халық қызметшісі қандай болуы керек?

Жұма, 31 Наурыз 2017 09:22 Жарияланды Заң Оқылды 21017 рет

Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің жұмыстағы, ұжым ішіндегі, тұрмыстағы қарым-қатынастарын регламенттейтін жаңа Әдеп кодексі енгізілді. Әдеп кодексінің жалпы ережелеріне мемлекеттік қызметшілердің елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға, қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен ашықтығына мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әділдігі жатады.

Мемлекеттік қызметшілер ең алдымен мемлекет мүдделеріне және оның азаматтарының құқықтарына зиян келтіретін әрекеттерге қарсы тұрып, белгіленген шектеулерді қадағалауы керек. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті және ресми іс-қимыл ережелерін ұстануы, сырт келбетінің қарапайым әрі ұқыпты болуы үйреншікті жағдайға айналуы тиіс. Сонымен қатар, «халық қызметшісі» қоғам тарапынан сын тудыруы мүмкін, шындыққа жанаспайтын ақпараттардың тарауын болдырмауы тиіс.
Мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға міндетті. Кодекстің тағы да бір үлкен бөлігі көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасының артуын, олардың халық мұқтаждықтарына бағытталғандығын анықтайды.
Қызметтен тыс уақыттағы тәртіп стандарттарына қоғамға жат мінез-құлық, қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеу сияқты тиымдар жатады. Осыған орай, Кодексте басты назар мемлекеттік органдарда моральдық-психика­лық климат қалыптастыруға бөлінген. Кодекс реттейтін келесі аса маңызды қатынастардың бірі – мемлекеттік қызметшілердің көпшілік алдында сөз сөйлеуі. Мемлекеттік органның қызметі бойынша сөзді оның басшысы немесе уәкілетті тұлға сөйлейді. Қызметшілерге мемлекеттік саясат туралы өз ойын мынадай жағдайда айтпауы керек. Егерде ол:
1) мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе;
2) жариялауға болмайтын қызметтік ақпаратты ашатын болса;
3) мемлекеттің лауазымды тұлғаларына қатысты әдепсіз пікірлер болса.
Қызметшілерге педагогикалық, ғылыми немесе шығармашылық қызмет бойынша мәліметтерді мемлекеттік орган атынан жариялауға жол берілмейді. Егерде, жемқорлық бойынша негізсіз кінә артып жатса, шенеуніктер бір ай мерзімде оны жоққа шығару бойынша шаралар қолдануы қажет.
С.Алтаева,
аудандық әділет басқармасының
іс-қағаздарын жүргізу жөніндегі
инспекторы.