Жасөспірімдер құқық бұзбауы тиіс

Дүйсенбі, 16 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 147 рет

Комиссия

 

Өткен жұма күні аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында Қазығұрт ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Оған аудан әкімі, комиссия мүшелері, ауыл әкімдері, мектеп директорлары, мектеп басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімдері қатысты.

Комиссия отырысын оның төрағасы, аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов жүргізіп отырды.

Комиссия отырысының күн тәртібіне төмендегі екі мәселе ұсынылды.

Бірінші «05.09.2019 жылы Жаңабазар ауыл округіне қарасты М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде 8-сынып оқушысы Алихан Талғатұлы Махатайдың тосын жағдайда қайтыс болуы туралы» аудандық білім бөлімінің басшысы А.Үйсінбаев хабарлама жасады. Сонымен қоса, «Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын-алу бойынша» аудандық білім бөлімінің есебін берді.

Екінші мәселе, «Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу және аудан көлемінде түнгі рейдтер нәтижесімен аудандық полиция бөлімінің есебі туралы» аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі басшысы Е.Елтаев баяндама жасады.

Комиссия отырысына қатысқан аудан әкімі Т.Телғараев өзінің қорытынды сөзінде аудан көлемінде жасөспірімдер арасында әлі де болса құқық бұзушылық, ұсақ-түйек қылмыстарға баруы кездесетіні, тіпті, кейде жасөспірімдердің ата-аналар, мектеп ұжымдары тарапынан бақылаусыз қалып, түнгі мезгілде топ-топ болып көше кезіп жүрулері жиі болатыны жасырын емес.

Сондықтан, жасөспірімдер арасында құқық бұзудың алдын-алуға ата-анадан бастап, мектеп ұжымы, қоғамдық ұйымдар, полиция қызметкерлері бәріміз жауаптымыз. Солай екен, жасөспірім мәселесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Олардың жүріп-тұруы, бос уақыттарын қалай пайдалануы, жүрген ортасы бәрі-бәрі бақылауда болуы тиіс. Жасөспірімдердің құқық бұзуына барынша жол бермеуіміз керек.

М.Әуезов атындағы жалпы орта мектепте орын алған келеңсіз жағдай барлық азаматтарға, мектеп директорларына ой салып қана қоймай, ондай жағдайдың алдын алуды, жан-жақты қарастырып, қауіпсіздік шараларын қолға алу қажеттігін ұғындырды.

Комиссия отырысында күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылдап, бірқатар басшыларға арнайы тапсырмалар жүктеп, оның орындалу мерзімін көрсетті.

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ.