Шыршаны сатуға тиым салынады!

Дүйсенбі, 10 Желтоқсан 2018 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 64 рет

Оқырман назарына!

17203

         Жаңа жылды шыршамен қарсы алу біздің халықта да дәстүрге айналғанына жарты ғасырдан асып кеткен шығар?! Бала кезіміздегі бірінші шырша әлі есімізде. Мектепке орнатылған шыршаны мұғалімдеріміз айналып тұратын етіп жасайтын. Оған балалар ғана емес, үлкендерде тәнті болатын. Біртіндеп шыршаға деген құрмет арта түсіп, ол енді әр үйдің төріне дейін орналасатын. Бүгінде барлық отбасы жаңа жылды шыршамен қарсы алу үшін, жағдайы келгендер базардан сатып алады, кейбіреулері таулы аудандарда өсіп тұрған аршаны заңсыз кесіп алады, ал біреулері қала ішінде егілген қылқан жапырақты ағаштардың көшетін ұрлап алады. Сөйтіп, жаңа жылды қарсы алады. Бұл дұрыс емес. Тіпті, дәстүрімізге сай келмейді. Мұсылман баласы жыл басын қашан ағаш отаумен бастаған еді? Керісінше, Наурыз мерекесінде бұлақтың көзін ашып, ағаш көшеттерін егуші еді ғой. Ал, қазіргідей орманымыз сиреп, орынды-орынсыз кесіліп, от құшағына оранып жатқан шақта бұрынғы ескі әдетпен өсіп тұрған қылқан жапырақты ағашты кесіп алып, Жаңа жылды қарсы алуды қояйық.

       Ештен де кеш жақсы. Осыны ескерген облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Сайрам - Өгем мемлекеттік ұлттық паркінің Өгем филиалы, құқық органдары және табиғат қорғау мекемелерімен бірлесе отырып, таулы аудандарда өсетін қылқан жапырақты ағаштардың заңсыз кесілуіне тосқауыл қою мақсатында бірлескен іс-шара жасалды.

       Ал жаңа жылдық мәдени – бұқаралық шаралар өткізу үшін жаңа жылдық шыршаларды босату орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсатымен облыстық әкімшіліктің тапсырыстары негізінде жүргізіледі. Жеке тұрғындар үшін тек қана құрама шыршалар мен контейнерлердегі тірі шыршалар сатылатын болып белгіленді. Бір сөзбен айтқанда, бөлшек саудада жаңа жылдық шыршалар сатылуына (құрама шыршалар мен мен контейнерлердегі тірі шыршалардан басқа) тиым салынды.

       Жаңа жыл мерекесін қарсы алуда тау сұлуы шырша, арша ағаштарын заңсыз кесіп пайдалануға жол бермеңіздер, ағайын!

Бақжан СМАНОВ,

Сайрам - Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Өгем филиалының аңшы-биолог инженері.