріп, бүкіл әлем алдында абыройын асқақтатып көрсету үшін жасаған істерінің ұшан-теңіз екені тарихқа жазылып қалды. Бұл күнде бүкіл әлем көшпенділер мекені деген қазақ даласын Нұрсұлтан Әбішұлының есімінен танып білгені жасырын емес. Алаш жұртының рухын қайта көтерген қайраткерлігіне бүкіл халық сүйсінді.

Халықтың құрметіне бөленген қазақтың азаматы,  нар тұлғалы ұлт көшбасшысының есімінің Астана қаласына берілуін дұрыс жасалған шешім деп білемін. Және өз тарапымнан оң көзқараста екенімді баса айтқым келеді.

Ұлықбек Есдәулет,  Қазақстан Жазушылар одағы  басқармасының Төрағасы:

- Ширек ғасырдан астам уақытта қиындық пен күрделі кезеңдерді бастан өткерсек те Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың әрбір саяси шешімдері мен жолдаулары, байыпты бағдарламалары ұлттық рухымызды ұстап қала алды. Ол – ел дамуының жарқын үлгісі мен оның нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге бара білді. Барлық заманауи тәуекелдер мен жаһандық үдерістерді қоса алғандағы қазақстандық рухани құндылықтың жандануына бағытталған Мемлекет басшының әрбір жолдау мақаласы, өз кезегінде, ұлттық бірегейлікті сақтау, азаматтар санасының ашықтығы мен білімге баулуын дәріптеу, прагматизм, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, қоғамдық сананың жаңғыртудың маңыздылығын алға тартты. Сондай-ақ, жедел өзгеріп отырған дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылу және рухани жағынан серпілу керектігін де Н.Ә.Назарбаев әрқашан басты назарда ұстады. 30 жылға жуық уақытта Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, елдің еңсесін көтеріп, айбынын асқақтататын Астана қаласын әлем білетін елордаға айналдырды. Айтулы қалада қаншама стратегиялық шешімдер қабылданып, іргелі еңбектер жүзеге асырылды. Бүгінгі жеткен жетістігіміз де тікелей Тұңғыш президентімізге қатысты. Елбасының кеше ғана жасаған тарихи мәлімдемесі көрегендік пен кемеңгерліктің нәтижесі деп білемін. Елдің ертеңін ойлайтын, санасы сергек, ұлтты болашаққа бағыттай алатын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты президенттікке ұсынуында да бірінші кезекте халықты, келешек ұрпақты ойлау мүддесі тұрғандығы анық.

Елбасымыздың өзі бас сәулетшісі болған Астана қаласына Нұр-Сұлтан аты берілу жөніндегі шешімді өз тарапымнан толықтай қолдаймын!

Бүгін Түркістан облысы активімен өтіп жатқан жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымындағы мақсатын жария  етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
20190323131909Жиын барысында Қазақстан Президенті ең алдымен барша жұртшылықтың Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтады.
«Биылғы 19 наурызда, көктемнің шуақты күнінде бәріміз еліміздегі тарихи оқиғаға куә болдық. Мемлекет болашағын ойлаған Тұңғыш Президентіміз маңызды шешім қабылдады. Осындай сындарлы кезеңде Елбасыны және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды білдіремін. Біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда жүзеге асырамыз. Мұндай жағдай дүниежүзі тарихында бұрын болмаған. Бұл ең алдымен Елбасының парасаттылығын, кеңдігін, сондай-ақ халқымыздың даналығын білдіреді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді танытып, үлгі көрсеттік. Осылайша халқымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік»,  — деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл болашақ ұрпақ үшін де үлкен үлгі-өнеге екендігін баса айтты.
«Менің негізгі мақсатым  — Елбасының  стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету. Мен осы істі жалғастыра беремін. Елбасы бізге табысты мемлекет құрып берді. Ол Қазақстанды әлемдегі озық елдердің қатарына қоса білді. Елбасы реформалары мемлекеттік орнықты даму жолына шығарды», — деді ҚР Президенті.
Қ.Тоқаев бүгінде бүгінде әлемде бәсекелестік пен қатар жаңа сын-қатерлер ушығып тұрғанын, жалпы бүкіл дүниежүзі дағдарысқа ұшырағандығын атап өтті. Әлемнің болашағы бұлыңғыр екендігіне назар аудартты.
«Сондықтан тоқтап қалуға мүлдем болмайды. Халқымыздың бірлігі, ұлтаралық келісім, күшті экономика әрі қарай алға басуымыздың негізі әрі кепілі», — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанның астанасы енді Нұр-Сұлтан қаласы деп аталады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сəйкес қаулы етемін: Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталсын», — делінген хабарламада.
Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, елорданың атауын Нұр-Сұлтанға қайта атау бастамасын Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Ол мұндай ұсынысты Қазақстан халқына ант бере салысымен жасады. Парламент депутаттары идеяны қолдап, атауды өзгерту туралы шешім қабылдады.
Конституциялық кеңес Астананың атауын өзгерту мәселесі бойынша Конституцияға өзгерістер енгізуге оң қорытынды берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 20 наурызында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқаннан кейін республика президенті болды.

 

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті.

Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлық көрсеткені үшін тақ мұрагеріне ризашылық білдіріп, Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындары Таяу Шығыс елдерінің ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінде алғаш рет өтіп отырғанына тоқталды.

– Бұл маңызды спорт шарасы мүмкіндігі шектеулі спортшыларға өздерінің мықты рухы мен жеңіске деген ерік-жігерін танытуға жол ашады. Жарысқа Қазақстан командасы да қатысады. Елдеріңіздің басшылығы Қазақстан өткізетін халықаралық іс-шаралардың бәріне үнемі қатысып келеді. Сондықтан, сіздерге достық қолдау көрсету мақсатымен осы ойындардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысуға келдім, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өткен жыл екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін жемісті болғанын атап өтті.

– Біздің жиі кездесулеріміз бен бауырластыққа және сенімге негізделген тығыз қарым-қатынастарымыз барлық салаларды жан-жақты дамытуға тың серпін беруде. Былтыр біз өзара сапар жасап, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Солардың іске асырылу барысы толық көңілден шығады, – деді Қазақстан Президенті.

Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Біріккен Араб Әмірліктеріне шақыруын қабыл алғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, конфессияаралық келісім мен әлемде диалог орнату ісіндегі Қазақстанның рөліне ерекше тоқталды.

– Биыл біз еліміздің негізін қалаған тұлғаның 100 жылдығын салтанатты түрде атап өттік. Сіз шейх Заидті 25 жылдан астам уақыттан бері білесіз. Ол Сізді өте құрметтейтін және әлемдік деңгейдегі басшы ретінде танитын. Біз сіздерді үлгі тұтып, 2019 жылды – толеранттылық жылы деп жарияладық. Соның аясында Әмірліктер көпұлтты, мәдениетаралық және  дінаралық орталыққа айналуды көздейді. Осыған байланысты биылғы ақпан айында Рим Папасы Францисктің Біріккен Араб Әмірліктеріне тарихи сапары болды, – деді шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян.

Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемаларды, туризм, цифрландыру, ғарыш, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты талқылады. Сондай-ақ, өзара экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестиция тарту және Қазақстан тауарларын Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығару мақсатымен Үкіметаралық комиссияның және Іскерлік кеңестің әлеуетін арттыру мәселелері қаралды.

«Түркістан қаласының кіреберіс қақпасы көрікті болуы тиіс»,– деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс барысымен Түркістан қаласын аралады. Әуелі «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елдімекеніне барды. Онда өңір басшысы жаңадан бой көтеретін туристік аймақ жобасымен таныстырды, деп хабарлайды Ardak.kz.

«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елдімекенінен Ясауи кесенесі жақсы көрінеді. Дәл осы аймақтан жаңа туристік аймақ салу қажет. Тұрғын үйлер шығыстық үлгімен салынып, биіктігі 3 қабаттан аспайтын болады. Сондай-ақ, сол қаланы қақ жаратын өзен жүргізіп, айналасына көлшіктер жасау керек. Бұл қаладағы ылғалдылықты арттырады. Туристер үшін арнайы этноауыл да орын тебетін болады. Тиісті басқармаларға құрылысты бастау үшін арнайы зерттеу жүргізіп, құжаттамаларын әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, барлық инфрақұрылым мәселелері шешілетін болуы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Бұдан соң облысы әкімі Түркістан қаласының кіреберіс қақпасына аялдады. Онда алдағы уақытта қаланың шырайын ашатын ғимараттар бой көтеру қажеттігін тапсырды.

«Түркістан қаласының кіреберіс қақпасы көрікті болуы тиіс. Облыс орталығына келген туристер әуелі жаңа қаланы көріп, кейін көне қаламен қауышуы қажет. Сол үшін қаланың қақпа тұсында заманауи ғимараттар бой көтеруі керек», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы сапар аясында өңір басшысы қаланы суландыру жүйесімен, жасыл желек жұмыстарымен таныс болып, бірқатар тапсырмалар берді.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімнің баспасөз қызметі

 

Түркістан қаласында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Түркістан қаласын жан-жақты дамыту туралы аппарат мәжілісі өтті. Жиында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарымен таныстырды. 

«Қаланың жалпы дамуына көптеген өзгерістер енгізіліп, жаңа ауқымды жобалар жолға қойылды. Қаланың қазіргі таңдағы жер аумағы 19,6 мың гектарды, халық саны 165 мың адамды құрап отыр. Бас жоспарға сәйкес қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілетін болады. Бірінші 88,7 гектар жерге орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы «Тарихи аймақты» қайта жаңғырту. Екінші 98 гектар құрылысы реттелетін аумағында «Рухани мәдени орталықты» дамыту. Үшінші 750 гектарды құрайтын әкімшілік-іскерлік орталығын салу», – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, шаһар басшысы мемлекет мұқтаждығы үшін алынып жатқан жер телімдері мен қаланың инфрақұрылым, жылу, газ, ауыз су жүйесінің жайына тоқталды.

Жиында облыстық құрылысы басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев  Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстар жайын баяндады.   

 «Елбасының Түркістан қаласын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес 29 нысанның құрылысы өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдеріне бекітілген. Атап айтқанда: Әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысан, рухани-мәдени орталығында 9 нысан және тарихи-мәдени орталығында 3 нысан.  Барлығының жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалып, жер қазу жұмыстары аяқталып, іргетас құю жұмыстары жүргізілуде. Ал тұрғын үй қамту бойынша Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес,  «Отырар» мөлтек ауданында көпқабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 2019 жылдың мамыр айында 11 үйді, ал қалған 9 үйді ІІ-жарты жылдықта пайдалануға беру жоспарлануда.  Одан бөлек 20 көпқабатты тұрғын үйлердің ЖСҚ дайындалып, сараптамаға ұсынылуда. «7-20-25» бағдарламасы аясында 6 көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға беру көзделуде», – деді Тоқтар Оразұлы.

Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Тілегенов облыс орталығындағы жол құрылысымен таныстырды. «2019-жылы 974,2 шақырым жол мен көшелер құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады деп күтілуде. Оның биыл 653,2 шақырымы пайдалануға берілетін болады. Ал, Түркістан қаласы бойынша көшелердің жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда, көшелердің 21,3%-ы ғана қанағатты жағдайда», – деді басқарма басшысы.

Түркістан қаласының жай-күйі жайлы баяндамаларды тыңдаған облыс басшысы шаһардағы тазалық, кәріз және су жүйелері мен жол сапасын сынға алып, мәселені тездетіп шешуді тапсырды. 

 «Түркістан қаласының инфрақұрылымдық жүйелері сын көтермейді. Қалдық суды ағызу, жылу, ауыз су және газбен қамту жүйесін жасамай, қаланы дамыту мүмкін емес. Сапалы жолмен қамту өзекті болып отыр. Жылына 10 шақырымдай жолды жөндеумен ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бес жылдық жоспар түзіп, Түркістандағы бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек. Сондай-ақ, облыс орталығының тазалығын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жандандырылып, қатаң бақылауға алыну қажет. Көгалдандыру жұмыстары жылдам жүруі тиіс. Әрбір аудан, қаладағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп, қала тазалығы үшін автокөліктерді жуатын көлік жуу бекеттерін ашу қамтамасыз етілсін. Бұл тапсырмалардың орындалуы бойынша нақты жауап күтемін», – деді Өмірзақ Естайұлы.

        

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

      

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елге алғаш рет келген шетелдік туристерге кеңес берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

– Біріншіден, шетелдік қонақтарға біздің биік тауларымызды көруді ұсынар едім. Рюкзак асынып, кроссовки киіп, тауға кету керек. Әсіресе, жаз мезгілінде ерекше сұлу болады. Өзің жасыл төбеде тұрсаң, алдыңда қарлы шыңдар көрінеді. Қысқы уақытта таулардың жым-жырт тыныштығын көрер еді. Айнала аппақ қар, жарқыраған күн және жылы ауа райы. Сондай-ақ, қонақтар түнде тау ішінде жұлдыздардың қаншалықты жақын болатынын да көруі керек, – деді Президент журналист сұрағына берген жауабында. –Екіншіден, шетелдік туристерге шеті мен шегі көрінбейтін даланы көруге кеңес берді. Үшіншіден, киіз үйге кіріп, ұлттық тағамымыз – қазақша дайындалған етті жеп, қымызды ішіп көруі керек. Етті жеудің де өз жоралғысы бар. Үстелге отырғанда алдымен шәй береді, осылайша адам асқазанын дайындайды, – деді.

Президент қазақ даласы арқылы Қытай империясына барған италиялық саяхатшы Марко Полоның жазбалары жөнінде айтып берді. «Түнгі сағат 12-де қазақтар кешкі ас ішуге «жатты» дейді. Себебі, ол кезде биік үстелдер болған жоқ, дастархан басында жастықты шынтақтап жатып, тамақ жеген. Малды айдап әкеліп, сауып, жайғастырам дегенше сағат түнгі 12 болатын шығар. Өркениеттің барлық ауыртпалықтарынан алыс, нағыз өмір осы, деп атап өтті Президент. Төртіншіден, Мемлекет басшысы туристерге атты ерттеп мініп, далада ат үстінде шабуды ұсынды.

Еске сала кетейік, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының хабарлауынша, 2018-жылы Қазақстанға 8,5 миллионнан астам шетелдік туристер келген. Бұл 2017-жылғы көрсеткіштен 10 пайызға көбірек.



Ұлы даланың жеті қыры

 

Рухани жаңғыру бағдарламасының игі нәтижелерін жалғастыра түсуге жол ашылды. Міне, осы бағытта белгіленген ғылыми және қаржылық ресурстарды тиімді пайдаланып, қазақ хандығынан бұрын өмір сүрген ежелгі бабаларымыздың өндірісі, мәдениеті мен өнерін барынша әділ, мұқият зерттеуге күш салуымыз қажет. Осы орайда бастауы Қазақстан жерінде болған, өмірімізге өшпес із қалдырған құндылықтарымызды жаңа заманда да дамыта түсуіміз маңызды.

Кезінде көпестер, саудагерлер қазақтың тәуір нәрсе жасауына ниеттес бола қоймаған, олардың ішіндегі көзі ашық сауаттылары үшін қазына, қамба толы астыққа айналған ауыл тарихын түгендейтін сағат тілі соғылды.

Ал, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада дархан далада тіршілік құрған жылқымыз бен жеті қазынаның бірі санатындағы итімізді, қыран бүркітімізді салт-дәстүрге сай зерттеу жолдары да жазылған.

Қазақтың ен даласында ит жүгіртіп, құс салған ата-бабаларымыздың тылсымы мол, тамаша өнеріне әбден тәнті болған өзге ұлт өкілдері, жиһанкездер жарыса жазғаны тарих беттерінен белгілі. Әсіресе, жүйрік иттер жайлы айтылған аңыздар көп. Қарап отырсаңыз, сол жел жетпес жүйрік иттеріміз, қазақы тазылар.

Ал, тарих парақтарын ақтарсақ, 1930-жылдары қазақ даласында төрт мыңдай тазы болғандығы ғылыми тұрғыда дәлелденген.

     Итті жеті қазынаның біріне санаған ата-бабаларымыз, жас нәрестеге көз тимесін, денсаулығы мықты болсын деп, итаяққа су құйып ішкізеді екен. Сараптай келгенде, қазақтың маң төбетінің тұқымы орасан ірі, терісі мықты, жүні арасына ине өтпейтін қалың болып келеді.

   «Ит асырасаң сырттаннан, қой бермейді қорадан» деп бекер айтылмаған. Төбеттің маңдайына жазылған дүние де мал бағу, қотанды күзету жеті атасынан бері осы жауапкершіліктің жүгін қия баспай атқарған. Ежелгі дүниеде маң төбеттер үйшік дегенді білмеген. Қатты аязда да, түкірік мұз болып жерге түсер күнде де қотан күзетіп, қар үстінде жата берген.

Қазақ төбетінің дауысы да қаһарлы, жеті қырдың астынан естіледі. Түз тағысы төбет жатқан қотанға айласын асырып, шаба алмайды.

   Жүйрік тазының сұлулығы көз тоймайтын мінезіне сөз жетпейтінін ата-бабаларымыз әдемі суреттеп, сыпайылылығын, аштығын ешқашан білдірмейтінін мақтан ете білген. Бұл тазылар дегдар деп аталған. Зерттеушілердің пайымдауынша, дегдар тазының қазақ даласында пайда болуы ислам дінімен байланыстырылады. Атамыз қазақ тазыны жарғақ құлақты және шашақ құлақты деп екіге бөлген.

Тегіне, тұқымына байланысты құмай тазы, дүрегей тазы, қайыпқаптап тазы деп те аталады. Үш түрінің ішінде алғыры қайыпқаптап тазы екен. Жүйріктігі өз алдына, тұла бойындағы қайраты мен амал айласының молдығы сондай, қасқырды да ала береді.

Жалпы, алғанда тазылар жер ерекшелігіне байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Тау тазысы және дала тазысы. Мұндағы айырмашылық дала тазысының кеудесі мен бөксесі бірдей. Жылдам, жеңіл әрі нәзіктеу. Екінші тау тазысы бөксесі – биік, аяғы – сіңірлі мойны – жуан болып қалыптасқан. Азулыға да ауыз салуға жүрегі жетеді.

   Ықылым заманнан бері қазақ халқы көшпелі өмір салтын көріктендірген әдемі салт-дәстүрдің бірі – ит жүгіртіп, құс салу.

   Ата-бабаларымыз жылқының жүйріктік һәм жатырға шаппақ тектілігі, қыран құстың алғырлығын ерекше бағалап, адамзат бойында да осылардың болуын қалаған.

   Ал, қыранды қолға қондырып, қансонарда қызығына батқан қазақтың аспан серісіне деген ұғымы да ерен. Ежелден атамыз қазақ перзентіне «қанатың талмасын, қырандай самға» деген теңеумен бата берген. Бұл құбылыс – бүркітке құрметтің белгісі.

   Тәуелсіздігімізді де қыранның самғауымен елестететін мемлекеттік туымызда да бүркіттің бейнеленуі ұлттың ұлы болмысын қалыптастырады.

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, құла жүзді түрленткен атақты Құбылай жанның 500 сұңқары болған екен. Заман ағымымен жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүр, өнерімізді жаңғырту керек. Қайта жаңғырса, ата-баба рухы жалғасын таппақ.

   Қоянды қыр асырмай, түлкіге тажал болған қырандар туралы аңыз әңгімелер мен мақал-мәтелдер көп-ақ. «Кәрі қыран – аңшының бастаушысы» деген сөздің төркіні де аңыздан тараған секілді.

   Ертеректе бүркіт салып, ауыл-аймақта аңшылықпен асыраған саятшы, қарттың жеңіл, денсаулығы сыр бере бастағанда, бастаушысы болған қарт қыранның томағасын сыпырып еркіндікке қоя береді. Дәм тұзы таусылып, өмірден өткен аңшыны ауылдас, туыстары қадір қасиетімен қабірге жерлейді. Құдайдың құдіреті ме белгісіз...

Осы сәтте жұрттың алдына өң мен түстей көрініс орын алады. Әуеден құлдилай келіп, қабір жанына шаншылып мерт болған саятшының қарт бүркітін көріп таң қалады. Табиғи сәйкестік пе, әлде... Адамзат баласына деген бауырмалдық белгісі ме?! Бұл бір Аллаға ғана аян...

Қазақта «сыншы сырын айтпайды, бүркітші шынын айтпайды» деген даналық сөздің де түп тарихында, теңеулерінде келер ұрпаққа берер белгілер көп.

Төл тарихымызға қайта үңілу, осы байыппен зерттеп-зерделеу, барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеу мемлекетіміздің жан-жақты дамыған әлемнің озық елдерімен тең дәрежеде қатар тұруына мүмкіндік беретіні белгілі.

Себебі, еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысынан жылқының сүйегі, ит пен құстың да қаңқасы табылып отыр. Яғни, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі өнер тарихы сол дәуірден бастау алатынын аңғартады.

Өміржан ШАЛҒЫНБАЕВ,

С.Рақымов ауыл округі.

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтылған Президенттің әлеуметтік бастамалары туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– «Нұр Отан» партиясының бастамалары өте дұрыс әрі дер кезінде қолға алынды деген ойдамын. Оның көпшілігі әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Біріншіден, әлеуметтік салада еңбек ететін, жалақысы төмен бюджет қызметкерлерінің айлығын өсіру – барлығы да күтіп отырған өзекті шаруа. Одан кейін көпбалалы отбасылар үшін әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы төлеу – үлкен көмек. Атаулы әлеуметтік көмектің механизмін жетілдіру мәселесі де өте өзекті, – дейді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысының әкімі көп балалы отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстарды атқару үшін адами факторды ысырып тастап, барлығын да цифрлық жүйе арқылы жүзеге асыру керектігін ерекше атап өтті.

– Әр бала дүниеге келді ме, ол бірден тізімге енуі керек. Қағаз жинап, әр есікке жүгіруден арылған абзал. Бірақ, арасында техникалық себептермен тізімге енбей қалғандар болса, олармен комиссия жұмыс жүргізуі керек. Өздеріңіз көргендей бәріне ауқымды тапсырма берілді ғой. Енді барып елмен ақылдасамыз. Өйткені, бұл бағытта бұрын-соңды болмаған қаражат бөлініп жатыр, – дейді ол.

Өмірзақ Шөкеев бүгінгі съезд барысында аса қомақты сомалар туралы айтылғанын тағы еске салды.

– Түркістан облысы халқы көп өңірлердің бірі болғандықтан, осы соманың белгілі бір бөлігі міндетті түрде бізге бөлінер деген ойдамын. Біз министрліктермен тиісті жұмысты атқаратын боламыз. Бюджет күзде қабылданатыны белгілі. 20 күннен кейін бұл бағытта өз ұсыныстарымызды алып келеміз. Бізді енді күндіз-түні атқаратын қауырт жұмыс күтіп тұр, деді Түркістан облысының әкімі.