ТІРКЕУДЕ ӨЗГЕРІС БАР МА?

Дүйсенбі, 30 Қазан 2017 00:00 Жарияланды Сұхбат Оқылды 260 рет

Қазір медицина саласында өзгерістер орын алуда. Емханалар ауруханаға қосылып, жаңа ұжым боп жұмыс істеуде. Емханаға тіркеу, медициналық қызмет, т.б. алуан сауалдарға жауап іздеп Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мұхтар Сапарбекұлына бірнеше сауалдар қойған едік. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мухтар089


– Мұхтар Сапарбекұлы, емханаға қалай тіркелуге болады?
– Егер бұрынғы емхананың қызметіне көңіліңіз толатын болса, тіркелу науқаны кезінде қайта тіркелудің қажеті жоқ.
Емхананы басқа жерге көшкен кезде, басқа жұмысқа немесе оқу орнына ауысқанда, жазасын өтеу мерзімі аяқталуына, әскери қызметін өтеп болуына байланысты, БМСК ұйымы қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылған жағдайда ауыстыруға болады. Сондай-ақ, сіз емхананы бұрын тіркелген емхананың қызмет сапасына қанағаттанбаған жағдайда да ауыстыра аласыз.
Тіркелудің екі түрлі әдісі бар: бірінші тәсіл бойынша Fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөліміне кіріп, тиісті емхананы таңдаңыз. Сол емханаға барып, жеке куәлігіңізді көрсетесіз. Емхананың тіркеу бөлімінде бас дәрігердің атына еркін формада өтініш жазасыз.
Ал, екінші тәсіл бойынша Fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөліміне кіріп, тиісті емхананы таңдаңыз. www.egov.kz порталына кіріп, тіркеліңіз және «Онлайн сұрау» батырмасын басыңыз. Өтінішті толтырып, жолдаңыз. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет емес.
Жеке кабинетке кіріп («Қызметтерді алу тарихы» бөлімі) тіркеу туралы анықтамамен танысыңыз.
Сіз емханадағы белгілі бір дәрігерді таңдадыңыз делік. Егер аталған маманға тіркелген азаматтардың саны тиісті нормадан асып кеткен болса, сізге басқа дәрігерді ұсынуы мүмкін.
– Емхана таңдауға қатысты қандай кеңес бересіз?
– Таңдаған емханаңыздың үйге, жұмыс орнына жақын, жаяу 15-20 минутта жететін жерде болғаны абзал. Бұл отбасы мүшелері сырқаттанып қалған жағдайда дәрігердің үйге келіп, шұғыл көмек көрсетуіне ыңғайлы болмақ.
– Отбасына қызмет көрсету принципіне тоқтала кетсеңіз?
– Отбасы мүшелерінің қандай ауруға бейім екенін, олардың денсаулық жағдайын жақсы білетін отбасылық дәрігер тиімді ем-дом жасай алады. Сонымен қатар, сіз (отбасындағы ересектер үшін) учаскелік терапевтті де, педиатрды да (18 жасқа дейінгі балалар үшін) таңдай аласыз.
– Емханаға өзім барып, отбасының өзге мүшелерін тіркей аламын ба?
– Иә. Ол үшін отбасындағы ересектердің бас дәрігер атына жазған тіркеу туралы арызы, сондай-ақ, тіркелетін отбасы мүшелерінің жеке куәліктері қажет.
18 жасқа толмаған балаларды ата-анасы немесе қамқоршысы тіркей алады. Ол үшін өзінің және баланың жеке құжаттары талап етіледі. Өтініште өзіңізбен бірге балалардың да тіркелетінін жазып көрсетуіңіз керек.
– Бір уақытта бірнеше емханаға тіркелуге бола ма?
– Жоқ, азаматтар тек бір ғана емханаға тіркеле алады.
– Емхананы қалай таңдаймыз?
– Біріншіден емхана жақын маңда болғаны дұрыс. Емхана үйіңізге неғұрлым жақын орналасса, көмек те соғұрлым жылдам көрсетіледі. Бүкіл отбасына қызмет көрсетілгені абзал. Бүкіл отбасыңызды бір дәрігер қараса, ем де тиімдірек болады.
– Емхана мені тіркемей қоюы мүмкін бе?
– Емханаға тіркелгендер саны шектік мөлшерден асып кеткенде.
– Үйіңізден қашықтағы емханаға тіркеліп, дәрігерді үйге шақырғыңыз келсе.
– Емханаға тіркелгеннен кейін медициналық қызметтерді қай кезден бастап пайдалануға болады?
– Тұрғылықты мекенжайын ауыстырған жағдайда (басқа ауданға, қалаға көшу) –
тіркелгеннен кейін емхана қызметін бірден пайдалана бастайсыз.
Басқа жаққа қоныс аудармасаңыз да емхананы тіркеу науқаны кезінде бір рет ауыстырған болсаңыз, медициналық қызметті келер жылдың 1-қаңтарынан бастап пайдалана аласыз (яғни, жылдың соңына дейін медициналық көмекті бұрынғы емханаңыздан аласыз).
– Үйге дәрігер шақыру жайлы айта кетсеңіз?
– Есіңізде болсын, сізді үйіңізге барып қарау туралы шешімді тіркелген дәрігеріңіз қабылдайды. Егер сіз тіркелген емхана қызмет көрсететін аумақтан тыс жерде тұратын болсаңыз, емхана сізді үйге дәрігер шақыру құқығынан айыра алады.
– Шетел азаматтарын тіркеу туралы не айтар едіңіз?
– Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты және уақытша тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар тіркеу науқаны кезінде кедергісіз тіркеліп, 2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап; ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесі шеңберінде медициналық көмек алуға құқылы. Сондықтан емхана аталған тұлғалардың өтінішін қабылдауға және оларды тіркеуге міндетті.
– Ал, емхана ауруханаға біріккенмен, қызмет көрсету, тіркеу сферасында айта қоярлықтай өзгеріс жоқ десеңізші...
– Ия. Тек ықшамдау мақсатында аурухана мен емхана біріккені болмаса, тіркеу, таңдау мәселесінде, яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ешқандай өзгеріс жоқ.
– Арнайы уақыт бөліп, сауалдарыма жауап бергеніңіз үшін рахмет! Елге жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Райхан ӘШІРБАЕВА.