Нашақорлық пен есірткіге жол жоқ!

Сәрсенбі, 20 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 353 рет

 

Есірткіге қарсы күрес – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Жасөспірімдер үнемі үлкендердің, ата-анасы мен жақын-жанашырларының бақылауында болуы тиіс. Ауданымызда жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін «Спорт – есірткіге қарсы» деген ұранмен спорттың бірнеше түрлерінен аудандық жарыстар жыл бойы ұйымдастырылу қолға алынған. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі Түркістанда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресті, бағдарламаға сәйкес, тиімді спорттық жұмыстар атқаруда. Жыл сайын аудандық деңгейде «26- маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес» күніне орай спорттың бірнеше түрінен жарыстар өткізіліп келеді. Бүгінде жасөспірімдермен барлық бағытта жұмыс жасап жатырмыз.

Нашақорлық дертіне шалдыққан адам өзінің денсаулығына, қоршаған адамдардың өміріне қауіп туғызады. Күн өткен сайын елімізде нашақорлыққа байланысты жасалатын қылмыстың саны күрт өсіп отырғаны ешкімге жасырын емес.

Нашақордың есірткіден улануы оның бүкіл психикасын өзгертеді. Біріншіден, жүйке жүйесін бірден улайды, ақылмен істейтін жұмыстардан бас тартатын болады, ынтасы, белсенділігі пәс болып, енжар өмір кешеді. Есірткі адам психикасына өте қатерлі. Ең қатерлісі – нашақор есірткіге ақша табу үшін кісі тонаудан бастап, тіпті, жақын адамын өлтіруден де тайынбайды. Бұл күнде жігіттер ғана емес, қыздардың да темекі тартатыны, арақ ішетіні, есірткіге берілетіні ешкімге сыр болмай қалды. Бұл, әрине, өкінішті жай! Өйткені, бұлардың қайсысы болсын денсаулық үшін зиян. Нашақорлар – қайғылы оқиғалардың басты себепкерлері. Жасыратыны жоқ, көрінгенге еліктегіш кейбір жастарымыз әртүрлі себептермен есірткіге алғашқыда қызығушылық білдіріп, кейін өздерінің қалай бастары байланып қалғанын сезбей қалады. Нашақорлар есірткінің қандай түрін қолданса да, тартатын зардабы біреу. Алайда, болашағына мән бермейтін нашақорлар түбінде жақсылық әкелмейтінін сезінуі қажет.

Т.МЕҢЛІБЕКОВ,

аудандық дене шынықтыру және спорт

бөлімінің бас маманы.