КӨКПАРДА ҚАЗЫҒҰРТТЫҚТАР ТОП ЖАРДЫ

Жұма, 02 Қараша 2018 00:00 Жарияланды Спорт Оқылды 74 рет

Қазығұрт ауданына 90 жыл

кокпар 1

Қазығұрт ауданының 90 жылдығына орай, аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев пен аудандық көкпар федерациясының төрағасы Асқарбек Перналиевтің бастамасымен облыс көлемінде көкпар ұйымдастырылды. Шарапхана елдімекенінің батыс жағында өткізілген көкпарды аудан әкімі Төлеген Телғараев ашып, барша қауымды 90 жылдық мерейтоймен құттықтап, ат терлетіп келген командаларға сәттілік тіледі.

Өте тартысты жағдайда өткен көкпарда бірінші жүлделі орынды «Қазығұрт І» командасы иеленіп, 500 мың теңге бәйгені, екінші орыннан көрінген «Қазығұрт ІІ» командасы – 300 мың, ІІІ орын жүлдегері «Отырар» командасы – 200 мың теңгені иемденді.

Аудан басшысы көкпарды ұйымдастыруға атсалысқан «Нұрасу» ЖШС-нің директоры Асқарбек Перналиев пен Мақсат Мәуленовті және қазіргі зейнеткер, атбегі, бұрынғы аудандағы ұлттық ат спорты федерациясының президенті болған Құламқадыр Бұралқиевті «Қазығұрт ауданына 90 жыл» мерекелік медалімен, бас төреші Еркебай Омарбек пен екінші төреші Бақыт Асылбекті аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев Қазығұрт елінің атағын шығарып жүрген бес шабандозды облыстық кәсіподақ комитетінің «Еңбек даңқы» медалімен марапаттаса, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әбілқасым Қожахан төрт адамға облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың «Алғыс хатын» табыс етті.

Көкпарда кәсіпкерлер, «Нұрасу» ЖШС-нің директоры Асқарбек Перналиев пен «АРТ-Құрылыс» ЖШС-нің директоры Бекжігіт Төлендиев 500 мыңнан, аудандық мәслихат депутаттары Мүсілім Тұранов, Сейдулла Сеңгірбаев және Саян Батырбай 200 мыңнан, Самат Тұрғараев пен Арын Қалшабеков 150 мыңнан бәйге тіксе, басқа да кәсіпкерлер мен депутаттар қомақты үлестерін қосты.

Аудандық көкпар федерациясы мен мәслихат депутаттары көкпардың бәйгесінен қалған 650 мың теңгені ауданымыздағы аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдауға, соларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да көмек беруге жұмсау керек деп шешті. Сөйтіп, әр ауыл округіне 10 қаптан ұн және 10 бес литрлік өсімдік майын таратты.

Соңында ас беріліп, жоғары дәрежеде өткен көкпарды ұйымдастырушылардың сауапты ісіне ел алғысын жаудырып, ризашылығын білдіріп жатты. Осындай сауапты іс басқа да кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапса, құба-құп дейміз.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.