Билер жолы бізге үлгі

Сейсенбі, 02 Мамыр 2017 11:07 Жарияланды Заң Оқылды 1344 рет

«Дау мұраты – біту» болса, тәуелсіз Қазақстан тарихында бабалардың осы өсиеті сан тәсілмен жалғасуда. Оны ел заңдарынан анық көруге болады.
Бүгінде медиация, татуластыру институттарының аясы кеңейеді. Судьялар тараптарға қолданыстағы заң талаптарын, бітімгершілік рәсімдерін жан-жақты түсіндіреді. Тараптардың бірі дауды тек сотпен шешкісі келсе, енді бірі сот медиациясына немесе медиаторлар көмегіне жүгінеді.


Бір ескерерлігі, дауды сотқа дейін және соттан кейін реттеудің өз санаты бар. Мысалы, Мемлекеттік органдарға қатысты істер медиацияға жатпайды. Егер тараптар өзара келіссе мемлекеттік баж қайтарылып, олардың соттасу барысындағы басқа да шығындары үнемделеді. Осы мүмкіндікті тараптарға түсіндіре білуіміз керек. Шоқан Уәлиханов «Сот Реформасы туралы» жазбаларында билер сотының басты міндеті – жеңу, не болмаса жеңілу емес, жеңілдету» деген екен. Билеріміз осы мақсатты ұстанған және оны мүлтіксіз орындаған. Өйткені, дау түрлі бітімгершілік жолмен аяқталса, ол қоғамға да, адамға да пайда. Сондықтан, билер жолы бізге қашанда үлгі.
«Медиация туралы» заң некені жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуге, балаларды бағып-күтуге қатысты ерлі-зайыптылар арасындағы, басқа да отбасылық қатынастардан туындаған келіспеушіліктерді шешу үшін қолданылады. Заңның негізгі мақсаты – дауласушы екі тарапты бітімге келтіріп татуластыру, екі тарапты қанағаттандыратын нәтижеге қол жеткізу, дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады. Медиациялық рәсімді медиатор жүргізеді. Медиатор тараптар үшін бейтарап болуы және олардың тең қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Медиация барысында дауласушы тараптар өз қалауларымен материалдық және процестік құқықтарға ие болып, талап мөлшерін ұлғайтуға, азайтуға, не болмаса даулы мәселеден бас тартуға құқылы.
Медиацияны жүргізу үшін дауласушы тараптар дауды медиация арқылы шешуге келісе отырып жазбаша нысандағы рәсімделген медиация туралы шарт жасайды. Дауласушы тараптардың медиация туралы шарты сот өндірісіндегі істерді тоқтатуға негіз болып табылады. Аталған заңның дауласушы адамдардың қоғамымызда берекелі, жайлы, тыныш өмір сүруіне тигізетін көмегі зор.

Б.АЛТАЕВ,
Қазығұрт ауданы сотының бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы.