ШАХМАТ АҚЫЛДЫЛАР ОЙЫНЫ

Жұма, 24 Маусым 2022 00:00 Жарияланды Спорт Оқылды 229 рет

 221

Жуырда П.Акбаров атындағы негізгі орта мектебінде айтыскер ақын, жыршы Көлбай Майлыбаевты еске алуға арналған шахматтан аудандық турнир өткізілді. Турнирді ақынның ұрпақтары мен мектеп ұжымы ұйымдастырды.
Жарысқа аудан мектептерінен 104 оқушы командалық есеппен қатысты. Облысқа танымал шахматшы әрі төреші Бекзат Дәулетов жас шахматшылар сайысына төрелік етті. Жарыстың ашылу салтанатында К.Майлыбаевтың көзін көрген, Жамбыл атындағы мектепте бірге жұмыс істеген әріптестері С.Сейдалиев пен О.Меңлібеков сөз алып, ақынның біз білмейтін қырларынан сыр шертті.
Шахмат сүйер жастарға стимул беретін турнирде қанаттанып келе жатқан балапандар мен бірнеше жарыс­тарда жеңімпаз болып танылып үлгерген жастар да бар білетін әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Соның арқасында жарыс қызықты да тартысты болып өтті. Жарыстың нәтижесі бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Бірінші орынды «Еңбекші», екінші орынды Ы.Алтынсарин, үшінші орынды Жамбыл атындағы мектептері иеленді. Жарыс қорытындысымен жақсы ойнаған және алғаш қатысып отырған ең жас шахматшылар да сыйлыққа ие болып, 18 оқушы мақтау қағазымен марапатталды.
Жастарды спорт ойынына баулып, салауатты өмір салтын насихаттау мен ауданымыздың осындай айтулы азаматтарын еске алуға арналған іс-шаралар көптеп өткізіліп тұрса, ұрпақ тәрбиесінен жаңылыспайтынымыз ақиқат.

Ш.МАЙЛЫБАЙ,
П.Акбаров атындағы негізгі орта мектебінің
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.