«Түркістан қаласының кіреберіс қақпасы көрікті болуы тиіс»,– деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс барысымен Түркістан қаласын аралады. Әуелі «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елдімекеніне барды. Онда өңір басшысы жаңадан бой көтеретін туристік аймақ жобасымен таныстырды, деп хабарлайды Ardak.kz.

«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елдімекенінен Ясауи кесенесі жақсы көрінеді. Дәл осы аймақтан жаңа туристік аймақ салу қажет. Тұрғын үйлер шығыстық үлгімен салынып, биіктігі 3 қабаттан аспайтын болады. Сондай-ақ, сол қаланы қақ жаратын өзен жүргізіп, айналасына көлшіктер жасау керек. Бұл қаладағы ылғалдылықты арттырады. Туристер үшін арнайы этноауыл да орын тебетін болады. Тиісті басқармаларға құрылысты бастау үшін арнайы зерттеу жүргізіп, құжаттамаларын әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, барлық инфрақұрылым мәселелері шешілетін болуы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Бұдан соң облысы әкімі Түркістан қаласының кіреберіс қақпасына аялдады. Онда алдағы уақытта қаланың шырайын ашатын ғимараттар бой көтеру қажеттігін тапсырды.

«Түркістан қаласының кіреберіс қақпасы көрікті болуы тиіс. Облыс орталығына келген туристер әуелі жаңа қаланы көріп, кейін көне қаламен қауышуы қажет. Сол үшін қаланың қақпа тұсында заманауи ғимараттар бой көтеруі керек», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы сапар аясында өңір басшысы қаланы суландыру жүйесімен, жасыл желек жұмыстарымен таныс болып, бірқатар тапсырмалар берді.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімнің баспасөз қызметі

 

Түркістан қаласында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Түркістан қаласын жан-жақты дамыту туралы аппарат мәжілісі өтті. Жиында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарымен таныстырды. 

«Қаланың жалпы дамуына көптеген өзгерістер енгізіліп, жаңа ауқымды жобалар жолға қойылды. Қаланың қазіргі таңдағы жер аумағы 19,6 мың гектарды, халық саны 165 мың адамды құрап отыр. Бас жоспарға сәйкес қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілетін болады. Бірінші 88,7 гектар жерге орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы «Тарихи аймақты» қайта жаңғырту. Екінші 98 гектар құрылысы реттелетін аумағында «Рухани мәдени орталықты» дамыту. Үшінші 750 гектарды құрайтын әкімшілік-іскерлік орталығын салу», – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, шаһар басшысы мемлекет мұқтаждығы үшін алынып жатқан жер телімдері мен қаланың инфрақұрылым, жылу, газ, ауыз су жүйесінің жайына тоқталды.

Жиында облыстық құрылысы басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев  Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстар жайын баяндады.   

 «Елбасының Түркістан қаласын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес 29 нысанның құрылысы өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдеріне бекітілген. Атап айтқанда: Әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысан, рухани-мәдени орталығында 9 нысан және тарихи-мәдени орталығында 3 нысан.  Барлығының жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалып, жер қазу жұмыстары аяқталып, іргетас құю жұмыстары жүргізілуде. Ал тұрғын үй қамту бойынша Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес,  «Отырар» мөлтек ауданында көпқабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 2019 жылдың мамыр айында 11 үйді, ал қалған 9 үйді ІІ-жарты жылдықта пайдалануға беру жоспарлануда.  Одан бөлек 20 көпқабатты тұрғын үйлердің ЖСҚ дайындалып, сараптамаға ұсынылуда. «7-20-25» бағдарламасы аясында 6 көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға беру көзделуде», – деді Тоқтар Оразұлы.

Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Тілегенов облыс орталығындағы жол құрылысымен таныстырды. «2019-жылы 974,2 шақырым жол мен көшелер құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады деп күтілуде. Оның биыл 653,2 шақырымы пайдалануға берілетін болады. Ал, Түркістан қаласы бойынша көшелердің жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда, көшелердің 21,3%-ы ғана қанағатты жағдайда», – деді басқарма басшысы.

Түркістан қаласының жай-күйі жайлы баяндамаларды тыңдаған облыс басшысы шаһардағы тазалық, кәріз және су жүйелері мен жол сапасын сынға алып, мәселені тездетіп шешуді тапсырды. 

 «Түркістан қаласының инфрақұрылымдық жүйелері сын көтермейді. Қалдық суды ағызу, жылу, ауыз су және газбен қамту жүйесін жасамай, қаланы дамыту мүмкін емес. Сапалы жолмен қамту өзекті болып отыр. Жылына 10 шақырымдай жолды жөндеумен ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бес жылдық жоспар түзіп, Түркістандағы бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек. Сондай-ақ, облыс орталығының тазалығын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жандандырылып, қатаң бақылауға алыну қажет. Көгалдандыру жұмыстары жылдам жүруі тиіс. Әрбір аудан, қаладағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп, қала тазалығы үшін автокөліктерді жуатын көлік жуу бекеттерін ашу қамтамасыз етілсін. Бұл тапсырмалардың орындалуы бойынша нақты жауап күтемін», – деді Өмірзақ Естайұлы.

        

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

      

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елге алғаш рет келген шетелдік туристерге кеңес берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

– Біріншіден, шетелдік қонақтарға біздің биік тауларымызды көруді ұсынар едім. Рюкзак асынып, кроссовки киіп, тауға кету керек. Әсіресе, жаз мезгілінде ерекше сұлу болады. Өзің жасыл төбеде тұрсаң, алдыңда қарлы шыңдар көрінеді. Қысқы уақытта таулардың жым-жырт тыныштығын көрер еді. Айнала аппақ қар, жарқыраған күн және жылы ауа райы. Сондай-ақ, қонақтар түнде тау ішінде жұлдыздардың қаншалықты жақын болатынын да көруі керек, – деді Президент журналист сұрағына берген жауабында. –Екіншіден, шетелдік туристерге шеті мен шегі көрінбейтін даланы көруге кеңес берді. Үшіншіден, киіз үйге кіріп, ұлттық тағамымыз – қазақша дайындалған етті жеп, қымызды ішіп көруі керек. Етті жеудің де өз жоралғысы бар. Үстелге отырғанда алдымен шәй береді, осылайша адам асқазанын дайындайды, – деді.

Президент қазақ даласы арқылы Қытай империясына барған италиялық саяхатшы Марко Полоның жазбалары жөнінде айтып берді. «Түнгі сағат 12-де қазақтар кешкі ас ішуге «жатты» дейді. Себебі, ол кезде биік үстелдер болған жоқ, дастархан басында жастықты шынтақтап жатып, тамақ жеген. Малды айдап әкеліп, сауып, жайғастырам дегенше сағат түнгі 12 болатын шығар. Өркениеттің барлық ауыртпалықтарынан алыс, нағыз өмір осы, деп атап өтті Президент. Төртіншіден, Мемлекет басшысы туристерге атты ерттеп мініп, далада ат үстінде шабуды ұсынды.

Еске сала кетейік, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының хабарлауынша, 2018-жылы Қазақстанға 8,5 миллионнан астам шетелдік туристер келген. Бұл 2017-жылғы көрсеткіштен 10 пайызға көбірек.



Ұлы даланың жеті қыры

 

Рухани жаңғыру бағдарламасының игі нәтижелерін жалғастыра түсуге жол ашылды. Міне, осы бағытта белгіленген ғылыми және қаржылық ресурстарды тиімді пайдаланып, қазақ хандығынан бұрын өмір сүрген ежелгі бабаларымыздың өндірісі, мәдениеті мен өнерін барынша әділ, мұқият зерттеуге күш салуымыз қажет. Осы орайда бастауы Қазақстан жерінде болған, өмірімізге өшпес із қалдырған құндылықтарымызды жаңа заманда да дамыта түсуіміз маңызды.

Кезінде көпестер, саудагерлер қазақтың тәуір нәрсе жасауына ниеттес бола қоймаған, олардың ішіндегі көзі ашық сауаттылары үшін қазына, қамба толы астыққа айналған ауыл тарихын түгендейтін сағат тілі соғылды.

Ал, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада дархан далада тіршілік құрған жылқымыз бен жеті қазынаның бірі санатындағы итімізді, қыран бүркітімізді салт-дәстүрге сай зерттеу жолдары да жазылған.

Қазақтың ен даласында ит жүгіртіп, құс салған ата-бабаларымыздың тылсымы мол, тамаша өнеріне әбден тәнті болған өзге ұлт өкілдері, жиһанкездер жарыса жазғаны тарих беттерінен белгілі. Әсіресе, жүйрік иттер жайлы айтылған аңыздар көп. Қарап отырсаңыз, сол жел жетпес жүйрік иттеріміз, қазақы тазылар.

Ал, тарих парақтарын ақтарсақ, 1930-жылдары қазақ даласында төрт мыңдай тазы болғандығы ғылыми тұрғыда дәлелденген.

     Итті жеті қазынаның біріне санаған ата-бабаларымыз, жас нәрестеге көз тимесін, денсаулығы мықты болсын деп, итаяққа су құйып ішкізеді екен. Сараптай келгенде, қазақтың маң төбетінің тұқымы орасан ірі, терісі мықты, жүні арасына ине өтпейтін қалың болып келеді.

   «Ит асырасаң сырттаннан, қой бермейді қорадан» деп бекер айтылмаған. Төбеттің маңдайына жазылған дүние де мал бағу, қотанды күзету жеті атасынан бері осы жауапкершіліктің жүгін қия баспай атқарған. Ежелгі дүниеде маң төбеттер үйшік дегенді білмеген. Қатты аязда да, түкірік мұз болып жерге түсер күнде де қотан күзетіп, қар үстінде жата берген.

Қазақ төбетінің дауысы да қаһарлы, жеті қырдың астынан естіледі. Түз тағысы төбет жатқан қотанға айласын асырып, шаба алмайды.

   Жүйрік тазының сұлулығы көз тоймайтын мінезіне сөз жетпейтінін ата-бабаларымыз әдемі суреттеп, сыпайылылығын, аштығын ешқашан білдірмейтінін мақтан ете білген. Бұл тазылар дегдар деп аталған. Зерттеушілердің пайымдауынша, дегдар тазының қазақ даласында пайда болуы ислам дінімен байланыстырылады. Атамыз қазақ тазыны жарғақ құлақты және шашақ құлақты деп екіге бөлген.

Тегіне, тұқымына байланысты құмай тазы, дүрегей тазы, қайыпқаптап тазы деп те аталады. Үш түрінің ішінде алғыры қайыпқаптап тазы екен. Жүйріктігі өз алдына, тұла бойындағы қайраты мен амал айласының молдығы сондай, қасқырды да ала береді.

Жалпы, алғанда тазылар жер ерекшелігіне байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Тау тазысы және дала тазысы. Мұндағы айырмашылық дала тазысының кеудесі мен бөксесі бірдей. Жылдам, жеңіл әрі нәзіктеу. Екінші тау тазысы бөксесі – биік, аяғы – сіңірлі мойны – жуан болып қалыптасқан. Азулыға да ауыз салуға жүрегі жетеді.

   Ықылым заманнан бері қазақ халқы көшпелі өмір салтын көріктендірген әдемі салт-дәстүрдің бірі – ит жүгіртіп, құс салу.

   Ата-бабаларымыз жылқының жүйріктік һәм жатырға шаппақ тектілігі, қыран құстың алғырлығын ерекше бағалап, адамзат бойында да осылардың болуын қалаған.

   Ал, қыранды қолға қондырып, қансонарда қызығына батқан қазақтың аспан серісіне деген ұғымы да ерен. Ежелден атамыз қазақ перзентіне «қанатың талмасын, қырандай самға» деген теңеумен бата берген. Бұл құбылыс – бүркітке құрметтің белгісі.

   Тәуелсіздігімізді де қыранның самғауымен елестететін мемлекеттік туымызда да бүркіттің бейнеленуі ұлттың ұлы болмысын қалыптастырады.

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, құла жүзді түрленткен атақты Құбылай жанның 500 сұңқары болған екен. Заман ағымымен жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүр, өнерімізді жаңғырту керек. Қайта жаңғырса, ата-баба рухы жалғасын таппақ.

   Қоянды қыр асырмай, түлкіге тажал болған қырандар туралы аңыз әңгімелер мен мақал-мәтелдер көп-ақ. «Кәрі қыран – аңшының бастаушысы» деген сөздің төркіні де аңыздан тараған секілді.

   Ертеректе бүркіт салып, ауыл-аймақта аңшылықпен асыраған саятшы, қарттың жеңіл, денсаулығы сыр бере бастағанда, бастаушысы болған қарт қыранның томағасын сыпырып еркіндікке қоя береді. Дәм тұзы таусылып, өмірден өткен аңшыны ауылдас, туыстары қадір қасиетімен қабірге жерлейді. Құдайдың құдіреті ме белгісіз...

Осы сәтте жұрттың алдына өң мен түстей көрініс орын алады. Әуеден құлдилай келіп, қабір жанына шаншылып мерт болған саятшының қарт бүркітін көріп таң қалады. Табиғи сәйкестік пе, әлде... Адамзат баласына деген бауырмалдық белгісі ме?! Бұл бір Аллаға ғана аян...

Қазақта «сыншы сырын айтпайды, бүркітші шынын айтпайды» деген даналық сөздің де түп тарихында, теңеулерінде келер ұрпаққа берер белгілер көп.

Төл тарихымызға қайта үңілу, осы байыппен зерттеп-зерделеу, барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеу мемлекетіміздің жан-жақты дамыған әлемнің озық елдерімен тең дәрежеде қатар тұруына мүмкіндік беретіні белгілі.

Себебі, еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысынан жылқының сүйегі, ит пен құстың да қаңқасы табылып отыр. Яғни, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі өнер тарихы сол дәуірден бастау алатынын аңғартады.

Өміржан ШАЛҒЫНБАЕВ,

С.Рақымов ауыл округі.

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтылған Президенттің әлеуметтік бастамалары туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– «Нұр Отан» партиясының бастамалары өте дұрыс әрі дер кезінде қолға алынды деген ойдамын. Оның көпшілігі әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Біріншіден, әлеуметтік салада еңбек ететін, жалақысы төмен бюджет қызметкерлерінің айлығын өсіру – барлығы да күтіп отырған өзекті шаруа. Одан кейін көпбалалы отбасылар үшін әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы төлеу – үлкен көмек. Атаулы әлеуметтік көмектің механизмін жетілдіру мәселесі де өте өзекті, – дейді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысының әкімі көп балалы отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстарды атқару үшін адами факторды ысырып тастап, барлығын да цифрлық жүйе арқылы жүзеге асыру керектігін ерекше атап өтті.

– Әр бала дүниеге келді ме, ол бірден тізімге енуі керек. Қағаз жинап, әр есікке жүгіруден арылған абзал. Бірақ, арасында техникалық себептермен тізімге енбей қалғандар болса, олармен комиссия жұмыс жүргізуі керек. Өздеріңіз көргендей бәріне ауқымды тапсырма берілді ғой. Енді барып елмен ақылдасамыз. Өйткені, бұл бағытта бұрын-соңды болмаған қаражат бөлініп жатыр, – дейді ол.

Өмірзақ Шөкеев бүгінгі съезд барысында аса қомақты сомалар туралы айтылғанын тағы еске салды.

– Түркістан облысы халқы көп өңірлердің бірі болғандықтан, осы соманың белгілі бір бөлігі міндетті түрде бізге бөлінер деген ойдамын. Біз министрліктермен тиісті жұмысты атқаратын боламыз. Бюджет күзде қабылданатыны белгілі. 20 күннен кейін бұл бағытта өз ұсыныстарымызды алып келеміз. Бізді енді күндіз-түні атқаратын қауырт жұмыс күтіп тұр, деді Түркістан облысының әкімі.



 

«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Съезде Елбасы Үкіметке нақты міндеттер қойды. ҚР Президенті басты назарға азаматтардың өмір сапасы мен Қазақстанның әлеуметтік дамуына бағытталған мемлекет ретінде дамуын алу керектігін баса айтты. Елбасы республикалық бюджет шығындарының 45% әлеуметтік салаға бағытталатынын атап өтті.

– Әлеуметтік бөлімде бірқатар түйткілді мәселелердің бар екені анықталды. Осыған байланысты, азаматтарымыздың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту үшін Ұлттық қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдадым. Үкімет бұл шығындарды дұрыс әкімшіліктендіруі керек, – деді Президент.

Бірінші. Бүгін қазақстандық отбасылардың әл-ауқаты деңгейін көтеру бойынша шараларды күшейту маңызды. Олар тікелей денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда қызмет атқаратын 1 миллионнан астам азаматтық қызметкерлерге тікелей қатысты.

2019 жылғы 1 шілдеден бастап:

- төмен жалақы алатын бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын 30% өсіру;

- аудандық және облыстық деңгейде азаматтармен тікелей жұмыс істейтін, төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын 25% өсіру;Бұл мақсаттарға 2019-2021 жж. қосымша 980 миллиардқа жуық қаражат бөлінеді.

- Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70% дейін жеткізу;

- атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек.

- әлеуметтік көмекті тағайындаудың барлық процедуралары оңтайландырылуы тиіс;

- ондай отбасылардың табысын есептегенде, басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет;

- мүгедек балаларды асырап отырған отбасылардың жәрдемақысы 30% өсіру; Бұл шараларды іске асыруға 2019-2021 жж. 300 миллиардтан астам теңгені қосымша бөлу.

- Толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіншілік жасау қажет;

- ауылдағы көпбалалы отбасыларға жекелеген гранттар, квоталар және шағын несиелер бөлу қажет;

- барлық әкімдер мұқтаж отбасыларға көмек көрсетудің өңірлік бағдарламасын партиялық «Бақытты отбасы» жобасына  сәйкес қайта қарастыруы керек;

Екінші.Тұрғын үймен қамту және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту жұмыстарын қолға алу қажет;

Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылардың ішіндегі аз қамтылған отбасыларға басымдық бере отырып, 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырамын.

Бұл мақсатқа таяу 7 жылда жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болады.

Көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалар бар, аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыру.

Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3% тұрғын үй заемын беру жеңілдіктері тетіктерін әзірлеуді керек.

Ол үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» қаражат қажет болады және оған жыл сайын 50 млрд теңге бөлуді тапсырылды.

-Қоғамдық денсаулық пен алғашқы медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың жалпы денсаулық сақтау саласына қарастырылған ақшаның 40%-інен 60%-ке дейін арттырылуы тиіс;



 

Қандай ел болмасын, өткен жолын, тарихын білмей болашағын болжауы мүмкін емес. Кешегі бабалар ізін жалғау, оны жаңғырту, бүгінгі ұрпаққа өнеге ету – борышымыз. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы осы мәселені дөп басқандай. Мақала аясында аудандық балалар кітапханасында «Тарихын білген ел ғанажетістіктерге жетеді» тақырыбында тарихи-танымдық кеш өтті. Бұл кешке «Болашақ» мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушылары мен Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің 9-сынып оқушылары қатысты. Кеш қонақтары аудандық «Қазығұрт тынысы» газетінің тілшісі Қ.Ергөбеков, Қ.Сатбаев және Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейлері тарих пəнінің мұғалімдері Ж.Баймұратова мен Г.Тасполтаева болды. Елбасының мақаласы бойынша Ж.Баймұратова баяндама жасады.

Ал, оқушылар болса əр бөліміне жеке-жеке тоқталып, нақты деректерге сүйене отырып, тақырыпты кеңінен аша білді. Оқушылардың қызығушылығы артып, кеш қонақтарына өз сұрақтарын қойды. Аудандық газет тілшісі Қ.Ергөбеков мақалада берілген бөлімдерді туған жерімізбен байланыстыра отырып, зерттеу нәтижелерімен балаларға тұщымды ой сала білді. Мақалаға байланысты тарихшы мұғалімдер де қызықты мəліметтермен бөлісті. Жиын соңында кітапхана меңгерушісі Айгүл Тасполтаева сөз алып, осындай кештердің бүгінгі жас ұрпаққа берер әсерінің молдығын айтты. Сонымен бірге кітапханадағы кітап қорларын таныстырып, кеш қонақтары мен оқушыларға алғысын білдірді.

Жәмила ҚҰРБАНБЕКҚЫЗЫ.