Жалақысын өндіре алмағандар енді сотқа емес, нотариусқа баруы керек

Жұма, 01 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 50 рет

Қаперіңізде болсын!

 

      2019-жылғы 21-қантарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актіліріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылып, құзыретті органдардың міндеттері өзгеріске ұшырады. Онын ішінде Азаматтық процестік кодексіне және «Нотариат туралы» Заңға өзгерістер енгізілгені туралы тоқталғым келеді.   Жалпы бұйрық арқылы іс жүргізудің 18 талабының 9-ы нотариатқа, оңайлатылған тәртіппен іс жүргізудің 12 санаттарының 10-ы бұйрықтық іс жүргізуге берілді.

     2019-жылдың 3-ақпаннан бастап, сотта қаралып келген бірқатар азаматтық даусыз талаптардың 9 түрін нотариустар қарайды.

Атап келгенде:

1) Жалақыны өндіріп алуға байланысты. Айлық жалақысын өндіре алмай жүргендер енді сотқа емес, нотариусқа баруы керек. Нотариус мән-жайды анықтап, құжаттар түгел болса, атқарушылық жазба шығарып береді. Ал, атқарушылық жазбаның күші сот актісінің күшімен бірдей.

2) Коммуналдық қызметтер бойынша берешекті өндіру туралы (электрмен, газбен, жылумен, сумен, телефонмен жабдықтау және басқалары);

3) Нотариат куәландырған қарыз шарты бойынша міндеттемені орындауға бағытталған.

4) Орындау мерзімі басталған және міндеттеменің орындалмауын борышкер мойындаған, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы.

5) Нотариус жасаған, төлем жасалмауына, ақцептінің болмауына және акцепт күнінің   белгіленбеуіне вексель наразылығына негізделген міндеттемені орындау туралы;

6) Лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап ету туралы;

  7) Ломбард кепіл беруші-борышкерге қойған, кредитті қайтару мерзімі өткен соң кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану;

   8) Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған міндетті шығыстарға қатысудан жалтаратын үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінен берешекті өндіріп алуды қарау;

   9) Жалдау төлемдерін жалдау шартында белгіленген мерзімдерде төленбеуіне байланысты өндіріп алу туралы талаптар.

     Енді, нотариалдық жазба бойынша өндіріп алу мүмкіндігі болса тараптар сотқа жүгінбейді. Сотқа жүгінген жағдайда судья талап қою арызын қайтарады, егер талап қоюшы дауласу ниетінен қайтпаса, заңда белгіленген дауды реттеудің соттан тыс тәртібін бұзса, судья іс бойынша сот шығыстарын талап қоюшыға жүктейді.

     Егер, Сізден коммуналдық берешек төлемдерді және жоғарыда көрсетілген даусыз талаптар бойынша өндіріп алу туралы нотариустан атқарушылық жазба келген жағдайда таң қалманыз, себебі биылғы жылдың 3 ақпан айынан бастап, жоғарыда аталғандай мұндай берешекті өндіру нотариустың атқарушылық жазба жасауы арқылы жүргізілген болады.

     Нотариус көрсететін қызметтің құны заңмен бекітілген, оның мөлшері сот алдындағы мемлекеттік баж салығынан әлдеқайда арзан. Сот бұйрығын ұсынуға қарағанда, нотариуспен орындау жазбасын жасау үшін борышкердің келісімі қажет емес, сотта істің қаралуымен салыстырғанда, нотариаттық әрекетті жасау мерзімі қысқа.

        Азаматтық процестік Кодексіне енгізілген өзгерістердің бірі- тараптардың келісімдеріне негізделген 10 талап оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуден соттың бұйрықтық іс жүргізуіне берілуі.   Судья сот бұйрығын  борышкерді және өндіріп алушыны   олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай–ақ, мәлімделген даусыз талаптың мәні бойынша арыздың сотқа келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде шығарады. Сонымен даусыз 10 талап түрі бойынша істі сотта қараудың мерзімі барынша қысқартылған және тараптардың уақытын, қаражатын үнемдейді, олардың сотқа келуі талап етілмейді.

                                   Г. РАХИМБАЕВА,

Қазығұрт аудандық сотының судьясы.