СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ МАРАПАТТАЛДЫ

Сейсенбі, 10 Желтоқсан 2019 00:00 Жарияланды Спорт Оқылды 180 рет

Салтанатты жиын

 

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары әлемдік қауымдастықтағы халықаралық қатынастарда, экономикада, әлеуметтік салада, саясатта және тағы басқа салаларда көптеген жетістіктерге жетті. Олардың барлығы да Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегімен тығыз байланысты болды. 1-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай, «Өнер» мектебінде салтанатты жиын өтті. Аудан әкімі Т.Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы міндетін атқарушы С.Сеңгірбаев және аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Нәмешов барша қазығұрттықтарды мерекемен құттықтап, ауданымыздың көркеюі мен экономикасының өсуіне өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтарды марапаттады. Олар елімізде бірлік пен ынтымақтың сақталуына, халықаралық аренада беделінің өсуіне, демократиялық үрдістердің қалыптасуына Елбасының орасан зор үлес қосқанын, содан да Қазақстан әлемдік қауымдастыққа кеңінен таныла білгенін, өзінің де сарабдал саясатшы, мемлекет қайраткері ретінде әйгілі болғанын баян етті.

Аудан әкімінің баспасөз хатшысы С.Қалботаев ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», елордамызда жоғары деңгейде ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін ұйымдастыруға үлес қосқан «Аманкелді» ЖШС-нің директоры Н.Құралов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Қалдыкөзов және Қ.Әбдалиев ауылы округінің әкімі О.Қазыбаев үшеуі Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Ташкент қаласында жасөспірімдер арасында грэпплингтен өткен Азия чемпионатында І орын алған Н.Сейітбек, ІІ орынды иеленген Р.Төреқұлов және олардың бапкері Т.Нұрақов аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және бағалы сыйлықпен марапатталса, футболдан аудан әкімінің жүлдесі үшін өткен біріншілікте І орын алған рабаттық «Заңғар» командасына алтын медаль, 150 мың теңгелік сертификат пен кубок, ІІ орынды иеленген «Қазығұрт-2» командасына күміс медаль мен 100 мың теңгелік сертификат, ІІІ орын иегері Шарапхана командасына қола медаль мен 50 мың теңгелік сертификат табыс етілді.

Жасөспірімдер арасында шахматтан өткен облыстық турнирде ауданымыздың намысын қорғап, І орын алған «Еңбекші» жалпы орта мектебінің оқушылары С.Шаукен, А.Аманкелді, Ы.Қуаныш, А.Алмағанбет пен «Болашақ» мектеп-гимназиясының оқушысы Т.Разақ және жаттықтырушысы Б.Дәулетов аудан әкімінің «Алғыс хатына», сондай-ақ, 50 мың теңгелік сертификатка ие болды.

Волейболдан өткен ҚР-ның «Бірінші жастар ойындарында» ІІІ орын алған «Қазығұрт қарлығаштары» командасына жаттықтырушылары Е.Абдуллаев пен Е.Лесбаев аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен 100 мың теңгелік сертификат табысталды.

Жиын соңы концертке ұласты.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.