Құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік дамыған қоғамның бірден- бір көрінісі

Сейсенбі, 02 Мамыр 2017 11:05 Жарияланды Заң Оқылды 1998 рет

Мемлекетіміз егемендік алған жылдар кезеңінде әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақты, әлем мойындаған және ұдайы даму үстіндегі елге айналып отыр. Бұл жетістіктердің барлығына Елбасымыздың салиқалы саясаты, халқымыздың осы саясатты іске асырудағы белсенділігі арқасында қол жеткізілуде.


Тәуелсіздік алған мезеттен бастап мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы ретінде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болатыны Ата Заңымыздың 1-бабында белгіленген. Осыған орай, мемлекеттің барлық жұмысы осы қағидат шеңберінде айқындалып, оның іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Адам өзінің азаматтығына орай мемлекет пен қоғам алдында міндеттер атқарады және өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда асыра сілтеушілікке, менмендік пен өркөкіректікке жол бермеуі, өзгелердің құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеуі керек.
Елбасымыз 14.12.2012 жылғы ««Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған мемлекетіміздің ары қарай дамуына арналған бесінші тетігінде мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиістігін, дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталатынын, біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керектігін, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзатынын, өмірдің сапасына селкеу түсіретінін алға тартты.
Айта кетер болсақ, шет ел мемлекеттерінде қоғамдық орындарды ластаған азаматтарды бейнежазба камералары арқылы анықтап, автоматтандырылған дерекқор жүйесі арқылы айыппұл салу тәжірибесі қалыптастырылған.
Қазіргі таңда, Қазығұрт ауылында 14 бейнежазба камералары орнатылып, бейнебақылау жүргізілуде және алдағы уақытта аудан көлемінде бірнеше бейнежазба камераларын орнату жоспарлануда.
Алдағы уақытта аудан көлемінде ішкі істер органдары тарапынан осы орнатылған бейнекамералар жазбалары бойынша құқық бұзушы тұлғаларды анықтап, оларға қатысты шара көру тәжірибесі қолға алынады.
Осыған орай, аудан тұрғындарын көшеде, есік алдында, басқа да қоғамдық орындарда, орталық базарларда қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоқыстарды (темекі, пісте, т.б) тастамауға шақырамыз.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабында, ұсақ бұзақылық, яғни, қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға, не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғатыны белгіленген.
Мысалы, 2016-жылы 10-желтоқсан азамат «Б» Шарапхана ауылындағы орталық базар алдында қоғамдық көпшілік орында темекі шегіп, қалдығын жерге тастап, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіріп, қоғамдық орынды ластағаны үшін аудандық соттың 22.12.2016 жылғы қаулысымен Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баппен 10 /он/ айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни, 21 210 /жиырма бір мың екі жүз он/ теңге айыппұл салынды.
Бұл ретте, тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципінің жүзеге асуы өзімізден басталатынын назарда ұстаған жөн. Ол үшін, әр-біріміз адамилықтың, имандылықтың және қоғамға деген құрметтің басты қағидаттарын ұстануымыз қажет.
Өзім мемлекеттің, қоғамның бір мүшесі ретінде баршаңыздан осы мақаладан түйірдей болса да түйін шығаруды ұсынамын.

О. Марин,
Қазығұртаудандық
прокуратурасының прокуроры.