ҮЗДІК СПОРТШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жұма, 19 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Спорт Оқылды 48 рет

044 дш

Спорттың қоғамда алар орны ерекше. Себебі, спорт – ұлт мерейі, денсаулықтың, рухтың күштілігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті. Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің назарында болуы тиіс», – деген сөзі нақты істерге ұласып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері көк байрағымыз көптеген халықаралық жарыста биікке көтерілді. Бұл – спортшылар мен бапкерлердің, спорт саласында еңбек етіп жүрген мамандардың маңдай терінің жемісі. Ауданымызда спорттың дамуына үшбұлақтық саңлақтар да үлес қосуда. Жерлестеріміздің жарқын жеңістері күн санап артып келеді.
Жуырда Қ.Өмірәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына» байланысты Түркістан қаласында өткен республикалық ашық тур­ниріне жолдама алған болатын. Аталмыш турнирге мектебіміздің 2004-2005, 2007-2008, 2009-2010, 2011-2012 жылғы оқушылары қатысты. Жастар мен жасөспірімдер арасында өткен республикалық ашық турнирде мектебіміздің мақтаныштары мерейімізді асырып, жүлдемен оралды. Атап айтқанда, 28 кг салмақта Бектұрсын Иманәлі – І орын, 34 салмақта Тұрсынбай Нұрдаулет – ІІ орын, 26 кг салмақта Жаппар Дарын, 30 кг салмақта Алпысбай Дияс, 28 кг салмақта Төлебай Ерсұлтан, 48 кг салмақта Мұғал Жанболат – ІІІ орын иегері атанды.
«Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында спорт саласын дамытып, халықтың денсаулығын нығайту үшін арнайы спорт орталықтарын ашу қажеттілігін атап өтті. Сол арқылы саламатты өмір салтын қалыптастырып, дені сау ұлт қалыптасады. Осы ретте, ауданда спортты өркендетуге тың серпін қажет. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, сала жұмысын жандандырып келе жатқан бапкеріміз, бокс үйірмесінің жаттықтырушысы Н.Амангелдінің еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Сіздердің бұл жеңістеріңіз – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған нағыз тарту, нағыз ерлік деуге болады. Өздеріңіздей жастарымыз бар да біз әрқашан биіктей бермекпіз. Жоғары жетістіктеріңізбен қуаныш сыйладыңыздар. Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қажырлы еңбектеріңізді және спорт саласында әлі де талай биік шыңдарды бағындырып, шеберліктеріңізді әрі қарай жалғастыратындарыңызға сенімдімін», – деген мектеп директоры О.Салыбаев балғын спортшыларды марапаттап, жарыс жеңімпаздарына құрмет көрсетті.
«Спорт саласындағы әрбір жетістік елдің мерейін асырады. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатын жандарға көпшілік зор сенім артады. Сол сенім үдесінен шыққан спортшыға көрсетілетін құрмет ерекше. Мектебімізде бүгінде спортты серік еткен жандардың қарасы жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны қуантарлық жайт», – деп мектеп пен спортты жанына серік еткен жас спортшыларымызды тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Тұрлыбаев та құттықтады.


Нұрболат АМАНГЕЛДІ,
Қ.Өмірәлиев атындағы жалпы орта білім беретін

мектебінің «Үшбұлақ бокс» үйірмесінің жетекшісі.