«Азаматтар салықты дер кезінде төлесе, әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың оң шешімін табуға көмектесе алар еді»

Жұма, 04 Қараша 2016 17:17 Жарияланды Сұхбат Оқылды 589 рет

Қазығұрт аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасында аудан прокуратурасының аға прокуроры Т. Орынбек, аудандық Әділет басқармасының басшысы Қ. Қыстау, Қазығұрт аудандық сотының жетекші маманы Б.Түгелбаев, жеке сот орындаушылар бөлімінің басшысы А. Бекмырзаев,«Қазығұрт тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Д. Бегалиев және басқарма қызметкерлерінің қатысуымен «Дөңгелек үстел» форматында жиналыс өтті.

dongelek ustel

Күн тәртібінде төрт мәселе – жергілікті бюджеттің орындалуы және қосымша резерв көздерін табу жолдарын қарастыру, жеке тұлға – көлік иелерінің берешек қарыздарын сотқа өткізу тәртібін талқылау, жеке сот орындаушылар бойынша берешек қарыз сомаларды өндіруді талқылау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау басты тақырыпқа айналып, шешімін табу жолдары жан-жақты сараланып, пайдалы ұсыныстар ортаға салынды.

«Дөңгелек үстелге» аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасынын басшы Б. Әбдікәрімов төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Алдымен Бекзат Әбдікәрімов жергілікті бюджеттің 10 айдағы орындалу барысы және жылдық жоспарды аяқтау жолдары бойынша баяндама жасады. Бекітілген жылдық жоспарды орындау үшін барлық уәкілетті органдарды жергілікті ауыл әкімшіліктерімен бірлескен түрде жұмыс жасап, қосымша резерв көздерін анықтап, жоспарды орындауға жұмыс жасауға шақырды.

Б. Әбдікәрімов өз сөзінде аудан көлемінде көлік салығы бойынша 17204 автокөлік тіркелгенін атап өтті. Бүгінгі таңға 5110 автокөліктің салығы төленген. Көлік салығы бойынша жеңілдік алатындар саны – 2582.

Оның ішінде бүгінгі таңға 728 автокөлік бойынша жеңілдік алынған. ІІД жол полициясы басқармасының есебінен шығарылғандар саны – 192. Иесі қайтыс болған көлік саны – 852. Басқа аудан, қалаларға көшіп кеткендер саны – 1249. Екі рет қайталанып, базаға тіркелгендер саны – 629 автокөлікті құрайды.

Бүгінгі таңға жеке тұлғалардың көлік салығын өндіру барысы өте төмен және ең актуальды мәселеге айналуда, себебі, жеке сот орындаушыларына өткізілген материалдар толығымен бюджетке өндірілмей қалуда.

Атап айтсақ, 2015-жылға 116 сот қаулысы, ағымдағы жылға 101 сот қаулысы, яғни, берешек қарыз сомалары өндірілмей отыр.

Жиында аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының өндіру және ұйымдастыру-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маман-заңгері Ж. Кененбаева өндірілмей келе жатқан айыппұлдарды өндіру үшін сотқа өткізілген материалдар бойынша баяндама жасады.

Қазығұрт ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан ҚР ӘҚБтК-нің салық салу саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша 2016 жылдың 1-қаңтары мен 19-қазаны аралығында 427 заң бұзушылық фактілері анықталған. Оның ішінде 351 материалға ескерту түріндегі жаза қолданылған. 13 әкімшілік құжат сот қарауына жолданды. Ал, қалған 63-не 3 869 125 теңге әкімшілік айыппұл салынған, салынған айыппұлдан 62 әкімшілік құжат бойынша 3 837 310 теңгесі бюджетке өндірілген. Яғни, 99,1 пайызды құрайды. Қалған бір әкімшілік құжатпен 31815 теңге өндірілу барысында, – деді Ж. Кененбаева. – 2013, 2014, 2015-жылдардан келе жатқан айыппұл сомасы бойынша берешек сомалар қазіргі таңға 2 673 071 теңгеге жеткен. Осы соманың басым көпшілігі 2012, 2013-жылдары ҚР ӘҚБтК- нің 357-1 бабымен салынған әкімшілік айыппұлдар да бүгінгі күнге дейін өз мерзімінде бюджетке өндірілмей отыр. 2013-жылы жеке тұлғаларға салынған айып сомалары (15 салық төлеуші) 86564 теңгені құрап отыр. Бұл салық төлеушілер саны жағынан қазіргі таңда көрсеткішті арқаға тартуда. Осы өндірілмеген айыппұлдар мерзімінде бюджетке өндірілсе, межелеген жоспар өз деңгейінде орындалар еді. Сонымен қатар, 2015-жылы біздің тарапымыздан жеке тұлғаларға айыппұл салынған-ды. Осы сомаларды мәжбүрлеп өндіру мақсатында 19 жеке тұлғаға қатысты істер (1 549 924 теңге) жеке сот орындаушылар бөлімшесіне берілген. Қазіргі таңда осы соманың 5 салық төлеушіге қатысты 329012 теңгесі өндірілген. Қалған сома өндірілмеген.

ЖК Сансызбаев Абуға ҚР ӘҚБтК нің 276-бабымен салынған әкімшілік айып сомасы – 477255 теңге. Қазіргі таңда өндіруге проблемалы салық төлеушінің жұмыс объектісі – авто жанар-май бекеті, бензин өнімдерін бөлшектеп сату болып табылады. Нысанның орналасқан жері «Алматы-Термез» тас жолы, қазіргі таңда жөндеу жұмыстарына байланысты ешқандай табыс көзі болмау салдарынан өндіру мүмкіндігі жоқ.

Айыппұлдар бойынша жұмыс жасап жатырмыз, – деді сөз кезегін алған жеке сот орындаушылар бөлімінің басшысы А. Бекмырзаев.

– Жағымсыз себептермен жұмыстан шыққан тұлғаларға салынған айыппұлдар бойынша есеп-шоттары бар тұлғалардың шоттары жабылып, барлық шараларды көрудеміз. Ал, есеп-шоттары жоқ тұлғаларға ештеңе жасай алмай отырмыз.

Аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының Салықты әкімшілендіру бөлімінің басшысы Н. Мусиралиев қайтыс болған автокөлік иелері көп екенін, бұл туралы құзырлы органдарға есептен қалай шығару туралы хат жазғанмен, нақты жауап ала алмай отырғанын, қайтыс болған тұлғалардың мұрагерлері де жоқ болғандықтан, осының өзі үлкен проблема туындатып отырғанын айтты.

Автокөлік салығы бойынша 2015-жылы 572 арыз өткізілген, соммасы – 7816,0 мың теңгені құрайды. 2015-жыл бойынша орындалған сот актілерінің саны – 456, соммасы – 5929,0 мың теңге. 2016-жылы 316 арыз өткізілген, соммасы – 4810,0 мың теңге. 2016- жыл бойынша орындалған сот актілерінің саны – 215, соммасы – 2731,0 мың теңге. 2015-жылдан 116 сот актілері, 2016-жылдан 101 сот актілері өндірілмеген. Өндіру жұмыстары өте төмен.

Жеке сот орындаушылар бөлімінің басшысы А. Бекмырзаев оның орындалмау салдары көбінесе сатылып немесе жоқ болып кеткен автокөліктерге байланысты екенін атап өтті.

– Салық төлеушіге хабарлассаң, сатылып кеткен дейді. Автокөлік сіздің атыңызда тіркеліп тұрған соң мен сізді іздеймін десем, онда біраз уақыт бер дейді. Солай уақыт ұзарып кетіп жатыр. Оның ішінде шоты жабылғандардың кейбірі төлейді, кейбірі төлемейді, – деді А.Бекмырзаев.

Жиынды жүргізіп отырған Б. Әбдікәрімов автокөлікке шектеу қою жұмыстарын жүргізсек деп, аудандық прокуратураның аға прокурорына осы мәселе бойынша заң аясына сыятын іс-шара ұйымдастырсақ деген ұсынысын білдірді.

Сонымен қатар, бөлім басшысы Н. Мусиралиев Әділет басқармасына жеке тұлғалардың көпшілік үйлері тіркелмегенін, тіркейін десе, олардың техникалық құжаттары жасалынғанын да өзекті проблема
ретінде көтерді. Осының есебінен үйлердің бағалау құны төмен болып отыр.

Аудандық Әділет басқармасының басшысы Қ. Қыстау жеке тұлғаның өзі келіп құжаттарын Әділет басқармасына тіркемесе, басқа ешқандай жолын көрмей отырғанын айтты.

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасынын басшысы Б. Әбдікерімов өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау бойынша бірлескен түрде құқық қорғау органдары, уәкілетті органдармен бірге жұмыс жасауға шақырып, олармен бірлескен түрде іс-шаралар ұйымдастыруды ұсынды. Мәселен, құқық қорғау органдарымен, жеке сот орындаушыларымен бірлесе отырып, басқарма тарапынан салынған айыппұлдарды өндіру жұмыстарын, сондай-ақ, жеке тұлғалардың көлік салығын өндіру бойынша рейдтік жұмыстар ұйымдастыру керек екенін алға тартты.

– Азаматтар салықты дер кезінде төлеу арқылы көптеген әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың оң шешімін табуға көмектесе алар еді. Бюджетке салық уақтылы түссе, жол, әлеуметтің зәрулігін шешетін ғимараттар, мысалы, балабақша, мәдениет үйі болар, мұнан бөлек, қоғамға қажет бағдарламалардың жүзеге асуына септігі тиер еді. Осыны ескерсек, бәріміз бір мүдде тұрғысынан ұйымдасып, жұмыла жұмыс істегеніміз абзал, – деді аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Б.Әбдікерімов «дөңгелек үстелге» қатысушыларға алғысын білдіре отырып.


Дидар Бегалиев.