ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПЕН ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ

Жұма, 28 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 284 рет

Өзекті мәселе

 

Аудандық мәдениет сарайында №11 колледж, «Дарын» мектеп-интернаты, Қ.Сатбаев пен Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейлері, «Болашақ» мектеп-гимназиясы, О.Жандосов пен Ы.Алтынсарин атындағы, «Ащыбұлақ», «Шарбұлақ» және «Айнатас» жалпы орта мектептері оқушылары жиналып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, құқық бұзушылық пен қылмыстың және қыздар арасында ерте жүктіліктің, жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың, есірткіге қарсы, алкогольдік ішімдіктерді қолданудың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында іс-шара өткізілді.

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірібалалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр.

Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елеңдетіп отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Жыл сайын жаз маусымы басталып, оқушылар демалысқа шыққанда жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұ­мысы екі есе көбейеді. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жас­өспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Оқушылар демалысқа шығып, мектеп сабағы мен үй тапсырмасынан қолдары босағанда, жоғарыда айтылған ережелерді барлығы бірдей сақтай бермейді. Әсіресе, жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар мен құ­қық бұзушылықтар жаз мезгілінде көп тіркеледі. Тәртіп сақшылары қанша жерден жұмыс істеп жатырмыз десе де, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту күн тәртібінде тұр.

Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім, қоғамдық тәртіпті бұзған, қыл­мыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұр­ған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан. Ал, енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүрген­дерін қадағаламауынан орын алады.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп М.Әуезов айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.

А.НҰРЖАУОВА,

Қаратас ауылдық емханасының психологы.