«Ынтымақ бар жерде, береке-ырыс бар», – дейді тұрбаттық Бахром Сабитов.

Дүйсенбі, 09 Шілде 2018 00:00 Жарияланды Сұхбат Оқылды 184 рет

Сұхбат

  

Бахром Сабитов

       Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы көп ұлтты этностар арасында үлкен серпіліс туғызып, ұлттар достығын нығайта түсуге ықпал етуде.

Осыған орай, өзбек мәдени орталығының белді мүшесі, белгілі ұстаз, «Қазанның ХХХ жылдығы» атындағы жалпы орта мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Бахром Сабитовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн санадым.

              Бахром, Сізге алғашқы сұрақ. Өзіңізге мәлім, 2018-жыл Қазақстанда «Өзбекстан жылы» деп жарияланды. Мұны Сіз және өзбек бауырлар қалай қабылдады.

              Өте орынды сұрақ. Шын мәнінде, ежелден өзбек пен қазақтың өзара достығы тым әріден басталады. Екі ұлт үшін ортақ мүддеміз көп. Базарымыз да, мазарымыз да бір. Тіпті, салт-дәстүрімізде де алшақтық жоқ. Сондықтан, болар «Өзбек, қазақ бір туған» деп жатады. Меніңше, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанда «Өзбекстан жылы» деп өз Жарлығын жариялауы – екі ұлттың достығымен өзара бірлігін одан әрі нығайта түсуге бағытталған десем артық айтқандық болмас.

       Елбасының бұл ұсынысын өз басым үлкен қуанышпен қарсы алдым. Өзбек бауырларым да шын жүрегімен қабылдап, Елбасыға деген ризашылығын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізуде.

       Қазақстанда «Өзбекстан жылы» деп жариялануына орай өзбек мәдени орталығы арнайы іс-шаралар жүйесін жасаған болар...

              Әрине, өзбек мәдени орталығы бұл мәселеге айрықша көңіл бөлуде. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Біздің тіліміз, мәдениетіміз, дініміздің тамыры бір. Сол себепті біздерге бірлікте өмір сүруден басқа жолымыз жоқ. Өзара байланыстарды жалғастыру үшін әрекет қолдау керек деген сөздерді көрші Өзбекстан Республикасына қарата айтқаны бізге мәлім.

   Солай екен, өзбек пен қазақ ұлттары ежелден бір-бірімен тату, достық қарым-қатынаста болып келген. Алдағы кезде де бола береді.

              Іс-шаралар өткізілуде деп қалдыңыз. Мүмкін болса, соның біріне тоқтала кетсеңіз?

              Осы үстіміздегі жылдың сәуір айында өзбек мәдени орталығының тікелей ұйымдастыруымен Тұрбат ауылында Өзбекстан халық жазушысы, жерлесіміз Тураб Туланың 100 жылдығына орай «Әдебиеттер достығы – халықтар достығы» атты мүшайра өткізілді. Әдеби кешті өзім жүргізіп отырдым.

     Бұл іс-шараға облыс көлемінде еңбегімен елге танылған зиялы қауым өкілдері қатысты. Өз пікірлерін де білдірді. Солардың қатарында ОҚО білім басқармасының әдістемелік өзбек тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі Шахло Жамалқызы Наралиева «Әр топырақтың жарқыраған өз жұлдызы бар» деген тақырыпта баяндама жасады.

     Осы басқосуда бір топ ақын-жазушылар Мархаббат Байғұт, Нармахан Бегалиев, Өзбекстан Республикасы Жазушылар Одағы қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Мехманқұл Исламқұловтың халық жазушысы Тураб Тула жөніндегі айтқан естеліктері көпшіліктің көңілінен шықты.

Бұл іс-шара жөніндегі материалдар мерзімді басылымдарда жарияланып, телеарналарда арнайы көрсетілді.

              Орынды ұйымдастырылған іс-шара екен. Одан басқа да бас қосулар болды ма?

              Иә. Жыл сайын Қазақстанда мекен еткен өзбек ұлтының «Достық» қоғамдастығының және облыстық білім басқармасының басшылығымен мектеп бітіруші өзбек сыныптастарының арасында «мемлекеттік тілді білу – парызым» атты байқау болып өтті. Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілді құрметтеу, оны үйренуге оқушылардың қызығушылығын арттыру болатын. Облыстық өзбек драма театрында өткізілген бұл байқауда 17 үміткер бақ сынасты. Осы байқауда Қазығұрт ауданының намысын қорғаған «Қазанның ХХХ жылдығы» жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Мәдина Абдикаримқызы Полатова жүлделі үшінші орынды және Шымкент университетінің білім грантын жеңіп алды. Мәдинаның жүлделі орын алуына пән мұғалімі Зәуре Қырықбаеваның қосқан үлесі мол.

              Бізге мәлім, таяуда ғана Сіз ОҚО халық Ассамблеясының кезекті сессиясына қатысып қайттыңыз. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.

              Иә, өзіңізге мәлім, Қазақстанда халық Ассамблеясы институтының құрылып, оның өзі ұлттардың өзара қарым-қатынасына, достығына қызмет етуде. Бүгінгі таңда Қазақстанда 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар өзара татулықта, ынтымақта ғұмыр кешуде. Бұл халық Ассамблеясын ұйымдастыруда, оған жанды басшылықты құрметті, мәртебелі Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзі жүргізіп келеді. Қазіргі таңда Қазақстан халық Ассамблеясының жергілікті жерлерде өз ұйымдары құрылған. Сондай ұйымның бірі – ОҚО халық Ассамблеясы. Өткенде ғана Шымкент қаласында осы ұйымның ХХІ сессиясы болып өтті. Оған ауданнан Өзбек ұлттық мәдени бірлестігінің төрағасы Жаблон Сабитов екеуіміз қатыстық.

Сессия жұмысында Қазақстан Республикасы өзбектері «Достық» қауымдастығының төрағасы И.Хашымжанов баяндама жасады. Баяндамада негізінен жастарды тәрбиелеу, оларды теріс діни ағымның арбауынан қорғау, тілді үйрену, отансүйгіштік, кәсіпкерлікке тарту мәселелері кеңінен талқыға түсті.

              Сіз Тұрбат ауылы ардагерлер кеңесінің белді мүшесісіз, әрі ұстазсыз. Ауылдағы бүгінгі жағдай жөнінде бір-екі ауыз айта кетсеңіз.

              Тұрбат – өзіндік тарихы бар ауыл. Ысмайыл ата кесенесімен ауылымыз киелі де, қасиетті. Содан болар, ауылға зиярат етіп келушілердің қатары жыл санап артып келеді. Ауылда 10380 халық тұрады, оның жартысынан астамы өзбек ұлтының өкілдері.

Қазіргі таңда ауылда «Жаңа тірлік», «Тураб Тула», «Қызыл дихан», «Қазанның ХХХ жылдығы» жалпы орта мектептерінде өзбек сыныптары бар.

     Мектеп бітіруші түлектер 20,30 жылдық кездесулерін өткізіп, ауылдың көркеюіне, абаттануына өз үлестерін қосып келеді. Бұл аса құптарлық жақсы дәстүр болып, жыл сайын жалғасын табуда.

Ауыл ардагерлер кеңесіне, оның алқа мүшелері мен төрағасы Төле Ағабековке, ауылдың төбе биі Намазбай Бектаевқа тұрғындар риза. Өйткені, олар елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға, жастарды жат әдеттен аулақ ұстауға тәрбиелеп жүр.

       Әр аптаның жұма күні ауыл ақсақалдары бас қосып, ауылда болып жатқан мәселелерді талқылайды. Оң жұмыс болса, қолдап, теріс іс болса, тезге салуды да ұмытпайды.

              Мазмұнды да, мәнді сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбатты жүргізген   Жорабек МАХАНҰЛЫ.

Тағыда осы категорияда: « ТІРКЕУДЕ ӨЗГЕРІС БАР МА?