Бекболат Әбуов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қазығұрт ауданындағы филиалының директоры:«Біз кәсіпкерге көмектесуге тиіспіз»

Дүйсенбі, 14 Қараша 2016 09:49 Жарияланды Сұхбат Оқылды 700 рет

Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – бұл бизнес пен биліктің тиімді серіктестігі негізінде кәсіпкерлікті дамыту үшін жағымды жағдайларды қалыптастыру мақсатымен ҚР Үкіметі мен «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП ортақ шешімімен 2013-жылы коммерциялық емес, өздігінен басқарылатын ұйым ретінде құрылған болатын. Кәсіпкерлікті өркендетуде мемлекет басшысы белгілеген саясатқа орай аталмыш палата еліміздің барлық өңірлерінде бизнес секторды қолдауда, қорғауда, олардың толыққанды еркін жұмыс істеуіне көмек көрсетуде орасан зор жұмыстар атқарды. Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қазығұрт ауданындағы филиалының директоры Бекболат Әбуовқа бірнеше сауалдар қойған едік.

 

– Бекболат аға, әңгімеміз түсініктірек болу үшін алдымен кәсіпкерлер палатасының негізгі мақсаты мен қызметтерін атап өтсеңіз...
– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қазығұрт аудандық филиалы ең бірінші кезекте әрбір отбасында кем дегенде бір кәсіпкер болсын деген қағидатпен жұмыс жасауда. Бұл оңай шаруа емес. Ауданда қанша отбасы тұратыны өзіңізге мәлім, бәрін үйме-үй аралап шығу да мүмкін емес. Дегенмен, біз жоспарларымыз бойынша алдымен іске икемі бар, тірлікті бастай алады деген азаматтармен түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Нәтиже жаман емес. Осы қызметін жүзеге асырып келе жатқан 3 жылдың ішінде ОҚО Кәсіпкерлер палатасы көрсетілетін қызметтер мен өндіріліп жатқан тауарлардың сапасын арттыру, тиімділікті жоғарылату мақсатында салалық бизнес ассоцацияларды құруда белсенділік танытуда. Ал, кәсіпкерлер палатасы өзінің кызметін негізгі 7 бағыт бойынша жүргізеді: кәсіпкерлердің құқығын қорғау; қаржылай емес қолдау көрсету; өңірдің өңірлік даму картасын жасау; адами капиталды дамыту; жобаларды қолдау; «Аға Сеньорлар» компоненті бойынша жұмыс жасау.
– Кәсіпкерлердің құқын қорғауға тікелей заңды өкілеттігініңіз болмаған соң қиындау шығар?
– Қазіргі таңда Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау бойынша жолға қойылған механизмдер қалыптастырылды, осы бағытты жергілікті және республикалық деңгейде дамыту үшін түрлі жұмыстар жүргізілуде.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын Кеңес тиімді жұмыс жасап келеді. Оның құрамына облысымыздың белді азаматтары, ҚР-ның Парламент мәжілісінің депутаттары және алдыңғы қатарлы өңірдің заңгерлері кіреді. Бүгінгі күні Кеңестің қатысуымен кәсіпкерлердің проблемалық мәселелері қарастырылып, кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп отыр.
Жыл басынан бері Қазығұрт ауданы бойынша 12 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалып отыр. Олардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау тікелей кәсіпкер заңгерлердің жүргізуімен, сондай-ақ, облыстық және аудандық прокуратура органымен ынтымақтастықта жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтары бұзылған жағдайда тез әрекет етуге арналған 2 жоба іске қосылды: бұл мемлекеттік органдармен және табиғи монополиялар субъектілерімен бірігіп жұмыс жасау және бизнес­ке жедел жәрдем бағдарламасы. Екі жоба да бірінші кезекте кәсіпкерлер тарапынан түскен өтініштерді тез қарап, тиімді көмек көрсетуге бағытталған.
– Бизнесте отандық өнімді қолдау ең өзекті мәселе болып тұр. Бұл деген, өзіңіз жақсы білесіз, өз жұмыс орындарымызды қорғап, сақтап қалу. Осы орайда бір әрекет бар ма?
– Әрине, мұны басты назарда ұстау керек. Бұл мемлекеттік сатып алу мәселесіне қатысты. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін мемлекеттік сатып алуда ықпал ету бойынша аудан әкімдігінің қолдауымен Кәсіпкерлер палатасының филиалы мен бизнес өкілдері аудандық барлық тендерлік комиссияларына қатыстырылады. Сонымен қатар, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін өткізу мақсатында аудан әкімдігімен бірге жұмысшы топтар құрылды, бүгінгі таңда осы жұмысшы топтар келесі жұмыстарды атқарды: жергілікті атқарушы органдардан мемлекеттік сатып алудың жоспарлары алынды, ол өз кезегінде тауарлардың түрлері бойынша сарапталды. Оның негізінде тауарлардың түрлері бойынша, өндірушілер мен сатып алушылардың қаржысы анықталып, мемлекеттік сатып алуға қажетті тауарлары бойынша база қалыптастырылды
– Қаржылай емес көмек корсету дегеніңіздің мәнісін қалай түсіндіресіз?
– «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Кәсіпкерлер Палатасы қаржылық емес көмек корсету операторы болып есептеледі. 2016-жылы 680 кәсіпкер түрлі мемлекеттік қолдауға ие болды. Кәсіпкерлерге тегін қызмет түрлерін көрсетілуде. Мәселен, мемлекеттік бағдарламалар бойынша 1287 кеңес берілсе, 198 кәсіпкерге 284 сервистік көмек корсетілді.
Қазығұрт аудандық кәсіпкерлер палатасының ұжымы жаз айларында 13 ауыл округін аралап, кәсіпкерлік палатаның атқаратын қызметі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесі жақсы. Халықпен тікелей кездесіп, сол жерде өтініштерін қабылдап, оның бірқатары орындалып та үлгерді.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасының Қазығұрт аудандық филиалында тамыздан қазанның соңына дейін 15 агро-семинар өткізіліп, әрбір сабаққа 15 адамнан қатысып, жалпы саны 225 адам сертификатпен қамтылды. Ондағы мақсат ауылдағы тұрғындарға мал шаруашылығын, бау-бақша істерін ілгерілетуді, ет өнімдерімен айналысуды, сүтті бағытта қалай жұмыс жасау керектігін кеңінен түсіндіріп, практика жүзінде көрсету болатын. Қаңтардан бастап осы күнге дейін 20-ға жуық «Дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, әр түрлі тақырыпта, бірнеше мәселелер талқыланды. Осы іс-шаралар аясында, мысалы, «Кәсіпкерлер палатасының негізгі атқаратын қызметі» туралы түсіндіру жұмыстары, «Іске әйелдер кеңесі», «Алтын сапа» және «Ең үздік тауар» номинациясына қатысу жайында, «Оңтүстік өнімдері» атты каталогқа кәсіпкерлерді енгізу жайлы және т.б тақырыптар туралы семинарлар болып өткен болатын.
– Кәсіпкерлік палатаның атқаратын қызметі жайлы тұрғындарға түсіндіру ақылға қонымды екен.
– Ия, бұл – өте тиімді. Кәсіпкерлердің барлығы заң я құжат тұрғысынан сауатты бола бермейді ғой. Біздің түсінік жұмыстарымыздың арқасында олар бюрократиялық кедергілерге ұшырағанда, я қиындықтарға тап болғанда, әртүрлі басқа да жағдайларда қайда хабарласу керектігін білетін болады. Тіпті, кейде палатаның өзіне мәселенің шешіміне бас қатыруға тура келетін кездер де болады. Кейбір проблемалардың шешімі расында да біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі боп шығады. Міне, осындай сәттерде кәсіпкерге көмектесуге тиіспіз, олар өз жұмыстарымен алаңсыз айналысуы керек. Осы тұрғыдан да көптеген мәліметтер келтіруге болар еді, дұрысы оны алдағы уақыттарда кәсіпкерлік нысандарға барып, олармен сөйлесіп, мәселенің қалай шешіліп жатқанын нақты жарқын мысалдармен берсек, әлдеқайда нанымды-рақ шығар еді.
Дегенмен, мына мәселені де айта кетейін. Жобаларды қолдау аясында бүгінде аудан бойынша 120-ға жуық жоба қолға алынып, оның 83 толығымен жүзеге асырылды. Жобаларды сүйемелдеу негізінен кәсіпкердің өтінішін қабылдап алғаннан кейін бірнеше бағытта, атап айтқанда, құжаттарды толығымен тексеріп, несие алушының банктен немесе қаржылық ұйымнан алатын қарызы үшін керекті кеңестер жан-жақты түсіндіріліп, құжаттар тізімін жинақтап, сұраныс құжаттары толығымен қанағаттандырылып, несие алушы ұйымға ( банк немесе қаржы ұйымы, микрокредиттік ұйымдар, АҚ және т.б) өткізгенше жүргізіледі. Сонымен қатар ҰКП өз кәсібін енді бастайын деп жатқан немесе өз кәсібін кеңейту үшін кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер және басқада қаржы ұйымдарынан несие алуға көмектесуде. Мысалы, ҰКП қатысуымен ауданымызда «Ырыс ШНҰ» ЖШС – нан 43 кәсіпкерге –146 720 000 және «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ -нан 137 кәсіпкерге –361 800 000 теңге несие берілді.
– «Аға Сеньорлар» деген терминнің мәнісін көпшілік түсіне бермейді, осы жөнінде де айта кетсеңіз...
– «Аға Сеньорлар» жобасы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың Бірыңғай бағдарламасы аясында, халықаралық жұмыс тәжірибесі бар, білікті шетелдік сарапшыларды тарту арқылы кәсіпкерліктің әлеуетін нығайту мақсатында іске асырылады. «Аға Сень­орлар» құрамдауышын Қазақстан аумағында ұйымдық сүйемелдеуді халықаралық және шетелдік ұйымдардың жәрдемімен Оператор жүзеге асыратын болады. «Аға Сень­орлар» құрамдауышын іске асыру Жобаның бірінші кезеңіндегі бизнес-тренингтер өткізу процесінде де, сол сияқты Бағдарламаға Қатысушыларға кәсіпорындарда басқарудың жаңа әдістерін, өндіріс технологияларын және жабдықты енгізу, персоналды оқыту бойынша да консультациялар беру үшін табысты жұмыс тәжірибесі бар шетелдік мамандарды тартуға бағдарланған. «Аға Сеньорлар» құрамдауышы бойынша шетел сарапшыларын тарту жөніндегі шығыстарға ақы төлеу республикалық бюджет қаражаты, байланысты және байланысты емес гранттар есебінен жүзеге асырылады.
Түсінікті етіп айтар болсақ, «Аға Сеньорлар» жобасы Сізге өзіңіздің қызметкерлеріңізді оқытуға және әртүрлі бизнес-міндеттердің шешімдерін табуға мүмкіндік береді. Аталған жобада жаттықтырушылар ретінде халықаралық компанияларда басқару, өндіру, жұмыс саласында үлкен тәжірибесі бар кәсіпқойлар қатысады. Жобаның аясында кәсіпкерлер үшін қазақстандық және халықаралық сарапшылардың кеңестері мен семинарлар көзделген. Мәселен, сіз өз компанияңызға сарапшыны мына мақсаттарда шақыра аласыз: қызметкерлерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру; өндірісті басқару бойынша тәжірибемен алмасу; өнімнің сапасын арттыру; жаңа стандарттарды енгізу; маркетинг стратегияларын және бизнес-жоспарларды әзірлеу; техникалық, экономикалық немесе ұйымдастырушылық міндеттерді шешу. Яғни, тәжірибесі мол білікті сарапшы жаңа атап көрсетілген сұрақтарды шешуде көмек көрсету үшін, өз тәжірибесімен бөлісу үшін тікелей сізге келеді. Сонымен қатар, «Аға сеньорлар» жобасы сізге жаңа бизнес-серіктерді табуға көмектеседі.
– Біздің ауданда бұл мәселе қолға алынған ба?
– Қолға алынып жатыр. «Аға Сеньорлар» компоненті бағдарламасы аясында кәсіпкер Н. Құраловтың басшылығындағы «Амангелді» ЖШС -не Еуропа мемлекетінен арнайы мамандар келіп, қазіргі таңда жұмыстарын ілгерілетіп жатқан жағдайы бар. Сонымен қатар, «Қарқын-2030» ЖШС-нен де осы бағдарлама аясында Кәсіпкерлік палатасына өтініш келіп түскен болатын. Өтініш қарастырылуда. Алдағы уақытта Германия мемлекетінен білікті маман келіп, өндірістің жаңғыруына өз үлесін қосарына сеніміміз мол!
Осы жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында бизнестің дамуына қолайсыздық туғызып отырған бірнеше жасанды кедергілер жойылып отыр. Бірақ өңірімізде кәсіпкерліктің толыққанды дамуына кері әсерін тигізіп отырған проблемалар әлі де көп. Олардың қатарына кәсіпкерлікке бағытталған пайызы төмен қолжетімді несиемен қамтамасыз ету, экономиканың шикізаттық емес саласына инвестициялар тарту, фермерлерге арналған несие көлемін арттыру сияқты мәселелерді кіргізуге болады. Осыған байланысты, Елбасының Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасына жүктеген міндеттері мен мақсаттарын орындау үшін кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз.
– Сұхбатыңызға рақмет! Елдің әлеуетін арттыру жолындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Дидар Бегалиев.Календарик Абуов Бекболат