Қазығұртта ұрлық жасаған әйел ұсталды

Жұма, 02 Тамыз 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 560 рет

Ұрлық түбі – қорлық

 

           Жуырда Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыны арызданған болатын. Ол арызында маусым айының 17 күні сағат 13:30 шамасында сөмкесінде тұрған әмиянының жоғалғанын айтқан болатын.

Аталған арыз бойынша полицейлер тез арада ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, қылмыстық іс қозғалды. Оқиға болған жердегі нысанның аймағындағы бақылау камералары тексеріліп, жәбірленушіге күдіктінің фотосы көрсетіліп, нақты фотосы аудан, ауыл округтеріндегі барлық учаскелік полицейлерге жолданған болатын. Жедел іс-шараларды жүргізу барысында аудан орталығындағы сауда орталығында сауда жасап жүрген сезікті азаматша ұсталады. Күдікті бөлімшеге жеткізіліп, тексеру барысында оның жәбірленушінің сөмкесінен 30 мың теңге мен куәлікті жымқырғаны белгілі болады. Аталған сезікті сән салонының кіре берісіндегі орналасқан бейнекамераның жазбасына түсіп қалған. Бұл өз кезегінде полицейлердің күдіктіні қолға түсіруіне көмегін тигізді. 

– Полицияға хабарласпай жүрсем, жүре береді екенмін. Жалпы полиция қызметкерлеріне алғысымды айтамын, – деді жәбірленуші.

Аталған жайт бойынша тексеру амалдары жүргізіліп, күдіктінің кінәлі екендігі белгілі болады. Алайда, жәбірленушінің ақшасын толығымен қайтарып, кешірім сұрағаннан соң екі жақ татуласып, ҚР Қылмыстық кодексінің 68 бабының талаптарына сәйкес қылмыстық іс қысқартылды.

Өзімізге өзіміз сақ болсақ, осындай ұры-қарылар, бөтен пиғылы бар азаматтардың  арам ойын іске асырудың алдын алған болар ек.

П.ИМАНОВА,

Қазығұрт АІІБ ЖПҚ

әйелдерді зорлық-зомбылықтан

қорғау тобының инспекторы,

полиция капитаны.