Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті

Жұма, 04 Қаңтар 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 96 рет


     Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Өйткені, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді.
   Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясында дамыған мемлекеттің жаңа саяси басымдықтарының бірі ретінде сыбайлас жемқорлықпен күресті атап көрсетті. Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтқанда, қоғамның көмегінсіз жемқорлықты жеңу мүмкін еместігін бірнеше рет атап өтті.  Қоғамның қабілеттілігі, оның ішінде жастарды бақылау, мемлекеттік шенеуніктердің жемқорлық әрекеттерін анықтау және болдырмау жергілікті мәселелерді зерттеудің арқасында артады. Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін қоғамның барлық жігінің жүйелі түрдегі күш-жігері қажет.

       Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңында сыбайлас жемқорлыққа мынадай анықтама берілген. Бұл – «мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ, соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы», – деген. Ал, БҰҰ-ның құжаттарында қолданылатын жемқорлық терминінің халықаралық-саяси анықтамасы мынадай деп берілген: сыбайлас жемқорлық – бұл мемлекеттік билікті жеке бас пайдасы үшін, үшінші бір тұлғалар мен топтардың мақсаты үшін асыра пайдалану.

 Б.ТУЛЕЕВ,

Қарақозы Әбдалиев ауылдық округі

әкімі аппаратының бас маман-заңгері.