Жер қойнауын заңсыз пайдалансаңыз, жауапкершілікке тартыласыз!

Дүйсенбі, 14 Қаңтар 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 80 рет

20160501112709

Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне сай жер қойнауын пайдалану құқығы тек мемлекет рұқсат беру арқылы келісім-шарт, ал, кей жағдайларда мемлекеттік органдардың тиісті рұқсаты негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан, пайдалы қазбаларды келісім-шартсыз немесе мемлекеттік органдардың тиісті рұқсатынсыз өндіру заңсыз болып табылады.

Пайдалы қазбаларды (шағал, құм, тас, топырақ және т.б.) өз бетінше өндіру салдарынан ірі залал келтірілген болса, ҚР Қылмыстық кодексінің 334-бабының 1- бөлігімен қылмыстық жауапкершілік көзделген. Аса ірі залал келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекеттер осы баптың 2-бөлігімен, ал, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер 3-бөлігімен сараланады. Мысалы, айыппұл көлемі 3000 АЕК дейін, қамау 50 тәулікке дейін, ал, бас бостандығынан айыру 5 жылға дейінгі мерзімге жетуі мүмкін. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын ақша және өзге мүлік тәркілеуге жататындығын айтып кету керек.

Осы бағытта аудан аумағында жер қойнауын (шағал, құм, тас, топырақ т.б.) өз бетінше пайдалануға тосқауыл қою мақсатында, аудан әкімдігі тарапынан жұмыс тобы құрылған.

Аталған жұмыс тобы арнайы іс-шара жоспарын бекітіп, елдімекендердегі тұрғындардың иелігіндегі кең таралған пайдалы қазбаларды өз бетінше заңсыз өндіруге мүмкіндік беретін қазу, тасымалдау техникаларын есепке алып, арнайы техника иелеріне заңсыз жер қойнауын пайдалану жұмыстарына қатысқан жағдайда құқықтық жауапкершілікке тартылатыны жөнінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 334-бабын басшылыққа алып, жазбаша ескертулер берілуде.

Сонымен қатар, әр бір ауыл округтерінде жер қойнауын өз бетінше пайдалануға мүмкіндік беретін жерлерге ауыл округі әкімшіліктері арқылы кезекшілік ұйымдастырылған.

Осыған байланысты, заңдылықты одан әрі қамтамасыз ету мақсатында Қазығұрт ауданы әкімдігі азаматтарды құқыққа қарсы әрекет жасаудан алдын алуды және осы құқық бұзушылық үшін заңмен белгіленген жауапкершілік туралы ескертеді.

Егерде жер қойнауын өз бетінше пайдалану (шағал, құм, тас, топырақ т.б.) дерегі анықталған жағдайда, шұғыл түрде ауыл округі әкіміне, учаскелік полиция инспекторына, жергілікті полиция қызметіне немесе аудандық кәсіпкерлік бөліміне хабарласуға болады.

С.НҰРМАНОВ,

Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары.