СПОРТ ДЕНСАУЛЫҚТЫ ШЫҢДАЙДЫ

Сейсенбі, 24 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Спорт Оқылды 317 рет

Жыл сайын күз айында игі дәстүрге айналған бастамалардың бірі – «Денсаулық фестивалі». Бұл іс-шараны өткізудегі негізгі мақсат – қоғамның көптеген қарапайым тұрғындарын спортқа тарту, әр түрлі жастағы азаматтарды денсаулық үшін қимыл белсенділігінің артықшылықтары туралы хабардар ету, салауатты өмір салтын ұстану, аурудың алдын алу – денсаулық негізі екенін түсіндіру.
Сенбі күні облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының аудандық бөлімшесі үйлестірушісінің ұйытқы болуымен орталық алаңда «Денсаулық сандарына жет» ұранымен «Денсаулық фестивалі» өтті. Аудан әкімінің орынбасары Тайбек Қалымбетов сөзге шығып: «Елімізде тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға баса көңіл бөліп, тиісті бағдарламалар қабылдап, жер-жерлерде спорт алаңдарын, түрлі фитнес клубтарын ашып, барлық жағдайларды жасауда. Бұл тұрғыда біздің аудан көлемінде де игі жұмыстар жалғасын табуда. Бұл салаға да жылдан-жылға аудан бюджетінен қомақты қаржы бөлінуде. Биылғы «Денсаулық фестивалі» ауданымызда «Денсаулық сандарына жет!» ұранымен өткізіліп отыр. Онда әрбір азамат дене белсенділігіне, салауатты тамақтануға, дене салмағын сақтауға, шылым шегуді мүлдем доғаруға, жүрек-қан тамыр жүйесін қалыпты сақтауға тиіс екендігін ескеруі керек. Сіздердің салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып, денсаулықтарыңызды нығайту өз қолдарыңызда», – деді.
Жылдан-жылға бұқаралық спортпен айналысушылардың саны артып келеді. Биыл да аудан тұрғындары белсенді қатысуда. Аудан әкімдігінің аппараты мен дербес бөлімдер қызметкерлері де тыс қалған жоқ. Әсіресе, оған жастардан көп тартылуы қуантады. Т.Рысқұлов пен Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейлерінің, аудан орталығындағы басқа да білім ұйымдарының оқушылары флешмоб сазымен спорттық билерін көрсетті. Әрі қарай спорт мектептерінің жаттықтырушыларының көрсетуімен гимнастикалық жаттығуларға кезек берілді. Соңы концерттік бағдарламаны тамашалауға, түрлі спорттық жарыстарға ұласты.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.