Бәрекелді!
Дзюдо – жапондардың ұлттық ойыны. Осы көне спорт түрлеріне бүгінде көп көңіл бөлініп келеді. Жуырда жас дзю-дошылар арасында облыстық ашық турнир өтіп, оған Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарынан жасөспірімдер қатысты.
Кіл мықтылардың арасынан бабы мен бағы келіскен жерлесіміз «Болашақ» мектеп гимназиясының 6 «а» сынып оқушысы Әмірәлі Бексұлтан I орын иегері атанды.
Бексұлтанды аталмыш додаға дайындаған жаттықтырушысы Ғазиз Тастанов: «Бексұлтан – болашағынан көп үміт күттіретін бала. Сабақ үлгерімі жақсы. Өзіне берілген тапсырмалар мен жаттығуларды жоғары деңгейде орындайды. Алдағы уақытта да сенімімізді ақтайды деген ойдамыз», – дейді шәкірті жайлы.
Бексұлтанға барша спорт сүйер қауым атынан құтты болсын дей келе, алдағы додаларда бұдан да үлкен жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз.
Ғ.ТІЛЕУБЕРГЕН.