Сіздің тазалығыңыз бен табандылығыңыз – өзгеге жақсы үлгі

Жұма, 26 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 124 рет

                                                   Жемқорлық – жегі құрт

 

Бүгінгі таңда жемқорлық мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да елдері үшін аса өзекті мәселе болып табылады. Сыбайлас жемқорлық ұлттық шектеулерді білмейді. Ол барлық жерлерде таралған. Бүгінде «жемқорлық» түсінігі әлемнің барлық баспаларында, журналдар мен газеттердің беттерінде жиі айтылады.

Ең алдымен «жемқорлық» сөзінің мағынасына тоқтала кетейік. БҰҰ-ның халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы анықтамалық құжатында былай делінген: «Сыбайлас жемқорлық – бұл жеке мақсаттарында пайда көру үшін мемлекеттік билікті пайдалану». 

 Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлық бойынша тәртіпаралық тобының жұмыс анықтамасында былай делінген: «Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік немесе жеке секторлардағы белгілі бір міндеттерді орындау міндеттелген тұлғалардың,  жеке қызметкер, тәуелсіз агент, мемлекеттік лауазымдық тұлғаның, жүктелген міндеттемелерді бұза отырып, жеке басы үшін және өзгелері үшін заңсыз пайда көру мақсатында пара алуы немесе басқа да іс-әрекеттері».

БҰҰ секретариаты әр түрлі елдер тәжірибесі негізінде дайындаған Басшылық құралда сыбайлас жемқорлық сөзіне былайша түсініктеме береді: 1)ұрлық, лауазымды тұлғалардың мемлекет меншігін иеленуі және ұрлауы; 2) жеке пайдасы үшін ресми мәртебесін биресми қолдана отырып, қызметтік жағдайын пайдалануы; 3) жеке бас пайдасы мен қоғамдық парызы мүдделері арасындағы қақтығыс.

Сыбайлас жемқорлықпен күресуде және алдын алуда Қазақстан әлемдік тәжірибелерді кеңінен зерттеп, керегін қолданысқа енгізіп келеді. «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік жағдайын қалыптастыру» жобасы да сәтті жүзеге асырылуда.

Менің бұл мақалада негізгі айтқым келгені – Арнайы Мониторингтік Топ туралы. Әлеуметтік желілерде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да, алқалы жиындарда да осы топ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік жағдайын қалыптастыруда үлкен ықпал етуде. Қарапайым тілмен айтқанда, арнайы мониторингтік топ дегеніміз  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі жанындағы мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен құралған тұрақты жұмыс істейтін консультативті-кеңесші орган болып табылады.

Қазығұрт ауданында да арнайы мониторингтік топ мүшелері өте белсенді жұмыс істеді. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс кестесінің талапқа сай болуын бақылап, біраз тәртіптер орнатты. Ұжымдармен мерекелер қарсаңында кездесулер өткізіп, мекемелермен заңсыз сыйақы алмау жөнінде келісімдер жасасты. Арнайы мониторингтік топ мүшелері қызметке тұру конкурстарына да бақылаушы ретінде қатысып, конкурстардың заңға сай өтуін қамтамасыз етуде. Біз мұны жағымды жаңалық ретінде естіп жатырмыз. Балалардың жазғы демалыс лагерлеріне ақша жинау мәселесін де дер кезінде орынды көтеріп, аудан әкімдігі тарапынан қолдау тапты. Халыққа қызмет көрсету орталығында да қызметкерлермен, қызметке жүгінген қарапайым азаматтармен де бірнеше рет ашық әңгімелесіп, ғимаратқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы және алдын алу жадынамаларын ілді. Мұндай жадынамалар, сондай-ақ, барлық білім ошақтарында кіре беріс жерге орнатылған.

Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте және оның алдын алуда қоғам белсенділік танытуда. Қазір жұрт жемқорлықтың экономиканы қалай күйрететінін, әлеуметтік жағдайды жақсартуға кесірін тигізетінін, жасалынуға тиісті кез келген нәрсенің сапасыздыққа ұрындыратынын, мұның соңы қып-қызыл экономикалық шығынға батыратынын түсініп қалды. Алайда, әлі де пара алушылар мен берушілерді, жемқорларды толықтай әшкерелей алмай отыр. Алдымен әр адам өзінен бастау керек. Мәселені ақша беріп шешуге ұмтылмау керек. Құқығыңызды дұрыс пайдалансаңыз, мәселені шешуге болады. Мүмкін біраз қиындықтардан өтерсіз. Есесіне сіздің тазалығыңыз бен табандылығыңыз – өзгеге жақсы үлгі. Мейлі, мәселе шешілмегеннің күннің өзінде де сіздің ұстанымыңыз тамаша өнеге боп қалады. Жемқорлыққа қарсы әр нәрсені осылай өзімізден бастап отырсақ, жемқорлықсыз қоғам құруға атсалысқанымыз болар еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, бұл тиісті құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес, баршамыздың жемқорлыққа төзбес күресіміз, іс-қимылымыз болуы тиіс.

                                     Нұргүл ЖҰМАШОВА,

аудандық жұмыспен қамту

                   және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің

                   сектор меңгерушісі.