ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР ОЙЫН КӨРСЕТТІ

Жұма, 25 Наурыз 2022 00:00 Жарияланды Спорт Оқылды 149 рет

5f112fc5-3ea3-4e78-8abd-8459578dfedd

Жуырда жыл сайынғы дәстүрге айналған ауданымыздың қыз-келіншектері арасында волейболдан ауыл округтері командаларының біріншілігі өтті.
Біріншілікті аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Серкебаев, ардагер спортшы Б.Телікбай қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтап, жарысты ашып берді. Командалар сап түзеп, Қазақстан Республикасының Гимні орындалды.
Сайысқа 19 команда қатысып, олар 4 топқа жеребе тастау арқылы бөлінді. Топтық жарыстың нәтижесінде, әр топта орын алған «Ащыбұлақ», «Қызылдихан», Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин атындағы командалар чемпиондыққа таласты.
Жеребе тасталып, жартылай финал «Ащыбұлақ» – С.Сейфуллин 2-0, Т.Рысқұлов – «Қызылдихан» 2-0 болса, ІІІ-орынға ойнаған «Қызылдихан» – С.Сейфуллин 2-0, ал, финалдық бәсекеде Т.Рысқұлов командасы «Ащыбұлақты» 2-0 есебімен ұтып, тұңғыш рет аудан чемпионы атанды. (мектеп директоры Н.Ерназаров).
Жарыс қорытындыланып, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Серкебаев жеңімпаз командаларға гүл шоқтарын сыйлап, марапаттады.
Ойын өз дәрежесінде өтті. Командалар өте жақсы дайындалғандығын көрсетті. Бұл қыз-келіншектердің спортқа қызығушылығының артқанын, салауатты өмір салтын ұстануында деп ойлаймын.
Жарысты республикалық дәрежедегі төреші Сапар Тәженов басқарды.
Сабақтастық жөнінде айтып кетсек. Осы жарыс басталғанда №11 мектеп-интернат, Айнатас, Комсомол, Денсаулық, Тұрбат командалары әр біріншілікте жоғары ойын көрсететін. Әсіресе, №11 мектеп-интернат командасы осы турнирдің 7-рет қатарынан чемпионы, кейінгі кездері 1-2 орыннан көрініп жүрген болатын.
Өкінішке орай, бұл команда группадан шыға алмады.
№11 санаторий типтес мектеп-интернатының қыз-келіншектері тек аудан емес облыстық жарыстарда да биіктерден көрінді.
Команда ойыншылары Мария Байтұрсынова, Ақмарал Айдарова республикалық жарыстарға қатысты.
Құрамадағы Сара Әбуова, Г.Сүйіндікова, Б.Дауылбаева, Л.Садыбаева, К.Пірназарова жасындай жарқырады.
Мария техникасымен, Сара апайдың оқтай зулатып доп берісін, Ақмаралдың ойынын көрген аудан волейболын дамытқан спорт шеберлері А.Шауполатов, С.Есіркепов, К.Төреқұловтардың ой мынау қайдан шыққан қыздар деп таң қалғандары әлі есімде.
Осы қыздарды Бекзат Ағабеков екеуіміз жаттықтырып, ауданның қыз-келіншектері арасында көп жылдар бойы чемпион болу бақытына ие болдық.
Әрине, келіншектердің үй шаруасынан қолдары босай бермейді, сонда да уақыт тауып, ұжымдарда жас қыз-келіншектер жеткілікті. Соларды денешынықтыру мен спортқа қызығушылығын арттырсақ, жоғарғы деңгейдегі жүрген апайларымыздың ізбасарлары шығар еді – деп ойлаймын.

Б.ТЕЛІКБАЙ,
ардагер спортшы.