Жемқорлық– болашаққа қауіпті індет

Жұма, 28 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 329 рет

 

Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Оған, осы бастан тоқтау қоймаса мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерт одан әрі таралмауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы және адамгершілік міндеті деп білу керек. Біз қазір жаңаша өмір сүріп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты іскерлік болса, бұл жолда жетістіктеріміз де баршылық. Ал, шешімі күрделі әлеуметтік мәселелер де бар. Қоғам өмірінде түбегейлі шешімі табылмай тұрған нәрсе ол – сыбайлас жемқорлық. Елімізде осыған байланысты арнайы қабылданған Заңдар да, атқарылып жатқан түрлі жұмыстар да баршылық, дегенмен, әлі толық шешімін таппағаны рас. Ендеше, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынып жете түсінуіне және орындауына көмектесудің алғы шарттарының бірі болып саналады. Атап айтқанда, ол үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда ғана адам адамгершілікке жат-қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Қарапайым тілмен айтсақ, сыбайлас-жемқорлық – бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны жас ұрпақ тәрбиесіне зиян болатындығы бәрімізді алаңдатады. Сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен кесірін тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екендігі айқын.

Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі және оның алдындағы басты парызы. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу – біздің басты міндетіміз.

Г.НАУМАНОВА,

аудандық мәдениет сарайының заңгері.