ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР

Жұма, 06 Тамыз 2021 00:00 Жарияланды Сұхбат Оқылды 213 рет

ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІБІН  ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР

f58dc5c7-d357-4e80-8df9-7f9e9016174c

Тұрбат ауылының тұрғыны Ерік Еркінбеков осыдан үш жыл бұрын мал бордақылауды қолға алған. Зайыбы Сандуғаш екеуі 4 бала-шаға өсіріп отыр. Жиырма сотық есігінің алдындағы жердің соңғы жағына 40х11 метр етіп, екі қабатты заманауи қора салған.
Ол тұратын үйге келгенде-ақ, тұрмысының бақуатты екені байқалып тұрды. Есігінің алды да жанға жайлы етіп жасалған.
– Осыдан үш жыл бұрын «Ауыл шаруашылығы қолдау қорынан» 3 миллион теңге несие алып, мал бордақылаумен айналыса бастадым, – дейді Ерік. – 60 бас жылқы, 40 бас ірі қара бордақылап саттым. Бес жылға алған несиемнің 3 жылын мерзімінде өтедім. Қазір азын-аулақ өгіз бордақылап жатқаным болмаса, жылқы бордақылауды тоқтаттым. Өйткені, жем-шөп қымбаттап кетіп, ақтайтын түрі жоқ. Дегенмен, әрекетсіз отырғаным жоқ.
Он гектар тәлімі жерден биыл қуаңшылыққа байланысты бір рет қана жоңышқа орып алыпты. Қалғанын бір пресін мың теңгеден сатып алыпты.
Малдың қиын осындағы жылыжай иелері алып кетеді екен.
– Неге калифорниялық шылаушан өсірмеске? – дедім.
– Құдай қаласа, бұл кәсіпті де қолға алу ойымда бар, – деді ол.
Иә, біле білген адамға малдың қиы да ақшаның көзі. Калифорниялық шылаушан өсіру де тиімді кәсіп. Біріншіден, қиды таза дайын тыңайтқышқа айналдырады. Екіншіден, аталмыш шылаушанды көбейту арқылы үй құстарын өсіруге, әсіресе, жұмыртқалайтын тауық бағуға болады. Бұл үй құстарына берілетін азықтың жартысын азайтуға көмектеседі.
Калифорниялық шылаушанның жердегі табиғи шылаушанға қарағанда айрымашылығы – екі есе тез көбейетінінде. Мұны біз ауыл тұрғындары үшін құлаққағыс ретінде айтып отырмыз.
Еріктің әкесі Әбдіманап жолаушы тасымалдаумен айналысса, анасы Ардақ – ауылдағы амбулаторияда медбике. Үйде бос отырған ешкім жоқ. Бәрі әрекет үстінде. Олар сонымен қоса, ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы монша салыпты. Ішке кіріп, жобаларымен таныстық. Адам басына бес жүз теңгеден қабылдамақ. Бұл да болса, отбасы үшін табыстың көзі.

Дидар БЕГАЛИЕВ.