Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуын тежейді

Жұма, 28 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 317 рет

 

         Тәуелсіз еліміздің экономикасының дамуына кедергі келтіретін, қоғам дертіне айналған мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ. Жемқорлықтың экономикаға тигізетін әсерінен көлеңкелі экономика ұлғаяды. Бұл өз кезегінде салық төлемдерінің төмендеуіне және бюджеттің әлсіреуіне әкеледі.                                                                                                                  

         Республика Президенті Қ.Тоқаев өз қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде «Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс», – деп сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс тоқтамайтынын атап өтті. Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Мемлекеттік міндеттерді атқаратын, сондай-ақ, соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, не мүліктік пайда алу үшін олардың өкілеттіктерін өзгеше пайдалану, жеке өзі немесе делдардан арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды заңсыз беру арқылы оларды сатып алу сыбайлас жемқорлық болып есептелінеді.

         Халық арасында жегі құрт, індет аталып кеткен осы дертті жою толықтай жүзеге аспағанымен, оны ауыздықтаудың, тежеудің сәті кейде түсіп, кейде шарасыздықтың бөлең алатыны да рас. Қоғамдағы осы мәселемен бірлесе күрессек, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың саны азайып, экономикамыздың бұдан да әрі көркейе берері сөзсіз.

М.ТҰРАПБАЕВ,

                                                                                      аудандық экономика және қаржы  бөлімінің жетекші маманы.