ОЙЛЫ БОЛСАҢ, ОЗЫП КӨР!

Сейсенбі, 30 Қараша 2021 00:00 Жарияланды Спорт Оқылды 106 рет

5606

Шын мәнінде шахматшы болу үшін адам баласына ақылдылық, ойлылық және табандылық қажет. Өйткені, ол ой өрісті машықтандыратын спорт түрі. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойы және ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «Жеңіс» спорт кешенінде «Интеллектуалды ұлт» ұлттық жобасы аясында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында шахматтан «Ойлы болсаң, озып көр» атты аудандық жарыс өтті. Оған ауыл округтерінде болған байқауларда жүйрік шығып, іріктелген 36 оқушы қатысты. Турнирге шахматтан спорт шеберлігіне үміткер, ұлттық дәрежедегі төреші Бекзат Дәулетов төрелік жасады.
Қазығұрт аудандық мәслихатының хатшысы Өрісбай Көпеев сөз сөйлеп, беташар жүрісін жасап, турнирді ашты. ҚР Әнұраны орындалған соң, аудандық мәслихат депутаты Марат Нұран, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Құралбек Бұхаров, «Интеллектуалды ұлт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Балтабек Түйетаев сөзге шығып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ө.Көпеев басқа спорт түрлеріне қарағанда, ақыл-ойды шыңдайтын шахмат ойынынан жарыс сирек болып жүргенін айтып, осы аудандық турнирдің өтуіне қозғау салып, ұсыныс жасаған Б.Түйетаев пен Б.Дәулетовке және оларды аудан әкімдігі мен бөлім басшысы Қ.Бұхаровтың қолдап, жарысты тиісті дәрежеде ұйымдастырып отырғанына алғыс білдірді. Қазығұрт ауданынан шыққан қос аруымыз, Азия және әлем чемпиондары, шахматтан халықаралық дәрежедегі гроссмейстер атағына ие болған Гүлмира Дәулетова мен Жансая Әбдімәлікті атап, олардың ауданымыздың мақтанышы екенін сөз арасында келтіріп: «Міне, осы қос арудай жоғары атаққа, жетістікке жетіңіздер. Ондай болу қайда деген ойдан аулақ болыңыздар. Кім осы шахмат саласында тынбай ізденіп, еңбек ететін болса, сөз жоқ, жақсы нәтижеге жетеді», – деп жарысқа бағын сынап келген қатысушыларға үлгі етті.
Б.Түйетаев: «Шахмат – ақыл-ой тәрбиесі, интеллектуалды ойын. Бүгінгі турнирдің жастар арасында ұйымдастырылып отырғаны өте орынды. Еліміздің жастарынан интеллектуалды ұлт жасауға тырысуымыз керек. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Интеллектуалды ұлт» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – қазақстандықтарды жаңа формацияға тәрбиелеу, Қазақстанды бәсекелестік қабілетті адам капиталына бай елге айналдыру болып табылады. Оның жүзеге асуы үшін интеллектуалды тұлғалар сіздер сияқты жастардан шығу керек. Бүгінгі жарысты «Интеллектуалды ұлт» ұлттық жобасы аясында деп алып отырғанымыз, сіздер тек қана білімде, оқуда ғана емес, ақыл-ой тәрбиесінде де үлкен жетістіктерге жетсе деп отырмыз. Қазығұрт өңірінде осындай зияткерлік ойынды, өнерді меңгерген интеллектуалды ұрпақ өсіп келе жатқанына қуаныштымыз», – деді. Әл-Фарабидің еңбектерінде зияткерлік өнер туралы айтылса, Абай бос уақытында тоғыз құмалақ пен дойбы ойнаған екен. Міржақып Дулатов 10 жыл шахмат ойнап, өмірін сақтап қалғаны туралы дерек бар. Шәкәрімнің өлеңдерінде шатыраш ойыны туралы сөз болса, осыдан жүз жыл бұрын Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Мүсірепов «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетіне «Ханқамау» деген мақала жазып, шахматтың қазақша баламасы мен фигуралары туралы анықтама беріп, ойынның жастарға пайдасы жайында айтып, насихаттаған екен. Ән падишасы Шәмшінің ойнаған шахмат тақтасы сақталыпты.
Шахмат жарысында «Еңбекші» жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Сандуғаш Шаукен І орын алып, алтын медальмен бірге кубок пен 40 мың теңге сертификатпен (жаттықтырушысы Асылжан Ережеп), «Болашақ» мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Теміртас Разах ІІ орынды иеленіп, күміс медаль және кубок пен 25 мың теңге сертфикатпен (жаттықтырушысы Айкүн Шушбаева), «Еңбекші» жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Қарақат Мырзахан ІІІ орын алып, қола медаль және кубок пен 15 мың теңге сертификатпен (жаттықтырушысы Асылжан Ережеп) марапатталды. Тағы да жоғары көрсеткішке жеткен он оқушыға диплом және ынталандыру сыйлығы берілді.
Жиын соңында «Еркін ой» газетінің редакторы Балтабек Түйетаевтың өткен жылы жарық көрген, шахмат туралы көптеген мағлұмат жинақталған «Шахмат – зияткерлік ойын» атты кітабы шахматшыларымызға тарту етілді.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.