АРУЖАН БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ!

Жұма, 20 Мамыр 2022 00:00 Жарияланды Спорт Оқылды 127 рет

Ауданымыздың спорт саласын дамытуда үлес қосып келе жатқан Аружан Елікбаева біздің мектебіміздің ғана емес ауданымыздың мақтанышы. Мектебіміздің түлегі, грэпплингтен спорт шебері Елікбаева Аружан жастарға үлгі ететін, мақтаулы спортшы қызымыз.

e3ae47bf-3e1c-4b07-9a86-9bc280e5a05e
Ол 2003-жылы Қазығұрт ауданы, С.Рақымов ауыл округіне қарасты Майбұлақ ауылында дүниеге келген. «Майбұлақ» жалпы орта білім беретін мектебінің түлегі. Бүгінде Аружан қызымыз грэпплингтен әлемдік додаларда бағын сынап жүр. Аружан Елікбаеваның жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе. 2019-жылы Қазақстан Республикасы «Жастар» жылына арналған дзюдодан 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасында Шымкент қаласының чемпионатында 57 кг салмақта 3-орын иегері атанса, Қазақстан Республикасының кубогі 2019 жылы 16-17 жас аралығында 56 кг салмақта грэпплингтен 2,3 орын иегері атанды. 2021-жылы Қазақстан Республикасы чемпионатында 18-20 жас аралығында 53 кг салмақта грэпплинг күресінен Шардара қаласында 2,3 орынды місе тұтты. 2021-жылы Ресей федерациясы Уфа қаласында жасөспірімдер арасында өткен грэпплингтен әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. 2022-жылы наурыз айында Ақмола облысында 18-20 жас аралығында 53 кг салмақта грэпплингтен /UWW/ Қазақстан кубогының күміс, қола жүлдегері. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында спорттың «Кураш» түрінен өткен сайыста Қазақстан Республикасы чемпионатында 52 кг салмақта ІІІ-орын алды. 7-8 мамырда Қостанай қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында 18-20 жас аралығында 53 кг салмақта грэпплингтен қола және алтын медаль иегері атанып мерейіміз үстем болып отыр.
«Жарыс алдында екі апта оқу-жаттығу жиындары болады. Сол екі аптада толықтай жаттығуға беріліп, режим ұстаймыз: дұрыс әрі уақытылы тамақтану, уақытында ұйықтау, осылай күнтізбеге үйренген соң жарыс­та жеңіл болады. Себебі, жарыстар таңертең ерте басталады. Таңертең тұра салып күресіп кетуге организмің дайын болуы керек. Расында да спорт өте қиын, көп жарақат аласың. Оны біреу соңына дейін емдейді, біреулер аяғына дейін жеткізбей жаттығуларын қайта бастап кетеді. Сол жағынан қателік болмаса, меніңше, қыз балаға спорттың ешқандай зияны жоқ», – дейді Аружан.

Уалихан ҚАБЛАНОВ,
«Майбұлақ» жалпы орта білім
беретін мектебінің ұйымдастырушы педагогы.