«Қоластындағылар жемқорлыққа жол берсе, басшылары отставкаға кетуі керек»

Жұма, 24 Мамыр 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 674 рет

– Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыс-тық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін, – дейді Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысы жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтты. Сондықтан, жемқорлықтың тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажет. Бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп күресуге шақырды. Мемлекетте оған қажеттінің бәрі бар екенін атап өтті.
– Біріншіден, бізде жемқорлыққа қарсы күресте қару бола алатын мықты мемлекеттік институттар бар. Мемлекеттік аппарат жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, жемқорлықтың жолын кесуі керек. Екіншіден, жемқорлықпен күрес халықтың табанды сұранысына ие. Әкімшілік сауалнама жүргізеді, өзім де ел аралап жүремін. Сонда байқағаным, біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын. Үшіншіден, біздің елді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоспарларымыз жемқорлықты түбегейлі жойған жағдайда ғана жүзеге аспақ, – дейді Президент.
Мемлекет басшысы соңғы үш жылда 900-ден астам адамның жемқорлықпен ұсталғанын, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына осындай оқиғалардың кедергі келтіретінін жеткізді.
– Біз экономиканы жаңғыртуға, ауқымды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға қазынадан қыруар қаржы бөлеміз. Алайда, жемқорлықтың салдарынан мемлекеттік бағдарламалар сапасыз орындалуда. Бұл халықты әлеуметтік қорғауда, ауыз сумен қамтамасыз етуде мәселелердің уақтылы шешілмегенін көрсетеді. Жергілікті жолдардың сапасыздығы мен бизнестің дамуына кедергілер де – жемқорлықтың кесірінен туындаған проблемалар. Азаматтар бюджеттің әрбір теңгесінің мақсатты жұмсалатынына көз жеткізуі керек, – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті.
– Бірінші – азаматтардың құқығын қорғау. Мен Конституцияға сәйкес ұлтына, дініне, мүлік жағдайына қарамастан, барлық азаматтар тең деген ережені басшылыққа аламын. Ешкім де заңнан биік емес. Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жау-ап береді. Сондықтан, кешенді алдын алу шараларын қолға алу қажет, – деді.
Қ. Тоқаев екінші шара ретінде мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріптестігін атап, жемқорлықпен күресте күштік шаралар аздық ететін айтты. Үшінші шара ретінде қоғамдық бақылауды күшейту, төртінші – бюджеттік саясаттың ашықтығы, бесінші – жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейту қажеттігі, алтыншы – мемлекеттік қызмет көрсету ісіндегі үдемелі цифрландыруды айтты. Ал жетінші шара – мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету.
Жиын соңында мемлекет басшысы жемқорлық бойынша қол астындағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері үшін бірінші басшылардың жауапты болатынын тағы бір мәрте қадап айтты.
– Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек, – дейді Қ. Тоқаев.
Үкімет пен Президент әкімшілігіне осы жиында көтерілген мәселелерді шешу үшін енгізілген ұсыныстар негізінде жұмыс істеу тапсырылды.