ЖЕРЛЕСІМІЗ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Жұма, 05 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Спорт Оқылды 110 рет

111 Нұрдаулет Қалшора

Қалшора Нұрдаулет Азаматұлы 1999-жылдың 17-шілдесінде Қазығұрт ауданы, Қызылқия елдімекенінде дүниеге келген.
Нұрдаулет Қалшора ағымдағы жылдың 16-24 аралығында Италияның Лидо-ди-Йезоло қаласында өткен Әлем чепионатында кикбоксингтің К-1 нұсқасы бойынша жарыс жеңімпазы атанып, ересектер арасында кикбоксингтен «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды.
Апенин түбегіндегі жарыста 65 мемлекеттен келген 1600-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 17 медаль иеленді.
Қазіргі таңда еліміз бойынша кикбоксинг қарқынды дамып келеді. Біздің елде спорттың бұл түріне деген қызығушылық өте жоғары. Сондықтан, кикбоксингтің өріс алып, оны жастар арасында кеңінен насихаттау үшін мемлекет барлық жағдайды қарастыруда.
Н.Қалшора мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап спортқа ден қойған. Өзі оқыған Шымкент қаласындағы З.Космодемьянской атындағы №23 мектепте 3-4 сыныптарда каратэ секциясына қатысып, «қоңыр белбеу» иегері атанды. 7-ші сыныптан Шымкент қаласындағы Қажымұқан стадионында бокс үйірмесіне қатысады. 8-ші сыныпта облыстық Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектебінің бокс бөліміне оқуға түсті.
Ал, мектептегі оқуды Ақмола облысы Степногорск қаласының Бөгенбай батыр атындағы дарынды балалардың спорт мектебінде тәмамдады. Спорт мектебінде оқып жүріп жасөспірімдер арасында Ақмола облыстық турнирінде 2-ші орын, Ресейде өткен турнирде 3-ші орынды иеленіп, бокстан «спорт шеберіне үміткер» атағын алды.
2017-жылы Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне оқуға түседі. Университетте оқып жүргенінде қазіргі бапкері Арман Сағалбаевпен танысып, спорттың кикбоксинг түрімен шұғылдана бастайды.
2017-жылдың соңында Ресей Федерациясының Анапа қаласында жасөспірімдер арасында өткен Әлем кубогінің жеңімпазы атанды.
Одан кейін, бокстан студенттер универсиадасында 2-ші орын, кикбоксингтен студенттер универсиадасының жеңімпазы атанып, кикбоксингтен «Спорт шеберлігін» орындады.
2021-жылдың мамыр айында Семей қаласында өткен кикбоксингтен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы болды.

1212 Н.Қалшора
Н.Қалшораны 1-қараша күні Шымкент қаласында аудан әкімі А.Абдуллаев, аудан ардагерлері, мәслихат депутаттары, ауданымыздың жастары зор құрметпен күтіп алды. Ерекше сый-құрмет көрсетіліп, аудан әкімі, ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров аудан тұрғындарының атынан чемпионға алғыс білдіріп, арнайы сыйлық пен «Алғыс хат» табыстады.
Жерлесімізге өмір мен спорт белесінде алар асуларың көп болсын дегіміз келеді!

ОЛЖАС ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ.