«Олардың ерлігін еске алсам, қазақ елі ешқандай жауға жеңілмейтіндей көрінеді»

Жұма, 08 Ақпан 2019 00:00 Жарияланды Сұхбат Оқылды 41 рет

Абдіразақ Қамбарбеков, Тәжік-Ауған соғысының ардагері:

Абдиразак

 

Абдіразақ Абдіманапұлы, тәжік-ауған соғысының зардабы әлі күнге дейін жүректердегі жараны жазған жоқ. Тәжікстанда қалай, қай әскер құрамында болдыңыз?

– Біз Қордай ауданы, Отар станциясы маңында орналасқан Отар дивизиясынан Танк полкі сардары жедел әскер сержанты дәрежесінде 1995-жылы Отар 4-жеке құрама атқыштар ротасы құрамында үш айлық күшейтілген таулы аймақтағы атыс жаттығуларынан сынақтан өтіп, 28-тамызда ТМД сыртқы шекарасын қорғау мақсатында, Тәжікстан Республикасы Таулы Бадахшан Автономиясы, Қалайхумб ауданында ҚазБат құрамында Қалайхумб шекара қорғаныс отрядының Вишхарв шатқалында орналасқан жауынгерлік бекетімізге аттандық.

Тәжікстанда қызмет ету кезеңіміз негізінен қыс мезгіліне тура келеді. Памир таулары биік-биік тік шыңдардан тұратын еді. Ол жақта біздегідей жазық жерлер өте аз кездеседі. Төменде асау толқындары сарқырап, атты адамды ағызып әкететін Пяндж өзені ағып жататын. Таулы Бадахшанның табиғаты, өзіне тән сұлулығы тәнті етіп, таң қалдырды. Заңғар таулардың қар басқан шыңдары, сарқырап аққан өзендер, тау бөктерлерінен сылдырлап аққан бұлақтар, төменде өскен жасыл-желек жеміс ағаштары мен тал-теректер, тау бөктеріне өзінше сән беріп тұрған аршалар суреттегідей әсем көрініс беріп тұратын. Мұның бәрі тамаша бір бейтаныс әлем еді.

Өзен бойлап жүйткіген жалғыз асфальт жолдың бойы толған анар, тұт жеміс ағаштары салбырап төмен иіліп тұрушы еді. Үлкендігі баланың жұдырығындай болып келетін анар жемістерінің дәмі тіл үйіретін тәтті болатын. Жаңғақтарын әлі жадымда, жұқа ірі-ірі қабықтары өзіне тән дәмді болып келетін. Ал, жергілікті халық тұт жемістерін жинап, оны кептіріп, талқан жасаушы еді. Талқаны тіл үйіретін. Оны жауынгерлер сникерс деп атайтын. Бұдан басқа да неше түрлі емдік қасиеті бар өсімдіктер өсетін. Оларды жинап алып, жергілікті тұрғындардан қалай пайдалану жолдарын үйреніп, емдік дәрі ретінде пайдаланушы едік.

Әңгімені қызықты етіп бастадыңыз, өзіңіз де тау баурайындағы ауылда туып-өстіңіз емес пе?

– Иә, 1975-жылы Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ елдімекенінде қарапайым мұғалім отбасында дүниеге келдім. Осында мектеп бітірген соң, Қапланбек мал дәрігерлік техникумына ветеринар мамандығына оқуға түсіп, 1994-жылы әскер қатарына шақырылдым.

Қазір «Қазатомпром» ҚҰК аймағында «КАТКО» Қазақ-Француз компаниясына қарасты Төртқұдық кен орнында «Көмек-1» құрылыс компаниясында еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі саласында жетекші инженер болып жұмыс жасаймын.

Сонымен, бастапқы тақырыбымызға қайта оралсақ... Дайындықты қай жерде өткіздіңіз?

– 1994-жылдың маусымынан бастап, Отар әскери гарнизоны, Танк полкінде алты айлық сержанттар дайындау курсынан өтіп, кіші сержант шенінде Танк полкі 1-баталонында қарулы күзет ротасында бөлімше командирі шенінде қызмет атқардым. Отар гарнизоны 55-мотоатқыштар полкінде Тәжікстанға баратын 4-ЖАҚР-на әскер құрамы жинақталып, үш (үш) айлық таулы аймақта атыс әдістерін меңгеру үшін күшейтілген дайындық курстарынан өттік. Дайындық курсын өткізу үшін біздің құрама атқыштар ротасын солдаттар арасында жоғарғы полигон аталып кеткен аласа тау арасында палаткаларға орналасқан әскери оқу жаттығу лагеріне орналастырды. Осы арада білікті әскери мамандардың басшылығында таулы аймақта атыс жүргізу әдіс-тәсілдері жаттығуларын жасадық. Жаттығу таң ертеңгі жүгіру, әскери спорттық жаттығулардан бастап, қару жарақтарды толыққанды меңгеру, шабуылдау мен қорғану әдіс-тәсілдерінен және де таулы аймақтар мен Тәжік және Ауған халықтары туралы түсіндіру жұмыстарынан тұрды. Дайындық кезінен әрбірімізге бекітілген Калашников автоматы АК-74 маркалы қаруларымыз болатын. Сол жеке қаруымыздың қыр-сырын толық меңгеріп алғаннан соң, басқа да автоматтар мен атыс құралдарынан атудан жаттығулардан өттік. Жеке құрама атқыштар ротасында ПК, АГС, СВД, минамет, тағы басқа қарулар мен гранаталардың құрылымдары мен пайдалану әдіс тәсілдерін үйретті. Бұдан басқа шабуылдау мен қорғану тәсілдерін бір-бірімізбен даусыз ыммен бұйрық беру, бір-бірін түсінісу әдіс-тәсілдерімен жаттықтық.

– Әскери лауазымыңыз қандай болды?

– Отар дивизиясы, Танк полкі 1-танк баталонында танк экипажы командирі едім, Тәжікстанға 3-взвод, 2-бөлімшеде қатардағы атқыш және минаметші болып бардым. Тәжікстанда байланыс бөлімшесі командирі қызметін атқардым. Міндетім – орталық Қалайхумб заставасы отрядымен, ротада вызводтардың арасында байланыс орнату және оның дұрыс жұмыс жасауын бақылау еді.

– Сарбаздар мен сардарлар арасындағы қарым-қатынас қалай еді?

– Сарбаздар мен сардарлар арасындағы қарым-қатынас бұйрықты емес, жолдастық өзара сыйластық негізінде болды. Сержанттар мен солдаттар командирлердің тапсырмасын мүлтіксіз орындап отырдық. Бұл біздің ротамыз қолбасшылығының әскери іс-қимылды жақсы ұйымдастырудағы үлкен жетістіктерін білдірді, себебі, жауынгерлік қақтығыс кезінде мүмкіндігінше адам шығынынсыз соғыс әрекетін жүргізуге үлкен септігін тигізді.

– Сол кездегі моральдық ахуалдың деңгейі туралы айтсаңыз...

– Сарбаздар мен сардарлардың көңіл-күйлері алғашқы кезде, бірінші жауынгерлік әрекетке дейін қорқудан көрі бөтен жерге, тау тасқа, бөтен елге деген қызығушылығы басым еді. Қыркүйек айының ыстық күндерінде айнала қоршаған биік-биік таулардың басындағы ақ қар басқан шыңдары бір ғанибет көрінетін. Алғашқы айлар бейтаныс аймақты қызықтаулар мен алғашқы ұрыс қимылдарының үрей, қорқулары аралас сезімдерінің арқасында тез өтіп кеткендей болды. Арада үш ай өткен соң үйге қашан қайтамыз деген ойда жүрдік. Себебі, ол жаққа үш ай мерзімге барғанбыз. Соңғы алтыншы айда сарбаздардың көңіл-күйлері біршама түсіп кетті. Себебі, барлығының ойын үйге, елге, жерге деген сағыныш жайлаған-ды. Және де соңғы кездегі Тәжікстандағы азаматтық соғыстың үдеп кетуі, жиі-жиі жер-жердегі қанды қақтығыс соғыстар бізді терең ойға салып, ішкі жан-дүниемізге біршама әсер ететін. Ал, жауынгерлік қимылдар кезіндегі күйіміз қорқудан гөрі сақтық пен қорғанысқа қарай басым еді. Мүлдем қорықпадық деп айта алмаймыз. Бірақ, бір екі жауынгерлік қимылдан соң солымызды танып, біршама жинақталып қалдық.

– Тәжік халқы жайлы пікіріңіз қандай? Қазақ солдаттарына деген олардың көзқарасы қандай еді?

– Олар да біз сияқты жақсы-жаманы бірдей халық дер едім. Тілі мен түр сипаты әрине, басқа. Сақал-мұрты қалың өсетін, шүңірек көз, қыр мұрынды. Бірақ, Ресей әскері құрамында қызмет ететін Хаким деген бір тәжік азаматы туралы өте жақсы ойда қалдым. Ол менің тәжік халқы туралы жақсы ой қалыптастыруыма ықпал етті. Себебі, ол адал дос, сенімді жолдас еді. Ал, жергілікті халыққа келсек, олардың қазақ әскеріне деген құрметті ерекше-тұғын. Қашан да бізді сый-құрметпен қарсы алатын. Қазақ әскеріне сенім білдіріп, арқа сүйейтін. Бірақ, оларды кейбір жағдайда кінәлаушылар кездеседі. Мен оны былай түсіндірер едім. Адам баласы қашан да ең бірінші өзінің амандығын ойлайды. Осы себепті олар айнала бейтаныс бөтен адамдарға, көп нәрсеге қорқып, сақтанып, сенімсіздікпен қарайтын.

– Ұмытылмай есте қалған оқиғаларыңыз бар ма?

Ол жақтағы барлық сәттерді еске түсіре аламын десем өтірік болар еді. Ия, кейбір оқиғалар есте қалғаны бар. Ең алғашында күзетте тұрған солдаттардан қарсы бетте күдіктілерді байқадық деген хабар келіп түсісімен, рота командирі А.Баймұқанов келісілген құпия сөздерді пайдалана отырып, орталық отрядқа осы туралы рацияда хабарлады. Біздің ротаға рация арқылы қарсы бетке күдіктілерге қарай барлау атыстарын жүргізу тапсырылды. Барлау атыстарына қарсы атылған жауап атыстан соң рота жауынгерлік дабылмен көтеріліп, жауынгерлік іс-қимыл басталғанда кеш батып қалған қараңғы мезгіл еді. Барлығымыз окоптарға жүгіріп барып тізіліп тұра қалып, әрбіріміз өз қорғаныс бағытымызды атқылай бастадық. Осы кезде біраз уақыттан бері оқшантайға оқталған оқтар жаңбырдың суынан, ауаның ылғалдылығынан тот басып қатып қалған екен. Сондықтан, біріміздің автоматымыз атылса, біріміздікі атылмай бойымызды қорқыныш пен үрей билеген кезіміз болды. Атыс соңында әр жерден оқ ату тоқтатылсын деген бұйрықтар беріле бастады. Осыны есітіп, атуды доғарып, окоп шетіне сүйеніп, тың-тыңдап тұрдым. Бір жерде атыс тоқтамай пулеметь пен автоматтар атысы өршіп тұрды. Бір жерлерде оқ ату тоқтап, не болғанын білмей, тыныштала бастаған кезде атыс болып жатқан жақтан окоптың ішімен қарайған біреу бізге қарай жүгіріп келе жатты. Мен атыс жаттығуларында үйреткендегідей бізді шабуылдауға келе жатқан моджахед екен деп жалма-жан оқтаулы дайын тұрған автоматты көтеріп атпақшы болып кезеніп қалғанымда, орнында тоқтай қалып, қолдарын көтеріп мен, мен, мен старшинамын деген дауыс шыққанда, атып жібере жаздап барып, әзер тоқтап үлгердім. Сөйтсек, ол бізге мән-жайды түсіндіруге келген старшина Сашка екен. Өмір жасы ұзақ болсын! Сөйтіп, старшинаның бір ажалдан аман қалғаны бар.

Біз осылай жауынгерлік дайындықта окоптардың ішінде таңды атырдық. Осы оқиғаның ертесіне бізге орталық отрядтан арнайы жасақ келді. Солардан естідік, бізге жасалған шабуыл алдамшы екен. Негізгі шабуыл бізден арыда көпірді қорғауға орналасқан ресей әскеріне болған екен. Онда бір взвод әскерден бес-алтауы мерт болып, қалғаны жарақат алған-ды. Бұлардың денесін сол күні түнге қарай қараңғы түсе біздің посттан алып өтіп кетті. Міне, біздің алғашқы жауынгерлік іс-қимылдарымыз осылай басталды.

Вишхарв жауынгерлік бекетіне барып орналасқан алғашқы кезіміз қыркүйек айы еді. Мен қасымда байланысшы жауынгер Бейсенбаев Жеңісбек екеуіміз түс ауа жоғарыда орналасқан постқа байланыс сымын тартып бара жатқанбыз. Күн ашық, жаймашуақ, қатты ыстық болмағанмен, жоғарғы постқа шығу жолы ауыр жолдардың бірі еді. Бірде тік жартастарға өрмелеп, бірде қиғаш қиыршық тас беткейлермен жүретін жолдары бар-ды.

Біз жоғарғы постқа шығуға жақындап қалғанбыз. Бір жақтан бірдеңе ысқырғандай болды да, айнала автомат жаңғырығы басып кетті. Не болды деп ойланганымызша, жоғарғы жақтағы постқа қарай жауған оқтың астында қалдық. Осыны көре сала, алдымыздағы биікте тұрған үлкен тастың тасасына қалай секіріп шығып, тасаға тығылғанымызды түсініп те үлгермедік. Осы кезде бүткіл рота шабуылға шығып, соғыс дайындығымызды білуге келген тыңшы топтың бетін қайтарғанбыз. Атыс көпке созылған жоқ. Бір сағаттың шамасында қарсы беттен әр жерден атылған автомат пен снайпер мылтығының даусын бақылап, сол тұсты нысанға алып атқылап тұрдық.

Кейіннен атқылау басылған соң түн қараңғысын пайдаланып бекетімізге қайта бармақшы болдық. Бірақ, түнде тіке беткейдегі тастардан аяқ тайып құлап кету қаупінің басымдығынан, таң атқанша орнымыздан қозғалмай отырдық. Таң ата қолдарым ауырсынғаннан оянып кетіппін. Қарасам жанымдағы әскер оянып қалған екен. Ол маған қарап күлімсіреп тұр. Мен де есімді жинап, байланысты жалғап, төмен түсуімізді ойластырдық.

Біз жоғары шыққан кезде ортаң белдегі жазықта бір солдаттың жатқанын көрдік те, ол кім деп ойланып тұрғанымда, жанымдағы Бейсенбаев Жеңісбек оны танып, қарулас жолдасымызды құтқаруға ұмтылды. Оны алып шығайық деп, соған қарай таспен өрмелеп жылжи бастады. Бұл солдаттың жатқан жері адам баруы қиын қиғаш жерде еді. Ол кешегі аласапыран атыс кезінде атыс бекетін ауыстырмақшы болғанда, атылған оқтан жарақат алып, төмен құлап кеткен екен. Жарақаты бар және құлаған кезде алған соққының әсерінен әлсіреп, дауыс беруге де шамасы келмей, өз денесін өзі көтеруге күші жетпей, алған жарақатынан қиналып жатыпты. Жеңісбек екеуіміз оны арқалап алып шығып, төмендегі постқа жеткіздік. Төменгі постқа басқа да екі жарақат алған жауынгерді алып келіп, командирлердің басшылығымен оларға фельдшер укол салып, алғашқы көмек беріп, қандарын тоқтатты. Орталық отрядтан арнайы машина келіп, жаралыларды Қалайхумға, медсанбатқа әкетті.

Тағы бір оқиға, әдеттегі қыс күндерінің бірінде Пазылбеков Мараттың постынан стационарлық телефон арқылы біздің атыс бекеттеріміздің сыртынан кешелі бері қимылдаған күдікті біреулердің іс-әрекетін байқадық деген хабар келіп түсті. Оған рота командирі тарапынан атыс бекетінде тұрып, күдікті тұсты дүрбімен жіті бақылап, сақтық, қорғаныс шараларын жүргізу тапсырылды. Және де взвод командирі Қ.Бұрханбаев қорғаныс бекетіне барып, барлық іс-әрекетке басы-қасында болып, басшылық жасады. Бұл жағдай орталық Қалайхум отрядына хабардар етілген соң ертесі күні орталық отрядтан барлаушы офицер келіп, біздің арамыздан барлаушы топ жасақтады. Осы арада күдікті қарулы топты байқап қойғанымызды сезсе керек, бізге Пазылбеков Мараттан тау басындағы қимылдың жанданғандай қарайған адамдармен көбейгені туралы хабар келіп түсті. Хабарды есітіп, әрекетке көшеміз дегенше, тау басынан біздің атыс ұяларымызға қарай пулемет, автоматтардан оқ қардай борады. Біз бірден қарсы шабуылға шығып, алдын ала дайындықтың арқасында қарсыластарға қарай оқты қарша жаудырдық. Бұл қақтығыс түс уақытынан түнге дейін жалғасты, автоматтарымыз бен пулеметтерімізді бірнеше мәрте қайта оқтап атыстық. Бұл қорғаныс кезінде бізге үлкен рөл атқарған ресей әскері тарапынан берілген минамет қаруы болатын. Взвод командирі Сархытхан Урстембаевтың басшылығымен минаметті ұтымды пайдаланып, тау басындағы қарсыласты, атыс ошағын нысанға алып толассыз атқылап тұрдық. Және де солдаттар «МУХА» деп атап кеткен граната мен құрылғысымен бірнеше рет атқыладық. Түнге қарай ұрыс қимылдары ақырындап бәсеңдеп барып, атыс тоқтатылсын деген бұйрықтан кейін атыс тоқтатылды. Қарсы жақтан ешқандай жауап болмаған соң, таң атқанша ұрысқа дайындық күйінде атыс ошағымызда отырып шықтық. Ертесіне таң ата, солдаттар арасында крокодил аталып кеткен екі МИ жауынгерлік вертолеттері моджахедтердің атыс ұясының төбесінен бақылап, барлау жасап, ешкімнің жоқ екеніне сенім білдірген соң, барлау тобымыз ту сыртымызда орналасқан дұшпанның атыс ұяларын тексеріп, оқ-дәрілер қораптарының, қару-жарақ сынықтары қалдықтарының, моджахедтердің киімдерінің қалдықтарын жәнеде жаралылардың қан іздерін көріп келді. Біздің үлкен қарудан атқан бір оғымыз атыс ошағының дәл ортасынан тиген екен. Осы кезде жаудың негізгі шабуылдаушы күші жойылған деген қорытынды жасады. Моджахедтердің атыс ұясын тастап кеткендеріне көз жеткізіп, онда күзет бөлімшесін орналастырып, айналаны бақылауға қойып кетті. Осылай біз бөлімше командирі, взвод командирі орынбасары Марат Пазылбековтың қырағылығы арқасында бізге сыртымыздан ұйымдастырылмақшы болған шабуылдың алдын алып, ротамызды аман сақтап қалдық.

  1. ...1996-жылдың ақпан айы болатын. Памир таулары қанша биік және суық болғанымен, бұл жақта көктем ерте келеді. Ақпан айының соңына қарай күн жылынып, айнала табиғат жандана бастайды. Бұл кезде мен жоғарғы қорғаныс бекетіндегі солдаттардың алдыңғы жауынгерлік қақтығыстарда жарақат алып, Қалайхумдағы отряд медсанбатында жатқандықтан, рота командирі байланыс торабын өз міндетіне алып, мені жоғарыдағыларға қосымша күш ретінде жіберген-ді. Бұл бекет жоғарыдағы негізгі орталық бекет саналатын, төмендегі жол бойынан 600-700 метрдей тік жартастардың жоғарысында, бір үйдің көлеміндей жерде орналасқан тегіс алаңқайдың шетінде жатқан түйедей-түйедей жартастардың ығына орналасқан бекет еді. Бекет қой тастардың панасына жерден қазып жасалған, үш блиндажан және де қарсы бетке қарата орналасқан бірнеше атыс ұяшығынан тұратын. Әр атыс ұяшығын әртүрлі қаруға бейімдеп, солдаттардың өздері жасап алған-ды. Бір бекетті ірі-ірі тастардың арасына, автоматты граната атқыш құрылғысына (АГС) бейімдеп жасаса, енді бірін құздың шетіне жақын өскен тау аршасы жанындағы тастардың арасына екі аяқты тіреуіші бар калашников пулеметіне ыңғайлап жасаған. Ал, снайперлер жоғарырақ барып, тау тастардың арасына аршалар қалың өскен жерлерге орныққан.

Маған бәрінен де қызық көрінгені, мұнда таң атып, күн шығып келе жатқан кезде Памир тауларының тамаша бір табиғат келбетін тамашалауға болатын еді. Осы көрініске бола таң ертең күнмен бірге жарыса тұрып, күннің қалай шыққанын тамашалайтынмын. Биік тау шыңдарына тау беткейіндегі тау аршалары ерекше әсем сән беріп тұрушы еді. Күннің алғашқы сәулесі Памир тауларының биік шыңдарындағы аппақ қарлармен шағылысып, ертегідегідей сағымдар ойнап, бейнебір тылсым дүниеге шақырып тұрғандай. Тау етегіндегі Пяндж өзенінің екі жағындағы беткейлерде орналасқан Тәжік және Ауған қышлақтары сұлбасы көрініп тұратын. Қалың өскен жеміс ағаштары мен тал-теректердің арасынан, әр жер-әр жерден көрінген үй шатырлары алақандағыдай бейне бір бейбіт күндерді сағынғандай күйде жататын. Екі тау ортасында ерке тайлақтай бұрқылдап, асау тау өзені Пяндж ағатын. Бұл әсем көріністі қышлақтың шет жағындағы ұрыс қимылдары барысындағы атыс кезіндегі қираған үйлер мен тас жол бойындағы қираған соғыс техникалары бұзатын.

Осындай бір мамыражай күндердің бірі болатын. Таң азанмен күннің шығуын күтіп, өзіміз орналасқан блидаждың шетінде тұрған едім. Кенеттен тау ішін жаңғырта атқылаған автомат үні естіліп, бойымды селт еткізді. Жігіттер жалма-жан блиндаждардан атып-атып шығып, қорғаныс бекеттеріне жүгіріп, өзіміздің белгіленген атыс бағыттарымыз бойынша, барлық атыс құралдарынан оқты қарша бораттық. Алғашқыдағыдай емес, жігіттер соғыс тәсілдерін, атыс бағыт-бағдарын жақсы меңгеріп алғаны анық білініп тұр. Атыстарға шыныққан нағыз жауынгерлер еді. Бұл жолы атыс ұзаққа созылмады, таң жарқырай атысымен, біртіндеп басыла бастады. Жан-жақтағы постағылармен байланыс орнатып, не болғанын анықтауға төмендегі орталық постқа адам жібердік. Жағдайды анықтауға, төменге кеткен екі солдат кеш қараңғысымен әзер жетіп келді. Олардың айтуынша азандағы атыс себебі, біздің артымыздағы тау арасынан соқпақтан өтпекші болған бірнеше есек пен бес-алты адамнан тұратын керуенді байқап қалған біздің күзетшілер олардың кім екенін анықтамақшы болып тоқта деген белгі береді. Олар оған автоматпен оқ жаудырып жауап береді. Құдай сақтап, мықты бекініс жасап алған оларға атыс кезінде ешқандай жарақат келмейді. Біз өткендегі біздің ту сыртымыздан жасалмақшы болған шабуылдан кейін артқы жақтан болатын шабуылдардан сақтану үшін, қорғаныс бекетіміздің артқы жағынан ауыспалы бақылаушы бекеттер орналастырғанбыз. Осы бекет сарбаздары сақтығының арқасында осындай бүлікшіл терроршы топтардың тасымал керуендерінің жолын кестік. Жарық түсісімен барлаушы топ жасақталып, оқиға болған жерге барып, мәселені және өздеріне қажетті азық-түлік пен қару-жарақ, оқ-дәрі, басқа жорық құралдарынан тұратын керуеннің ішкі жаққа қарай өткені туралы анықтап келді. Барлаушы топ барып тексеру барысында тосын бір оқиғаға тап болып қалады. Тастар арасыннан жасырынып жатқан бір адамды көріп атып қоя жаздайды. Оның қолында қаруы жоқ екеніне көз жеткізген соң, оны тұтқындап, орталық постқа алып келеді. Бұл керуен біздің негізгі атыс бағытымыздан тыс жатқан соң құпия керуен жасырын соқпақтармен аман-есен өтіп кетеді. Ал, біздің жігіттер тұтқындап алып келген адам өзі моджахедтердің қолында тұтқында болған Қырғызстан Республикасының шекарашы әскері екен. Осыдан бір жыл бұрын Қырғызстан шекара бекетіне шабуылдап, бірнеше әскерді тұтқындап, шекарадан өтіп кеткен бүлікшіл топтың қолына түсіпті. Оның әскер екені, тұтқында болғаны үстіндегі жұлым-жұлымы шыққан әскери киімі мен аяқ-қолдарындағы кісендердің ізінен және де сұрақ-жауап барысында анықталды. Оның айтуынша, кешегі өткен керуенде тағы да бір тұтқын әскер болған. Оны қарумен түрткілеп алып кеткен. Ал, бұл тасыр-тұсыр атысты пайдаланып, үстіндегі жүкті лақтырып тастап қашып, тастардың арасына тығылып қалған екен. Дұшпандар бұл жатқан жаққа оқты боратып, оны әкете алмасын білген соң, біз жақтан атылған оқтардан қорғанып, шегіне басып, оны тастап кеткен. Барлығы керуенде бес адам болған. Үш моджахед пен екі тұтқын. Ол әскерді ертесіне орталық отряд Қалайхумнан тергеушілер келіп алып кетті. Иә, міне, осылай, бұл сол кездегі «немқұрайды» қатардағы оқиғалардың бірі еді. Себебі, сол кездерде Тәжікстанда жер-жерлерде қатты қырғын соғыстар болып жатқан кездер еді.

Ия, бұл Вишхарв шатқалы аймағы Тәжік-Ауған шекара сызығындағы ең қауіпті стратегиялық аймақ болатын. ҚазБат әскерінің бұл арадағы қарулы қақтығыстары кезінде қаншама жауынгерлер ерлікпен қаза тапты. Бұл аймақты қорғап тұрған ҚМ Отар гарнизоны әскерлерінен басқа Ішкі Істер Әскерінің Шымкент әскери бөлімінің 7-ротасы соғыс қақтығыстары оқиғасы, Қорғаныс Министрлігі Сарыөзек әскері 8-ротасы жауынгерлік қақтығыстары оқиғалары кезінде ҚазБат әскерлерінің жауынгерлік ерліктері мәңгілік жадымызда сақталады. Білмеймін, маған бір кездері сіздер соғыстыңыздар ма десе, не деп жауап берерімді білмеймін. Біз соғыстық па??? Біз берілген тапсырманы мүлтіксіз орындадық, ол рас. Бірақ, біз соғыстық па.....???? Білмеймін. Бізге оны кім айтады? Міне, осындай ойлар мазалайды мені. Біз кімбіз????

– Білмеймін, оқ атылған жерде соғыстың үлкен-кішісі болмайтын шығар? Атыс – ол соғыс. Сіздің әңгіменңіз әсерлі екен, ерлік жасаған командирлер мен солдаттар туралы да айтыңызшы...

– Біреу ерекше ерлік жасады ма деген сауалға жауап қайтару да қиын екен. Бірақ, бізді басқарып барған Амангелді Баймұханов, Бақтияр Асадилов, Қанатбек Бұрханов, Сархытхан Уристембаев, замполит марқұм Мұрат Қайырғалиев, Сабырбек Ширинғазиев старшина командирлердің еңбегі ерлікке тең деген болар едім. Ол кісілер сондағы болған айларда күніге ерлік жасады десем, қателеспеспін. Бұл кісілер ерлікке тең еңбек етті. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар Марат Пазылбеков, Асет Батов, Карпат Сүйінов, Ойрат Болатов, Жеңісбек Бейсенбаев, Ерлан Сахипов, Қанат Садықов, Медеу Торпиев, Бақтияр Әлім, Жомарт Сұлтанқұлов, Дамир сынды азамат жігіттеріміз біздің жауынгерлік борышымызды атқару барысында өте үлкен төзімділікпен батыл да табанды азамат екендіктерін танытты. Бұл жігіттер қашан да елі үшін, жолдастары үшін жанын қиюға дайын ержүрек батырлар екенін аңғартты. Олардың ерлігін еске алсам, қазақ елі ешқандай жауға жеңілмейтіндей көрінеді. Және де елімізде осындай азаматтар бар кезде елімізді ешқандай жау ала алмайтынына сенімдімін. Осы азаматтар басшылық тарапынан медалдар мен марапаттарға ие болды.

– Өзіңіздің жеке құрамаңыз жауынгерлік борышын қалай атқарды?

– Менің бірінші айтарым, олардың әрбірі ерлікке тең қызмет атқарды. Олардың әрбірі өздеріне тапсырған тапсырманы қиындығына қарамай мүлтіксіз орындайтын. Менің жеке байланысшы құрамым, өзіммен қосқанда, төрт адамнан тұратын. Үш солдат және мен – байланыс бөлімшесі басшысы. Күндіз бекініс бекеттеріне сыммен тартылған әскери стационарлық телефондардың байланысы дұрыс жұмыс жасауын бақыласақ, түнде жауынгерлік бекетке күзетке тұрушы едік. Ал, менің негізгі міндетім, әрбір төрт сағатта Қалайхумб орталық отрядқа шығып келісілген құпия сөздер арқылы біздегі жауынгерлік жағдай туралы баяндап тұрушы едім. Ара-арасында белгілі бір уақытта қажеттілігіне қарай рота командирі және басқа командирлер орталыққа баянат жасайтын. Өзім 2-дәрежелі шекара әскері атанып, «Үздік шекарашы» төсбелгісімен марапатталдым. Бейбіт өмірде де

Қазығұрт ауданының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін медалімен, басқа да мерекелік медальдармен марапатталдым.

Қазіргі кезде осы күнге аман-есен, денім сау, ақыл-есі бүтін жеткеніме шүкіршілік етемін. Себебі, әскерден аман сау келгеніммен, қаншама қарулас жолдастарымыз денсаулығынан, ақыл-есінен айрылып, түрлі аурудың зардабынан өмірден ерте кетті. Кейбіреулер әлі де өзіне келе алмай жатыр. Бұл сол ауыр күндердің зардабы деп ойлаймын. Аллаға шүкір, қазір менің жай-күйім тұрақты. Отбасылымын. Екі қыз, үш ұл өсіріп отырмыз. Жұбайым мектепте оқушыларға ұстаздық етеді. Өзім туып өскен ауылымда, ағайын-туыстың ортасында, қазақтың салты бойынша қара шаңырақ иесіміз.

– Қазіргі жастар арасындағы патриотизм жайлы ой-пікіріңіз?

– Өзім ауылды жерде ұстаздық етіп, бала тәрбиесімен айналысқан соң, бұл

туралы өте көп айтуға болады. Бүгінгі жастар – олар кешегі оқушы балалар. Жас жеткіншектерді қалай тәрбиелесең, солай өседі. Қазақ жастары Отаншыл, өршіл рухта өсіп келеді. Бұған дәлел – жастар мен жасөспірімдер арасындағы түрлі халықаралық жарыстар мен сайыстардағы жетістіктеріміз.

– Кейінгі жас буын жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Жастарға айтарым өте көп, ең бірінші, ата-ананы сыйла дер едім. Себебі, ата-анасын сыйламайтын адам ешқашан да патриот бола алмайды. Әрине, еркелігі мен тентектігі болады. Бірақ, тағы да айтарым, ата-ананы сыйлаңдар! Олар – Отанның нышаны, олар – Отанның нақ өзі дер едім. Олар сені Отан қорғау борышыңды адал атқаруға тілектес бірден-бір адамдар. Ал, Отан тілеулес, мүдделес адамдардан тұрады.

Сұхбатыңызға рахмет! Артыңыздан өзіңіз айтқандай, өршіл рухтағы жастарымыз өсе берсін!

       Сұхбаттасқан Жұлдыз Рүстемова,

Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің

Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі