ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

Жұма, 12 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Спорт Оқылды 62 рет

204 турнир

Жуырда Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауыл округі қарасты Қарабастау мекте­бінде ҚР ІІМ Министрлігінің Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының түлегі, полиция лейтенанты Мейрамбек Нұрділләұлы Рахматуллаевты еске алуға арналған волейболдан республикалық турнир өтті. Аталмыш турнирге Алматы, Ақтөбе, Қазығұрттан ала допты алақанын­да ойнатқан 9 команда қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатына ­аудан әкімінің орынбасары Т.Қалымбетов, ҚР ІІМ-нің Есболатов атындағы Алматы Академиясының бастығы, полиция полковнигі Айдар Мүтәлікұлы Сайтбеков, ҚР ІІМ-нің Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығы полиция полков­нигі Алтай Бейсенұлы Байсұлтанов, Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің бастығы Е.Тасполатов қатысты. Жиында келген қонақтар Мейрамбектің ерлігін айтып, рухына тағзым етті.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға Алматы қаласында 2016-жылы орын алған. Жас маман қызметтік міндетін атқару кезінде қылмыскерлердің қолынан ажал құшады. Шара барысында әріптестері мен достары Мейрамбекті бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті.
Турнирге қатысушылардың жүлделі орын иеленуші командалар мен үздік ойыншылар, кубокпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.


«Қазығұрт – ақпарат».